Рекордтық көрсеткіш: алты жылда мыңнан аса жаңа мектеп бой көтерді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, теңдессіз жаңа үлгідегі мектептер салынуда. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Ұлттық жоба – білім беру жүйесінде тың әрі ауқымды инфрақұрылымдық бастаманы іске асырудың нәтижесі. Осы орайда мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында елімізде соңғы алты жылда 1 млн-нан аса оқушыға арналған 1000-нан аса мектеп салынды. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Атаулы жаңа жобамен салынып жатқан мектептер осы ауқымды стратегиялық бастаманың маңызды бөлігі, - деді Ғани Бейсембаев.
Министрдің сөзінше, бұл – жай ғана мектеп ғимараттары емес, ұлт болашағы өсіп шығатын киелі білім ордалары.
Сондықтан ұлттық жоба аясында қалыптасатын білім ұйымдары «Келешек мектептері» аталатын болады. Бұл ұсынысымыз ұрпағының келешегіне бейжай қарамайтын азаматтар тарапынан қолдау табады деп сенеміз, - деді Ғани Бейсембаев.
