Жаңалықтар

Рецептпен берілетін дәрілерді QR-код арқылы алуға болады – Бейбіт Есенбаев

Рецептпен берілетін дәрілерді QR-код арқылы алуға болады – Бейбіт Есенбаев
Фото: © iStock 02.05.2023 16:27 714

Енді тегін рецепт берілетін азаматтар дәрілік заттарды eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы ала алады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев айтты.

Вице-министр мұның қалай жүзеге асатынын түсіндіріп берді.

Денсаулық сақтау министрлігі Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде дәрілік заттарды беру бөлігінде «әлеуметтік әмиян» жобасын іске асыруда. Азаматқа рецепт жазылады және ол eGov mobile-да қолжетімді. Содан кейін пациент емханадағы дәріханаға барады және QR-кодын ұсынады. Фармацевт ақпаратты қолмен енгізудің орнына QR-кодын сканерлеп, рецепт бойынша дәрі береді. Пилоттық жоба Астана қаласының емханаларында іске қосылды. Осыған байланысты азаматтарды осы сервисті пайдалануға шақырамыз, - деді ол.

Вице-министрдің сөзінше, биыл басқа өңірлерде де пилотты кеңейту жоспарлануда. Сондай-ақ ол бұл іс-шаралар дәрігерлер жүктемесін азайту, науқастардың уақытын үнемдеу мақсатында жасалып отырғанын айтты.

Мемлекет басшысы ақпараттандырудың төмен деңгейін атап өтті. Бұл медицина қызметкерлерінің жүктемесі айтарлықтай артуына әкелді. Шынында да, бүгінде дәрігер бір уақытта бірнеше жүйеде жұмыс істеуі керек. Пациент өзінің жеке медициналық деректеріне толық қол жеткізе алмайды. Бірыңғай деректер қоймасын құру және денсаулық сақтау жұмысын оңтайландыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп eDensaulyq-қа толық көшу және дәрілік қамтамасыз ету түрлерін толыққанды қадағалауды құру туралы шешім қабылдады. еDensaulyq – Қазақстан Республикасының азаматтары бойынша барлық негізгі деректер шоғырланатын эталон, - деді вице-министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға