Жаңалықтар

Рим пiр тұта жаздаған адам

Едiл патша заманындағы бiлiмдi римдiктер Рим тарихының бастауында прототүркiлер тұрғандығын сезiнген сияқты.
30.06.2014 11:34 3000

Едiл патша заманындағы бiлiмдi римдiктер Рим тарихының бастауында прототүркiлер тұрғандығын сезiнген сияқты.

Олар Едiлге Марстың қылышын ғана сыйлап қойған жоқ, оны Марстың ұлы қылып та жiбере жаздады. Бұл қасиеттi қала тарихында Ромул мен Реммен бiр қатарда тұру деген сөз едi. Христиан дiнi кедергi жасамағанда, кiм бiледi, бiздiң Римнiң ұлы перзенттерiнiң бiрi Едiл туралы аңызға куә болуымыз да әбден мүмкiн едi-ау. Амал қанша. Кейiнiрек, Едiлдiң басынан бақ тайғаннан кейiн христиан дiнi, дәлiрек айтқанда, шiркеу ғұн көсемiн ұлықтайтын аңыз әңгiмелердiң бәрiне терiс мағына, солақай сипат берiп жiбердi. Нәтижесiнде, Едiл Марс пен ханшаның некесiнен емес, ит (негiзгi қасқыр болуы тиiс) пен ханшаның көңiлдестiгiнен дү­ниеге келген адам бейнелi, ит құлақты құбыжық болып шық­ты. Дегенмен аңыздың түпнұсқасында Ромул мен Рем­нiң дүниеге келуi туралы римдiк әфсана желiсi жатқан­­ды­ғын сырт көзден жасыру мүмкiн емес-тi.

Иә, Олжас Сүлейменов жазғандай Еуропаға Едiлдiң иттен туғандығы туралы аңызды ғұндар әкелген жоқ, оның көне римдiк, бәлкiм, этрускiлiк болып саналатын жергiлiктi көнекөз нұсқасы да бар едi. Оны бағзы бiр кездерi Римнiң негiзiн қалаған прототүркiлердiң мұра қылып қалдырғандығы да анық. Бiрақ, амал қанша, бұл кездерi Марстың орнын Исус Христос басып үлгерген болатын. Уақыт Христос туғаннан кейiнгi 450-жылдарды көрсетiп тұрды. Шаңырағы шайқала бастаған Рим болса христиан сенiмiнiң орталығы болып қалуға тырысып жатты. Себебi, алып империяның әлдебiр отар елiнде пайда болған адамзатты құтқарушы жайлы iлiм Рим когорталарын соғыссыз тiзе бүктiрген-дi.

Ал Христоспен жағаласуға Едiлдiң дайындығы да, тіпті ынтасы да жоқ едi. Өйткенi көшпелi түркiлердегi секiлдi онда да пайғамбарлық жайлы түсiнiктiң болмағандығы анық. Кiм бiледi, Иса жайлы әңгiменi естiген қайран Едiл қарқылдап күлген де болар-ау. «Оң бетiңнен ұрса, сол бетiңдi тос» деген қағиданы жүрегi бар қандай жан қабылдай қойсын.

Мiне, осылайша түбi бiр Марсқа табынушылық пен қасқыр тотемiнiң арасында өткел бермес асу болып христиан сенiмi жатты. Ал Едiл бастаған ғұндар бағзы бiр заманда Рим тарихында iз қалдырған прототүркiлердiң жаңғырығы сияқтанып өмiр мен тарих сахнасынан зыр етiп өте шықты. Олар Римнiң негiзiн бiр кездерi өздерi тектес халықтың қалағандығын бiлген де, оны бiлсек деп бас ауыртқан да жоқ.

Сөз соңы

«Римдiктер алдымен латын тiлiнiң шығу төркiнiн зерттеуге кiрiскенде олардың әлемдi жаулап алуға ешқандай да уақы­ты қалмаған болар едi». Немiс ақыны Генрих Гейне осылай жазады. Бiр ғасырдан аса уақыттан кейiн қазақ ақы­ны Олжас Сүлейменов те осы ыңғайлас пiкiрдi қайта­лай­­ды. Ақын «Сөз төркiнi» еңбегiнiң «Бастапқы грамматика» атты тарауында байырғы Алдыңғы Азия мен Жерорта теңiзi жағалауларындағы елдерде, яғни бүгiнгi Рим орналасқан Аппенин түбегiнде де түркiлер мен славяндардың ықпалы зор болғандығын айтады. Ал мұндай ықпалдың тарихта, жергiлiктi халықтардың сөздiк қорында, аңыздар мен әфсаналарында iз қалдырмауы мүмкiн емес-тi.

Ақын, сондай-ақ, түбекте алғаш рет 12 қала-мемлекеттен тұратын қуатты бiрлестiктiң (б.д.д. ҮII ғ.) негiзiн қалаған тайпалардың құрамында прототүркiлiк тайпалардың да болғандығын жоққа шығармайды. Тiптi, олардың бiрiнiң туында қасқыр бейнесi болған деген пiкiрдi де алға тартады. Иә, ақын аға айтқандай, Римнiң бiр кездегi елтаңбасы «қаншық қасқыр мен егiз ұл» деген мағынаны бiлдiретiн мынандай таңбалардан тұрған болуы ғажап емес:

Ол ол ма, ақын аға кейбiр бағзы этрус жазбаларын тiкелей түркi тiлiнiң көмегiне сүйенiп оқуды ұсынады. Иә, Аппенин түбегiнде бiр кездерi прототүркiлер дәуiрлеп тұрған. Оған мәңгiлiк Римнiң iргесiне қаланған тастар куә. Бiздiң ендiгi мiндет сол тастарды сөйлету болса керек.

1998 жыл

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға