Жаңалықтар

Ризабек Айтмұхан Азия чемпионатының жартылай финалында

Ризабек Айтмұхан Азия чемпионатының жартылай финалында
Фото: Спортты дамыту дирекциясы 11.04.2024 13:42 485

Әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан Қырғызстан астанасы Бішкекте басталған күрестен Азия чемпионатының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, ұлттық құрама палуаны 97 кг дейінгі салмақтың ширек финалында өзбекстандық Махсұд Вейсаловты таза ұтты. Осыған дейін Ризабек алғашқы белдесуінде қырғыз палуаны Андрей Ароновты жеңген (6-0). Келесі қарсыласы - үндістандық бозкілем шебері болмақ.

Айта кетейік, Ризабек былтыр Астанада өткен сары құрлық чемпионатында күміс медаль алған. Финалда жапониялық спортшы Араш Йошидаға есе жіберген.

Еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан (97 кг) алғашқы белдесуінде қырғыз палуаны Андрей Ароновты жеңді (6-0). Бұдан бөлек тағы үш спортшымыз жарысты сәтті бастады. Мейіржан Әшіров (70 кг) Түрікменстан спортшысы Перман Хоммадовтан айласын асырды. Ал Санжар Мұхтар (65 кг) алғашқы айналымда Палестина палуанын мерзімінен бұрын ұтты. Мейрамбек Қартбай (57 кг) ширек финалда өзбекстандық Нодирбек Жұманазаровтың жолын кесіп, жартылай финалға жолдама алды.

Өкінішке қарай, 79 кг дейінгі салмақтағы биылғы ел чемпионы Азамат Өміржанов алғашқы айналымда Биамбадорж Енхбаярдан (Моңғолия) жеңіліп қалды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға