Жаңалықтар

Республикалық студенттік театрлар фестивалінің жеңімпаздары марапатталды

Фестивальді ЕҰУ «Шаңырақ» студенттік театры екінші мәрте ұйымдастырды
Республикалық студенттік театрлар фестивалінің жеңімпаздары марапатталды
02.12.2022 21:00 815
Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында өткен байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 11 театр ұжымы қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
 
Фестивальді ЕҰУ «Шаңырақ» студенттік театры екінші мәрте ұйымдастырды. Оның мақсаты – жастар шығармашылығын қолдау, студенттік театрларды насихаттау, университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
 
«Университеттің негізгі миссиясы – білім беру, ғылыммен айналысу, сондай-ақ Абайдың іліміне сәйкес толық адамды қалыптастыру. Осы бағытта дарынды, жан-жақты дамыған азаматтардың қалыптасуына ықпал ететін студенттік шығармашылық ұжымдардың рөлі зор. Біздің университетте жастардың шығармашылық дамуына барлық жағдай жасалған. 80-нен астам студенттік клуб жұмыс істейді. Біз студенттік ұжымдардың халықаралық байқаулардағы жеңістерін мақтан тұтамыз», – деді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
 
Фестиваль қорытындысы бойынша бірінші орынды Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Мұрагер» студенттік театры иеленді. Екінші орын М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің «SINTEZ» театрына бұйырды. Үшінші орынды Тұран университетінің «TeART Turan» шығармашылық тобы жеңіп алды.
 
Бірінші орын үшін жеңімпаздар 300 000 теңге, екінші орын үшін – 200 000 теңге, үшінші орын үшін – 100 000 теңге көлемінде ақшалай сертификат алды.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға