Рим Папасының алдында өнер көрсетіп, Вена оркестріне қабылданған қазақ скрипкашысы кім?

Рим Папасының алдында өнер көрсетіп, Вена оркестріне қабылданған қазақ скрипкашысы кім?
Фото: Кейіпкердің мұрағатынан

Алматыда туып-өскен скрипкашы Ерасыл Хамит бүгінде Еуропаның беделді сахналарында өнер көрсетіп жүр. Зальцбург пен Венада білім алған музыкант халықаралық байқауларда топ жарып, Ватиканда Рим Папасы Францискке жеке концерттік бағдарламасын ұсынды. Ал биыл қыркүйектен бастап Вена радиосы симфониялық оркестрінің құрамында өнер көрсетеді. 27 тамызда Ерасыл туған қаласында алғаш рет үлкен концерт бермек. Осы орайда El.kz тілшісі музыкантпен оның өнерге келуі, шетелдегі өмірі, үлкен сахнадағы жауапкершілік пен музыкадан тыс қызығушылықтары туралы әңгімелесті.

Музыкаға әуесқой ретінде келген

Ерасылдың музыкадағы жолы бала кезінен басталған. Оның музыкалық қабілетін алғаш ата-анасы балабақшада жүрген кезінде байқапты. Алайда олар баласының болашағын кәсіби музыкамен байланыстыруды жоспарламаған.

Ата-анам музыкалық есту қабілетімді балабақшада жүргенімде байқап, мені әуесқой ретінде музыкалық мектепке берді. Шыны керек, олардың мені кәсіби музыкант қылғысы келмеді. Себебі бұл жолдың қаншалықты ауыр екенін білетін әрі қасымда отырып дайындалуға уақыттары да тапшы еді. Алайда мұғалімдерім бойымдағы талантты көріп, олардың табанды кеңесімен Санкт-Петербург консерваториясы жанындағы кәсіби музыка мектебіне түстім, – дейді Ерасыл.

Фото: Кейіпкердің мұрағатынан
Фото: Кейіпкердің мұрағатынан

Музыка біртіндеп оның өміріндегі өзге қызығушылықтарды ығыстыра бастаған. Бала күнінде ол таэквондо, футбол, кеме жасау, сурет салу секілді түрлі үйірмеге қатысқан. Бірақ кәсіби жолды таңдағаннан кейін бар назарын скрипкаға аударуға тура келді.

Музыкаға толықтай көңіл бөлу үшін олардың барлығын тастап, тек өнерге назар аудардым, – дейді ол.

13 жасынан өз бетінше өмір сүре бастады

Ерасыл жасөспірім кезінен туған үйінен жырақта білім алды. 13 жасынан Мәскеудегі интернатта тұрған. Кейін Еуропаға аттанғанда оның өмірінде мүлде басқа кезең басталды.

Мәскеуде тәрбиешілердің қарауында болдым, тұрмыстық мәселелерге қатты алаңдамайтынмын әрі демалыста үйге жиі барып тұратынмын. Ал Еуропада мүлдем жалғыз қалдым: басқа тіл, бөлек мәдениет, барлық тұрмыстық мәселені өзім шешуім керек болды. Оның үстіне екі жылдан кейін пандемия басталып, ата-анамды жарты жылдай көре алмадым, – дейді скрипкашы.

Музыканттың сөзінше, дәл осы кезең оны шыңдап, мүмкіндіктерді жіберіп алмауға үйреткен.

Бұл қиындықтар мені қайрай түсті. Тоқтамай еңбек етуге, кез келген мүмкіндікке ұмтылуға зор мотивация берді.

Еуропадағы тәжірибе оған кәсіби ортада таланттың өзі жеткіліксіз екенін де көрсеткен.

Төзімділік, табандылық пен тынымсыз еңбек қажет. Сонымен қатар араласа білу, өзіңді көрсете алу да өте маңызды. Музыка әлемінде тек шебер орындаушы болу жеткіліксіз. Айналаңмен тіл табыса білуің және тұлға ретінде кім екенің де үлкен рөл атқарады, – дейді Ерасыл.

«Дұрыс жолда екенімді адамдардың жанарынан сезінемін»

Ерасыл Хамит әлемнің бірқатар әйгілі концерт залдарында өнер көрсетті. 2025 жылы Испаниядағы CullerArts халықаралық скрипкашылар байқауында І орын иеленді. Сол жылдың қаңтарында Римдегі Палаццо делла Канчеллерия сарайында Рим Папасы Францискке жеке концерттік бағдарламасын ұсынды.

Фото: Кейіпкердің мұрағатынан
Фото: Кейіпкердің мұрағатынан

Алайдау мзыкант үшін кәсіби жолының құндылығы тек үлкен сахналар мен атақты есімдермен өлшенбейді.

Бұл сәттердің әрқайсысы ерекше әрі өзімді ары қарай дамытуға зор шабыт берді. Бірақ маған әйгілі залдарда немесе танымал тұлғалардың алдында өнер көрсету ғана емес, қайырымдылық концерттері де өте ыстық. Ауруханаларда, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтарда өнер көрсеттім. Музыканы тыңдап отырған жұртшылықтың шынайы қуанышы мен алғысқа толы жанарын көргенде, өзімнің дұрыс жолда келе жатқанымды терең сезінемін, – дейді ол.

