Елорда маңындағы «Қазанат» атшабарында 7 маусым күні республикалық бәйге өтеді. Жарыс Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылады. Әуелде уақыты 11:00-ге бекітілгенімен, ауа райы қолайсыздығына байланысты 17:00-ге ауысты.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, дүбірлі доданың салтанатты ашылуы 7 маусым күні кешкі сағат 17:00-де өтеді. Ашылу рәсімінен кейін бәйге жарыстары кезең-кезеңімен жалғасады.
Бәйге жарысының бас төрешісі Нұрлыбек Мұхамедияровтың айтуынша, уақыттың өзгеруі ауа райының күрт ысуына байланысты қабылданған.
– Ұлттық рухты асқақтататын дүбірлі бәйгенің ашылу салтанатын 7 маусым күні сағат 17:00-ге ауыстырдық. Бұл шешім ат иелері мен ұйымдастырушылардың келісімі негізінде қабылданды. Себебі сол күні ауа температурасы +35…+38 градусқа дейін көтеріледі деп болжанып отыр. Біз үшін ең бастысы – шабандоздардың, сәйгүліктердің және көрермендердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету. Елорда тұрғындары мен қала қонақтарын ұлттық спорт мерекесіне қатысып, қазақ халқының төл мұрасы – бәйгенің қызығын тамашалауға шақырамыз, – деді ол.
Сарыарқаның сайын даласын дүбірге бөлейтін жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен келген таңдаулы тұлпарлар мен тәжірибелі шабандоздар үш қашықтық бойынша бақ сынайды.
- 9 шақырымдық «Құнан» бәйге,
- 16 шақырымдық «Топ» бәйге,
- 25 шақырымдық «Аламан» бәйге
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйақылармен қатар 1 бөлмелі пәтер және екі бірдей «Changan» автокөлігі табысталады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жүйрік тұлпарлар мен шабандоздарды тіркеу онлайн форматта жүргізіліп жатыр. Ал офлайн тіркеу 6 маусым күні «Қазанат» атшабарында сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін өтеді.
Қатысу жарналары:
- «Аламан» бәйге – 70 мың теңге;
«Топ» бәйге – 50 мың теңге;
«Құнан» бәйге – 30 мың теңге
Жиналған қаражат толықтай қайырымдылық мақсаттарға жұмсалады.
Атшабарға қалай жетеміз?
Мерекелік бәйге жарысына көрермендер үшін кіру тегін. «Қазанат» атшабарына LRT желісі арқылы, сондай-ақ №37, 42, 302, 303, 320, 323 және 501 қоғамдық көліктерімен жетуге болады.
Айта кетейік, республикалық бәйге жарысы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, Республикалық бәйге федерациясы, Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясы, «NAK» құрылыс компаниясы және қалалық спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтеді.