«Рианнаға ұлттық нақышта образ жасағым келеді»: қазақы стильмен таңғалдырған дизайнер

 коллаж El.kz
Фото: коллаж El.kz

Соңғы жылдары ұлттық нақыштағы сәнге қызығушылық артып, қазақы стиль жаңа қырынан таныла бастады. Осы бағытта өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған дизайнерлердің бірі – «Қазақстан Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі», қарағандылық көпбалалы ана Айжан Наукенова. Ол дәстүрлі өрнектер мен заманауи сән үрдістерін үйлестіріп, ерекше әшекейлер мен образдар жасап келеді. Оның көпшіліктің назарын аударған жұмыстарының қатарында әнші Моттың жұбайы Мария Мельниковаға әзірлеген образы да бар. Осы орайда дизайнермен оның шығармашылық жолы, шетелдік аудиторияның қазақы стильге қызығушылығы және ұлттық сәннің болашағы туралы сөйлестік.

«Колхозный вариант» деп санады»

Айжан Наукенова сән әлеміне бірден келген жоқ. Оның шығармашылық жолы декреттік демалыс кезінде басталған.

Бес баланың анасы сол кезеңде өзін жаңа қырынан танып, бала күнгі қызығушылығын кәсіпке айналдыруға бел буғанын айтады.

Осы декрет уақытында үйде отырып, өз-өзімді табуым керек деген мақсатпен шығармашылыққа келдім. Бала кезімнен сурет салуға жақын едім. Кейін 2015 жылы небәрі 500 теңгеге алғашқы тастарды сатып алып, бұл іске қызығушылығым оянды, – дейді дизайнер.

Алғашында қызығушылық ретінде басталған іс уақыт өте келе өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ал 2021 жылдан бастап ол ұлттық нақыштағы әшекейлер мен образдарды кәсіби түрде әзірлеуге ден қойған. 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Nauken Aizhan 🇰🇿 (@aruka.brandkz)

Алайда бүгінде сұранысқа ие бағытқа айналған этностиль сол кезде көпшіліктің қызығушылығын тудыра қоймаған.

Мен бұл істі алғаш бастағанда ұлттық ою-өрнектер мен қазақ нақышындағы зергерлік бұйымдарды заманауи стильде шығаруға ешкім қызықпайтын, тіпті көбісі оны «колхозный вариант» деп санады. Соған қарамастан алған бетімнен қайтпай, өз идеяма сеніп, ары қарай жалғастырдым және бүгінгі күнге дейін осы сүйікті ісіммен айналысып келемін, – дейді ол.

Қайталанбас туындылардың авторы

Айжан Наукенова үшін әшекей жасау – жай ғана қолөнер емес. Ол әр туындысын қайталанбас дүние ретінде қабылдайды. Сондықтан дизайнер дайын үлгілерді көшіріп жасаудан бас тартады.

Негізі әрбір әшекейім мен үшін ерекше. Өйткені олардың барлығы авторлық идея мен шабыттың нәтижесі. Мен ешкімнің жұмысын қайталамаймын, тіпті тапсырыс берушілер белгілі бір бұйымды көшіріп жасауды сұраса да, одан бас тартамын. Себебі әр туындымның өзіндік ерекшелігі, өз тарихы бар, – дейді ол.

Дизайнердің айтуынша, жаңа идея күтпеген жерден келуі мүмкін.

Кейде сурет салып отырғанда, кейде күнделікті өмірден байқалған бір детальдан жаңа идея туады. Ал кейде саяхаттан алған әсерім шабыт сыйлайды, – дейді Айжан.

Осындай жұмыстардың бірі – Дубайға сапары алдында жасаған темір бас әшекейі. Шебер бұл туындыны кейін шетелдік аудитория арасында ең көп сұранысқа ие жұмыстардың бірі болғанын айтады.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Дубай сапарының алдында темір бас әшекейін жасап шығып, сол жақта керемет фотосессия ұйымдастырдым. Ол туынды да өз уақытында көпшіліктің қызығушылығын тудырып, әлі күнге дейін сұранысқа ие, – дейді дизайнер.

Оның айтуынша, қазақы нақыштағы ерекше әшекейлерге шетелдік тапсырыс берушілер де жиі қызығушылық танытады.

Әсіресе шетелдік қыздар жеткізу құнының қымбаттығына қарамастан зор ықыласпен тапсырыс береді, – дейді ол.

Соңғы уақытта Айжан ұлттық сәннің тарихи негізіне де көбірек үңіле бастаған.

Шынымды айтсам, мен бұған дейін тарихи деректерге аса қатты сүйеніп жұмыс істеген жоқпын. Бұл бағытқа енді ғана мән беріп, зерттей бастадым. Мен көбіне шығармашылық қиялыма, түстердің үйлесіміне сүйенемін. Кейде белгілі бір адамның болмысын көріп, соған арнап дүние жасағым келеді, – дейді ол.

Дизайнердің пікірінше, ұлттық нақыштағы сән тек ою-өрнекпен шектелмеуі керек. Оның артында тарих пен мазмұн тұрған кезде ғана мұндай жұмыстардың құндылығы арта түседі.

Жалпы шығармашылық жолда жүргенімде бір ұққаным – тарихымызға сүйеніп, жақсы дүниелер жасау керек, – дейді Айжан.

Мария Мельникованың назарына қалай ілікті

Биыл мамыр айында әнші Мот Астанада концерт берді. Кеш барысында көпшіліктің назарын жұбайы Мария Мельникованың ерекше образы аударды. Ұлттық нақыштағы әшекей мен киім үлгісі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік оның авторына қызығушылық танытты. Бұл образды Айжан Наукенова әзірлеген.

Дизайнердің айтуынша, Мария оның жұмыстарын Pinterest платформасынан байқап, ерекше қызығушылық танытқан.

Мария менің туындыларымды танымал Pinterest платформасынан көріп, қызығушылық танытуынан басталды. Оның үстіне, біз бұған дейін бір стилистпен бірлесіп жұмыс істеген едік, ал ол кісі Марияның да стилисі болып шықты. Мария өз стилисінен «Вика, бұл қызды қайдан табуға болады?» деп сұрап, мені іздестірген екен. Кейін Instagram арқылы байланысқа шықты. Мария менің дайын жұмысымды көрген сәтте-ақ ғашық болып, бірден тапсырыс берді, – дейді дизайнер.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Көпшіліктің назарын аударған бас әшекей арнайы осы концерт үшін жасалмаған. Бұл – Айжанның бірнеше жыл бұрын дүниеге келген авторлық жұмыстарының бірі.

Ол менің авторлық жұмысым. Оны шамамен үш жыл бұрын жасағанмын. Бір күні шеберлік үстелімде отырып, алдымдағы түрлі-түсті жарқыраған тастарды көріп, ішкі шабытыма сүйеніп жасаған едім, – дейді ол.

Мария Мельникова әшекейді алғаш көрген сәттен-ақ ерекше әсер алған.

Реакциясы өте керемет болды. Әшекейді көрген сәтте бірден ғашық болып, маған ең жылы сөздерін арнап, тілек айтты. Арнайы фотосессия жасап, TikTok-қа неше түрлі әдемі видеолар түсірді, – дейді дизайнер.

Қазақы әшекейлерге шетелдіктердің қызығушылығы жоғары

Айжан Наукенованың ұлттық нақыштағы авторлық әшекейлеріне шетелдік арулар да жиі тапсырыс береді.

Шетелдік қыздар менің жұмыстарыма әрқашан үлкен қызығушылық танытады, – дейді ол.

Оның айтуынша, әр елден келетін тапсырыстардың ішінде ерекше есте қалғандары да бар. Мәселен, АҚШ-та тұратын клиенттердің бірінен ауқымды тапсырыс қабылдап, бірнеше бұйым дайындаған.

Америкадағы бір арудан өте үлкен тапсырыс қабылдап, жасап бергенім есімде, – дейді дизайнер.

Айжан ұлттық нақыштағы әшекейлерге деген қызығушылықтың артуына әлеуметтік желілердің де әсері бар екенін айтады. Оның жұмыстары түрлі елдегі сәнсүйер қауымның назарын аударып, жаңа аудиторияға жол ашқан.

Осы уақытқа дейін әлеуметтік желіде көп қаралым жинаған рилстарым, трендке шыққан видеоларым болды. Соның арқасында қазақстандықтар ғана емес, шетелдік арулар да жұмыстарыммен танысып, тұрақты түрде тапсырыс бере бастады, – дейді ол.

«Бірнеше рет Миланда өтетін сән көрсетілімдеріне шақырды»

Дизайнер соңғы жылдары ұлттық стильге деген қызығушылықтың артқанын байқайды. Оның пікірінше, қазақы нақыштағы киім мен әшекейлердің болашағы зор.

Қазақстанда ұлттық сән индустриясы қазірден бастап өте жақсы дамып келе жатыр. Алайда сәнге деген қолдау өте аз, – дейді ол.

Айжан ұлттық сәнді халықаралық деңгейге шығаруда әлеуметтік желілердің рөлі маңызды екенін айтады.

Қазақы стильдегі киімдер мен әшекейлерді әлемдік нарыққа шығару үшін ең алдымен әлеуметтік желілерді, әсіресе Instagram мен TikTok платформаларын тиімді пайдалану қажет деп ойлаймын. Қазіргі таңда ағылшын тілін меңгерудің де маңызы зор. Өзім де кейде жазбаларымды ағылшын тілінде жариялаймын, – дейді дизайнер.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Nauken Aizhan 🇰🇿 (@aruka.brandkz)

Оның айтуынша, халықаралық сән көрсетілімдеріне қатысуға мүмкіндік болғанымен, қаржылық мәселе кедергі келтіреді.

Мені бірнеше рет Миланда өтетін сән көрсетілімдеріне шақырды. Алайда оған қатысу үшін қомақты қаражат қажет. Еуромен есептегенде шығын өте көп болғандықтан, кейде шақыртулардан бас тартуға тура келеді, – дейді ол.

Дизайнер мемлекет тарапынан қолдау болса, қазақы стильдегі брендтерді әлемге кеңінен танытуға мүмкіндік арта түсетініне сенімді.

Егер мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қаржылай көмек берілсе, қазақы стильдегі киімдер мен әшекейлерді шетелде кеңінен танытуға мүмкіндік артар еді. Неге қазақ дизайнерлерінің қатысуымен халықаралық сән көрсетілімдерін ұйымдастырмасқа? – дейді ол.

Рианнаға қазақы образ жасағысы келеді

Айжан Наукенованың айтуынша, оның жұмыстарына шетелдік аудитория ғана емес, әлемге танымал тұлғалар да назар аударып жатады.

Шетел жұлдыздары кейде лайк басып, пікір білдіріп жатады, – дейді дизайнер.

Ал өзіне ұнайтын әлемдік жұлдыздардың ішінде дизайнер Рианнаны ерекше атайды.

Рианна – бала кезден бері тыңдап келе жатқан сүйікті әншілерімнің бірі. Мүмкіндік болса, оған қазақы нақыштағы ерекше образ дайындар едім, – дейді ол.

Арманы – мектеп мен шеберхана ашу

Айжан Наукенова көптеген әйелге қолөнердің қыр-сырын үйретіп, өз кәсібін бастауға жол көрсетіп келеді.

Көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар адамдарға бұрын тегін сабақтар беріп, жеңілдік жасайтынмын. 50-60 мыңдай әйелді мен осылай үйреттім, ал ақылы бағдарламаларымнан 40-50 мыңдай қыз-келіншек өтті. Одан бөлек тегін үйреткен кездер де болған, – дейді ол.

Дизайнердің айтуынша, алдағы уақытта жүзеге асырғысы келетін ең үлкен мақсаттарының бірі – жеке шығармашылық кеңістігін қалыптастыру.

Болашақта өз мектебім мен шеберханамды ашқым келеді, – дейді Айжан.

Ол бұл жерде тек әшекей жасауды үйретіп қана қоймай, шығармашылыққа қызығатын жандардың басын қосатын орта қалыптастыруды армандайды.

Оқи отырыңыз