Жаңалықтар

Рақымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы атап өтіледі

Рақымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы атап өтіледі
Фото: © El.kz 16.01.2024 13:02 1558

Биыл Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев пен армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы атап өтіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев ОКҚ брифингінде батырлардың 100 жылдығына арналған іс-шаралар туралы айтып берді.

25 мамырда кеңес одағының батыры, Халық қаһарманы тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толады. Осы күнге орай батырдың туған жері Ақкөл қаласында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы алаңға Қорғаныс министрлігі ескерткіш орнатады. Ақмола облысының әкімдігі алаңды абаттандырады.

Еліміздің бас қаласында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы көшеге ескерткіш дайындау және оны орнату жұмыстарын елорда әкімдігі ұйымдастырады.

Құрлық әскерлерінің әскери институтында курсанттардың өмірінен сыр шертетін «Әскери ант» телехикаясының түсірілімі аяқталды. Онда Отан алдындағы борыш, ар-намыс, жауапкершілік және сүйіспеншілік тақырыбы ашылады. Отандық телеарна экранында 2024 жылдың 7 мамырында оның тұсаукесері өтеді, – деді департамент бастығы.

Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің өмірі мен қызметі туралы деректі фильмді республикалық телеарналарда көрсету жоспарланған.

Тілеухан Басқожаевтың сөзінше, ҚР Қарулы күштері ардагерлерінің баспа басылымдарына сұхбаттары, очерктері мен естеліктері жарияланып, телесюжеттер мен деректі фильмдер теледидардан көрсетіледі және әлеуметтік желілерге шығару үшін видеороликтер дайындалып жатыр.

Қорғаныс министрлігі тақырыптық баннерлер, билбордтар жасау үшін логотип дайындап, жергілікті атқарушы органдарға жіберді. Одан басқа Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген пошта маркасы да шығарылады, - деді Басқожаев.

Биыл маусым айында Алматыда Құрлық әскерлері әскери институтының «Әли» оқу-жаттығу орталығында армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді. Оған қатысуға ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің, сондай-ақ Әзербайжан мен Өзбекстанның командалары шақырылған.

Қазақстанның 10 қаласында ҚР Қарулы күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи музейі «Халық жүрегіндегі қаһарман» атты көшпелі көрмелер өткізеді.

1924 жылғы 19 қазанда туған Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығын мерекелеу бойынша бірқатар ауқымды іс-шара жоспарланған. Барлық гарнизонда әскери қызметшілердің, Қарулы күштер ардагерлерінің, әскери-патриоттық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен кездесулер, дөңгелек үстелдер, акциялар, челлендждер өтеді, – деді Тілеухан Басқожаев.

Іс-шаралар биылғы жылдың 17 қаңтарында Алматыдағы Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік музейінде басталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға