Жаңалықтар

Ресей президенті – барлық саладан жан-жақты хабардар әрі білікті тұлға – Тоқаев

Ресей президенті – барлық саладан жан-жақты хабардар әрі білікті тұлға – Тоқаев
Фото: Akorda.kz 08.11.2023 09:26 580

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» газетіне сұхбатында Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастардың дамуына баға берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Владимир Владимирович Путинмен кездесуіміз тұрақты сипат алып келеді. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастардың мән-мазмұны бай әрі жоғары деңгейде екенін айқын көрсетеді. Екіжақты кездесулерде немесе интеграциялық бірлестіктер аясындағы көпжақты келіссөздерде болсын, талқылайтын мәселе жеткілікті. Ресей президенті – барлық саладан жан-жақты хабардар әрі білікті тұлға. Оның жаһандық және өңірлік процестерге көзқарасы көп жағдайда қазіргі әлемдік ахуалға ықпал етеді, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы сонымен қатар екі елдің достық қарым-қатынасы тереңде жатқанын да тілге тиек етті.

Өзіңізге мәлім, биыл ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толады. Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достықтың тарихы тереңде жатыр, ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Дегенмен 2013 жылы қол қойылған мемлекетаралық шарттың символдық мәні зор. Өйткені бұл қазақ-орыс байланыстарының келешегіне жол ашады. Елдеріміз арасындағы тату көршілік және одақтастық қатынастарға негізделген ынтымақтастықтың тарихы бай және болашағы жарқын деп бағалаймын, - деді президент.

Бұдан бөлек алдағы кездесуде қандай мәселелер талқыланатынын да айтып өтті.

Ресей Президентімен Астанада өтетін алдағы кездесудің күн тәртібі өте ауқымды. Біз екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелерін жан-жақты талқылаймыз деп жоспарлап отырмыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы байланыстардың аспектілерін де қарастырамыз. Әлемдегі ахуалдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасамыз, - деп түйіндеді сөзін Тоқаев. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға