Жаңалықтар

Ресейде Роза Бағланованың 100 жылдығына орай іс-шаралар өтіп жатыр

Ресей астанасы Мәскеу қаласында фотокөрме ашылып, мерекелік концерт өтті
Ресейде Роза Бағланованың 100 жылдығына орай іс-шаралар өтіп жатыр
Фото: gov.kz 14.09.2022 16:37 1453

Биыл әлемге әйгілі әнші Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Айтулы күн аясында ауқымды іс — шаралар-концерттер, көрмелер, оған арналған фильмдердің таныстырылымы мен көрсетілімі т.б. көрермен назарына ұсынылып келеді. Халықтың сүйікті әншісінің мерейтойы Ресейде де тойланып жатыр. Ресей астанасы Мәскеу қаласында фотокөрме ашылып, мерекелік концерт өтті. Іс-шараға Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, зиялы қауым мен қазақ диаспорасының өкілдері қатысты, деп хабарлайды El.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Осындай ірі іс-шаралар Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де өткізіліп жатқаны қуантады. Мұндағы фотосуреттердің әрқайсысы Роза Бағланованың мағыналы өмірінің жарқын сәттерін ғана емес, сонымен бірге бүкіл дәуірдің өрлеуін де бейнелейді», — деді министр Дәурен Абаев ХШЖК-де көрменің ашылуы аясында.

Фотокөрмеде артистің өмірі мен шығармашылығының әртүрлі қырын танытатын 30-дан астам бірегей фотосурет қойылған. Көрме 7 бөлімнен тұрады: «Бірінші Роза», «Соғыс жылдарындағы ерлік пен даңқ», «Шығармашылық шыңы», «Әр ән — жауһар», «Бүкіл әлемді жаулап алған Роза», «Қоғамдық-саяси қызмет» және «Халық сүйіспеншілігіне бөленген жарқын өмір».

Дәурен Абаевтың айтуынша, әншінің 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енген, ал қазан айында ұйымның штаб-пәтерінде Р.Бағланованың құрметіне үлкен концерт жоспарланған. Сондай-ақ, қараша айында Қазақстан астанасында халықаралық вокалистер байқауы өтеді.

«Роза Бағланова - дәуір символы және халықтың сүйіктісі. Қазалы өңірінен шыққан тума таланттың қазақ халқының музыкасы мен Қазақстан композиторларының шығармашылығын елімізден тысқары жерлерге танымал етуге және танытуға қосқан зор үлесін айтпай кету мүмкін емес. Роза Бағланова Ұлы Отан соғысы жылдарында концерттік бригада құрамында қызыл армия жауынгерлерінің алдында ән айтып, майдан даласынан жараланғандарды алып шықты. Бейбіт уақытта да Роза Тәжібайқызы бүкіл әлемге концерттермен өнер көрсетті, қоғамдық істермен белсенді айналысты, қайырымдылық шараларына қатысты», — деп атап өтті Дәурен Абаев мерекелік концертте.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға