Әлеуметтік желідегі контенті бақылау күшейеді. Мемлекеттік органдар мұны жалған ақпараттың жиі тарауымен байланыстырып отыр. Енді жазба, пікір, тіпті репост үшін айыппұл арқалауыңыз мүмкін.
Tengrinews.kz порталының ақпараты бойынша, аноним автордың жазбасы да тексеріліп, зертеледі. Мысалы, Threads-те аноним автор армияда өзіне командир тарапынан сексуалды зорлық көрсетілгені туралы жазба жариялады. Бұл жазба қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жүздеген қазақстандық авторды қолдап, тіпті оның елден кетуіне көмектесу үшін ақша аударды. Себебі ол өзін қудалап жатқанын және өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, көмек сұрады.
Алайда оқиға мүлде басқаша болып шықты. Бір қолданушы полицияға автордың үстінен шағымданып, арыз түсіреді. Алдымен, полиция қызметкерлері жазбада көрсетілген шотты тексеріп, иесін анықтайды. Сөйтіп, шот 17 жастағы жасөспірімге тиесілі екені әшкере болады. Артынша, жазбаның авторын табады. Қызығы сол, резонанс тудырған жазбаның авторы ешқашан әскерде болмаған, 23 жастағы жігіт екен.
Сонымен, оның үстінен жалған ақпарат тарату және алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалып, уақытша тергеу изоляторына қамалады. Бұдан шығатын қорытынды, интернетте бүркеншік атпен ұзақ «өмір» сүре алмайсың. Өйткені заманауи технология арқылы әпсәтте жазба қайда, қашан жарияланғанын табуға болады. Салдарынан жалған ақпарат таратқан адам да, оны бөліскен қолданушы да жазаға тартылуы мүмкін.
Жалған ақпаратты қалай анықтаймыз?
Осындайда «жалған ақпарат деген не?» дейтін сұрақ қояды. Мәдениет және ақапарат министрлігінің мәліметінше, шындыққа жанаспайтын, фактілерді бұрмалайтын, кез келген тұлға, оқиға не құбылыс туралы қате түсінік қалыптастыратын мәлімет.
Желіде осы сияқты құқықбұзушылық анықталған жағдайда қолданушы контентті өшіреді. Ары қарай органдар шешім шығарады. Сондай-ақ жазбаны бөлісіп, репост жасау, чаттар мен мессенджерде тарату – қылмысқа ортақ болу деп есептеледі. Ақпаратты үшінші тұлғаға жеткізетін кез келген әрекет жалған ақпаратты тарату болып есептеледі. Сәйкесінше, тұлға жауапкершілікке тартылады. Сондықтан тексерілмеген ақпаратты таратып, пікір жазып, лайк басуға асықпаңыз.
Иә, лайк басып, реакция қалдыру ақпаратты таратуға жатпайды. Бірақ жазба астына пікір жазу жеке мәлімдеме ретінде қарастырылып, жауапкершілік жүктелуі мүмкін.
Желідегі жазбаға жаза бар
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабына сәйкес:
- жеке тұлғаларға — 20 АЕК (биыл 86 500 теңге);
- шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға — 30 АЕК (129 750 теңге);
- орта бизнеске — 50 АЕК (216 250 теңге);
- ірі бизнеске — 100 АЕК (432 500 теңге).
Қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма?
Егер адам жалған ақпаратты әдейі таратса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Автор ақпараттық жалған екенін біле тұра, таратса, тиісінше жазасын алады. Мысалы, алауыздық, билікті басып алуға шақыру, жаппай тәртіпсіздікке үндеу, мемлекеттік құпияны немесе тыйым салынған ақпаратты таратқан адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндайда Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша кей жағдайда айыппұл салынса, кейде бас бостандығынан айыру жазасы да тағайындалуы мүмкін.
Жауапкершілік түрі құқық бұзушылықтың ауырлығына және салдарына байланысты анықталады.
Айыппұл арқаламау үшін не істеу керек?
Аңдамай опық жемеу үшін цифрлық гигиена ережесін сақтаған дұрыс. Ақпаратты ресми дереккөзден тексеріңіз. Бірнеше дереккөзді салыстырып, жарияланған уақытына назар аударыңыз. Эмоциялық және арандатушылық жазбаға сыни көзбен қараңыз. Күмәнді контентті таратпаңыз. Жеке деректерді үшінші тұлғаға бермеңіз. Медиакеңістіктегі әр ақпаратты оқығанда салқынқанды болуды ұмытпаңыз. Өйткені интернеттегі кез келген әрекеттің соңы құрдымға әкелуі мүмкін.