«Қатты қобалжысам, демек жеткілікті дайындалмағанмын»

Үлкен сахна, жүздеген көрермен мен орындаушыға артылған жауапкершілікке қарамастан, Ерасыл бүгінде сахнадан қорықпайтынын айтады.

Қазіргі таңда бойымда сахналық қорқыныш атымен жоқ. Әрине, жинақы болуға көмектесетін жеңіл толқыныс болады, бірақ бұл қорқыныш емес. Егер қатты толқысам, демек жеткілікті түрде дайындалмағанмын деген сөз. Ал мұндай жағдайға жол бермеуге тырысамын. Ең бастысы – музыка туралы ойлап, оны тыңдарманға жеткізе білу. Кішігірім қателіктер бәрінде болады, ол қорқынышты емес, – дейді скрипкашы.

Ол әр концерттен кейін өз өнерін саралап, нені жақсартуға болатынын ой елегінен өткізеді. Дегенмен мінсіз орындауға деген ұмтылыс өзін жазғыруға айналмауы керек деп есептейді.

Өзімді жегідей жеп, жазаламаймын. Келесі жолы жақсырақ орындау үшін ойыма түртіп аламын. Мінсіздікке жету мүмкін емес, бірақ біз соған ұмтыла аламыз.

Венадағы жаңа кезең

2026 жылдың қыркүйегінен бастап Ерасыл Хамит Вена радиосы симфониялық оркестрінің құрамында өнер көрсетеді. Музыкант мұны кәсіби жолындағы жаңа кезең деп қабылдайды.

Бұл менің әлемдік деңгейдегі ұжымдағы алғашқы тәжірибем. Әріптестеріммен бірге сахна бөлісіп, олардан үйренуге, осы процестен ләззат алуға ниеттімін. Бұл – үлкен жолдың басы ғана, алда мені не күтіп тұрғанын уақыт көрсетеді, – дейді ол.

Фото: Кейіпкердің мұрағатынан
Фото: Кейіпкердің мұрағатынан

Ал оған дейін скрипкашы туған қаласы Алматыда өнер көрсетпек. Ерасыл үшін 27 тамыздағы кештің тағы бір ерекшелігі – бұл оның Қазақстандағы алғашқы үлкен концерті.

Туған жерім әрдайым өзіне тартып тұрады. Барлық туыстарым осында. Концертте оларды көру мен үшін зор бақыт, – дейді музыкант.

«Пьяццолла ішімдегі лаулаған отты оятады»

«Венадан Буэнос-Айреске дейін» атты концертте Ерасыл Хамит Almaty Festival Orchestra-мен бірге өнер көрсетеді. Оркестрге дирижер Ілияс Дүйсен жетекшілік етеді. Бағдарламаға Людвиг ван Бетховеннің скрипка мен оркестрге арналған концерті және Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» циклі енген.

Ерасыл үшін бұл екі композитор екі түрлі музыкалық әлемді ғана емес, өзінің де әртүрлі қырын көрсетеді.

Бетховеннің концертін орындағанда гениалды туындымен бетпе-бет келесің. Мұнда қиялға зор кеңістік пен түстердің кең палитрасы бар. Бұл – классикалық музыканың салтанаты мен ғажайып ұлылығының көрінісі. Ал Пьяццоллада менің ішкі эмоционалдық қуатым, ырғақ пен биге деген құштарлығым ашылады. Өмірде сабырлы адаммын, бірақ Пьяццолланың музыкасы ішімдегі лаулаған отты оятады, – дейді ол.

Скрипкадан тыс өмір

Ерасылдың өмірі тек концерт залдары мен дайындықтан тұрмайды. Бос уақытында ол спортпен айналысып, табиғат аясында демалғанды жақсы көреді.

Сёрфингті және жалпы қозғалыста болуды өте жақсы көремін. Өмір – үздіксіз қозғалыс. Уақыт табылса, мұхит жағалауына ұшып кетіп, табиғатпен оңаша қаламын. Күнделікті өмірде спортзалға барамын немесе жүгіремін. Сондай-ақ мұражайларға барып, суреттерді тамашалағанды ұнатамын. Кейде жартасқа өрмелеу, тауға шығу немесе керамика сияқты хоббилермен айналысамын. Әрине, достарыммен уақыт өткізгенді де қатты бағалаймын, – дейді музыкант.

Фото: Кейіпкердің мұрағатынан
Фото: Кейіпкердің мұрағатынан

Әлемнің әйгілі сахналарында өнер көрсету, халықаралық байқаулардағы жеңістер мен Венадағы жаңа мансаптық кезеңге қарамастан, Ерасыл бүгінгі жолындағы ең үлкен сыйды басқа нәрсемен байланыстырады.

Ең үлкен сыйлық – әрдайым мені қолдап, қуанышымды бөлісетін ата-анамның аман-саулығы. Олармен бірге туған қаламда, ата-мекенімде алғаш рет бір сахнада өнер көрсететінімізге шексіз қуаныштымын, – дейді Ерасыл Хамит.

Айта кетейік, «Венадан Буэнос-Айреске дейін» классикалық музыка кеші 27 тамыз күні сағат 18:00-де Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Еркеғали Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында өтеді. Кіру тегін.

Оқи отырыңыз