Жаңалықтар

Риддерге жаңа аурухана салу үшін 26,6 млрд теңге қажет

1939 жылы салынған ескі аурухана ғимараты заман талабына сай емес
Риддерге жаңа аурухана салу үшін 26,6 млрд теңге қажет
Фото: Ұлттық экономика министрлігі 04.03.2023 05:20 1269

Риддер қаласына жаңа аурухана салу үшін бюджеттен 26,6 млрд теңге қажет, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың Шығыс Қазақстан облысына сапары барысында белгілі болды.

Азаматтар әлеуметтік нысандар, спорт кешені, жалға берілетін тұрғын үй және мемлекеттік тілде оқытатын мектеп құрылысына қатысты мәселелерді көтерді.

Ведомство басшысы  министрлік бұл мәселелердің барлығын жергілікті атқарушы органдармен және мүдделі министрліктермен бірлесіп қарауға дайын екенін атап өтті. Мәселелер кезең-кезеңімен шешілетін болады.

Риддер – дамып келе жатқан моноқалалардың бірі. Ол өзінің географиялық орналасуымен ерекше. Потенциалы үлкен. Адами капиталдың сапасы жоғары. Еліміздің өңірлік дамуына жауапты Ұлттық экономика министрлігі моноқалаларды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Инженерлік және көліктік инфрақұрылымды жаңғыртуға, сондай-ақ моноқалалардағы халықтың өмір сүру деңгейіне ерекше назар аударылуда, - деді министр.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, Риддер қаласында спорт нысанын салу үшін бекітілген құжаттама бар. Қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде қолдау қажет. Бюджеттік өтінім жіберіледі.

Мектепке келсек, «Шаңыраққа» 60 млн теңге бөлдік. Бұл 590 орындық мектеп. Әлі де 160 орын бар. Биыл 600 орындық жаңа мектеп аштық, оның 300-і қазақ тілінде. Жаңа мектептің құрылысын бастап жатырмыз, ол қазақ тілді болады. Қазірдің өзінде қажеттілікті жауып отырмыз. Одан әрі де даму динамикасын сақтаймыз, - деді өңір басшысы.  

Сонымен қатар Риддерде ҰЭМ басшысы ауысымына 500 келушіге арналған 140 төсектік көпсалалы аурухана кешенінің құрылысымен танысты. Ескі аурухана ғимараты 1939 жылы салынғандықтан, қазіргі заман талабына сай емес. Жалпы сметалық құны 26,6 млрд теңге. Жобаны аяқтау үшін республикалық бюджеттен қаржыландыру қажет. Бұл мәселе тиісті ведомстволармен пысықталатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға