Рамазан Бутантаев: Лингвистика – логика мен түйсікті қажет ететін сала

Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасы — APLO-2025 өз мәресіне жетті. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биылғы зияткерлік додада Қытай, Австралия, Гонконг, Жапония, Малайзия, Иран, Корея, Сингапур, Таиланд сынды мемлекеттерден 500-ге жуық дарынды оқушы бақ сынады. Тартысты бәсекеде Қазақстан құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізіп, 5 медаль мен 3 Құрмет грамотасын иеленді. Ел намысын қорғаған оқушылардың арасынан Маңғыстау облысындағы IT-лицейдің 10-сынып оқушысы Рамазан Бутантаев өзгелерден оза шауып, абсолютті жеңімпаз атанды.
Бүгін біз алтын медаль иегерімен арнайы сұхбаттасып, оның дайындық барысы, лингвистикаға деген ерекше қызығушылығы және болашаққа құрған жоспарлары туралы білдік.
El.kz: Рамазан, жеңісіңізбен құттықтаймыз! Олимпиада нәтижесін алғаш естіген сәттегі сезіміңіз қандай болды?
Рамазан Бутантаев: Құттықтауыңызға көп рақмет. Алғашқы эмоцияларым туралы айтсам, ең алдымен өз нәтижеме сенбей қалдым. Бұл бір әзіл сияқты көрінді. Бірақ кейін шын екеніне көзім жеткен соң, әрине, қуандым. Ішімнен дәл осындай нәтиже көрсетіп, бірінші орынды алуыма мүмкіндігім бар екенін сездім, бірақ толық сенімді болмадым.
El.kz: Қай тапсырма ең қиын, қайсысы қызықты болды?
Рамазан Бутантаев: Маған ең қиын тапсырма — екпінге байланысты болғаны есімде. Ал ең қызықты әрі күтпеген тапсырма – жазу жүйесіне қатысты болды. Себебі мұндай тапсырмалар күнде беріле бермейді, олардың саны аз. Алайда биыл сондай ерекше әрі қызықты тапсырма кездесті.
El.kz: Басқа елдердің қатысушылары туралы не айтасыз?
Рамазан Бутантаев: Басқа елдерден қатысқан оқушылардың деңгейі өте жоғары болды. Бірінші орындардың көпшілігін, мысалы, жапониялық оқушылар иеленді. Дегенмен қатты қысым болған жоқ. Біз Олимпиадаға сол жерде дайындалдық.
El.kz: Сіздің дайындығыңызда ұстазыңыздың рөлі қандай болды?
Рамазан Бутантаев: Негізінен тәжірибе арқылы шыңдалдық десем болады. Біз тек тапсырмаларды шешумен болдық. Мені дайындаған Айда Даулетоваға шексіз алғысымды білдіремін. Ұстазым менің дайындығымда үлкен рөл атқарды. Шыны керек, егер ол болмаса, мен бұл нәтижеге қол жеткізе алмас едім. Мен бұл Олимпиадаға осы оқу жылының басынан дайындала бастадым. Себебі мен 2024 жылы қатысып, ойдағыдай нәтиже көрсете алмадым, өте төмен балл алдым. Сол кезде өзіме келесі жолы жақсы нәтиже көрсету керек деген мақсат қойдым.
El.kz: Лингвистика саласына деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды?
Рамазан Бутантаев: Менің ойымша, лингвистика басқа пәндерден біршама ерекшеленеді. Көптеген пәндерде олимпиада барысында сенің теориялық білімің тексеріледі, яғни алдын ала дайындық міндетті. Ал лингвистикада бастапқыда ешқандай арнайы білім болмағанның өзінде, тапсырма арқылы жаңа нәрсе үйреніп, сол тілде сөйлейтін халықтың мәдениетімен танысуға мүмкіндік аласың.
Маған бұл саланың ең ұнайтын тұсы — сені дайын теориямен шектемейді. Керісінше, тапсырманы шеше отырып, логикалық ойлау қабілетің мен тіл заңдылықтарын өз бетінше анықтау шеберлігің сыналады. Бұл — ерекше қызық әрі шығармашылыққа жол ашатын тәсіл. Тапсырмалардың өзі толыққанды әрі нақты теориясыз-ақ ойланып, дұрыс шешім табуға мүмкіндік береді.
El.kz: Түркі тілдеріне қызығушылығыңыз қайдан басталды?
Рамазан Бутантаев: Лингвистикаға деген алғашқы қызығушылығым дәл осы түркі тілдерінен бастау алды. Түркі тілдері — менің басты шабыт көзім. Қазақ тілімен қатар, басқа да түркі тілдерін жүйелі түрде зерттеп келемін. Бұл қызығушылығыма үстірт қарамай, сөздердің шығу тегі — этимологиясы мен грамматикалық құрылымдарына дейін терең зерттеуді мақсат еттім. Уақыт өте келе бұл қызығушылық терең ізденіске ұласып, мені лингвистика әлеміне алып келді.
El.kz: Осындай жетістікке жетуіңізге мектебіңіз қандай ықпал етті?
Рамазан Бутантаев: Мектебім туралы айтсам, әртүрлі өңірлерден олимпиадаға қатысатын оқушылармен сөйлесе отырып, өз мектебімнің басқаларға қарағанда анағұрлым қолдау көрсететінін байқадым. Бізде оқушылардың жеке дамуына мән береді. Мысалы, маған кейде сабақтардың орнына олимпиадаға дайындалуға рұқсат берілетін. Сонымен қатар, бағалар жөнінде де мектеп тарапынан артық қысым болған емес. Осындай еркін әрі түсіністікке негізделген орта менің мектебімді ерекшелендіріп тұрады деп ойлаймын.
El.kz: Болашақта қандай мамандық иесі болғыңыз келеді?
Рамазан Бутантаев: Болашақ мамандығымды әзірге нақты таңдаған жоқпын, алайда компьютерлік лингвистика бағытына бет бұруым мүмкін. Өйткені қазір лингвистикамен белсенді айналысып жүрмін. Бұл – мен үшін аса қызықты әрі қарқынды дамып келе жатқан сала. Сондықтан болашақ кәсіби жолымды осы бағытпен байланыстырамын деген сенімдемін.
El.kz: Олимпиадаға енді қадам басып жатқан оқушыларға қандай кеңес бересіз? Қобалжумен қалай күресесіз?
Рамазан Бутантаев: Жаңа ғана олимпиадалық лингвистикамен айналыса бастаған оқушыларға айтар кеңесім — халықаралық олимпиадалардың барлық жылдағы тапсырмаларын шешіп шығу. IOL-дың ресми сайтында барлық тапсырмалар мен шешімдер жарияланған. Жалпы алғанда, қобалжумен күресу оңай емес. Бірақ оны табиғи құбылыс ретінде қабылдау керек. Ол әрқашан болады, одан мүлде арылып кету мүмкін емес. Дегенмен, тәжірибе артқан сайын қобалжуды басқару жеңілдей түседі. Өзім ұзақ уақыттан бері түрлі олимпиадаларға қатысып келемін, тек лингвистикадан емес, математикадан да. Сондықтан бұл сезім маған таныс, әрі үйреншікті нәрсеге айналды. Қобалжумен күресудің ең тиімді жолы — тәжірибе. Айтпақшы, зейінді шоғырландыру үшін олимпиада кезінде аздап тәтті нәрсе жеп отыру пайдалы екенін байқадым.
El.kz: Қазақстан намысын қорғау сізге қандай жауапкершілік жүктеді?
Рамазан Бутантаев: Қазақстанның атынан қатысып отырғанымды сезіну — үлкен жауапкершілік. Әсіресе былтыр еліміздің нәтижесі ең төмен болғанын ескерсек, биыл біз рейтингте 4 сатыға көтеріліп, 12 елдің ішінде 8-орынға шықтық. Мемлекет тарапынан қолдау болған соң да жауапкершілікті сезіндік. Біздің тәлімгерлеріміздің еңбегі мен мемлекеттің артқан үмітін қайтсек те ақтауымыз керек болды.
El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет, сәттілік тілейміз!
