Қызымның өзі секіргеніне сенбеймін - 7-қабаттан құлап қаза тапқан Ақнәрдің анасы

22 жастағы Ақнәр Хамиттің Алматыда жұмбақ жағдайда көз жұмуы қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Білімді, талапты, бірнеше тіл меңгерген бойжеткеннің өлімі жайлы сұрақ көп, жауап аз. Алматыдағы беделді оқу орны — КИМЭП университетінің студенті, өз кәсібін жүргізіп, халықаралық компанияларда аудармашы болып жұмыс істеген Ақнәр өткен жылдың 20 шілдесіне қараған түні Amir тұрғын үй кешенінің 7-қабатынан құлап, сол сәтте ауруханаға жеткізілгенімен, алған жарақатынан көз жұмған.
Ақнәрдің анасы, мәдениет саласында ұзақ жылдар еңбек еткен, аты әлемдік деңгейдегі рекордтармен байланысты Гүлістан Хамит қызының өлімі кездейсоқтық емес, қатыгездікпен жасалған қылмыстың салдары екенін айтып, шындық үшін күресіп жүр. Оның айтуынша, Ақнәр сол түні Р. мен Д. есімді таныс қыздардың шақыртуымен пәтерге барған. Бұған дейін олар WeChat арқылы арнайы топ құрып, Ақнәрден киім-кешек әкелуді өтінген. Анасы марқұмның соңғы сәтке дейін тауарын көрсетіп, кәсібін жүргізуге тырысқанын айтады.
Содан бір күн бұрын ғана жаңағы екі қыз WeChat мессенжерінен үшеуіне арнайы топ ашып, қызыма тауарларыңды осында сал, бізге көрсетші дейді. Ақнәр өзінің үстіне киіп, көйлек-көншекті көрсетіп, фотоларын жіберген. Қыздар тапсырыс береді. Қызым оларға тауарды апару үшін барған, – дейді Гүлістан Хамит.
Бойжеткен 19 шілде күні кешкі сағат 19:40-та пәтерге кіріп, 20 шілде түнгі 02:54 шамасында терезеден құлап кеткен. Бірақ Гүлістан Хамит қызын біреулер азаптап, терезеден итеріп жібергеніне сенімді. Оның қолында бұған дәлел болатын фотолар мен бейнематериалдар бар.
Бүйірі тебілген, білегі тістелген, мойынында қылқындырған іздер бар, кеңірдегі тырналған, тырнағы мен шашы жұлынған, – деп азалы ана қызының денесіндегі жарақаттарды сипаттады.
Ол бұл азаптауды Ақнәрді пәтерге алдап шақырған қыздар жасағанына сенімді. Сонымен қатар, бұл оқиғаның артында жасырын мүдделер мен ықпалды күштердің болуы мүмкін деген күдігін де жасырмайды.
Психологиялық сараптамада стресске шыдай алмай, терезеден секіріп кетуі мүмкін депті. Мен бұған келіспеймін. Қызымнан жынды жасай алмай отыр. Ақнәр бала кезінен бергі мінез-құлқы туралы егжей-тегжейлі ақпаратты мен USB-флешке салып, қолдарына бергенмін. Қызымның оқу орны, жұмыс істеген компанияларының бәрі оған тамаша мінездеме берді. Достары оның білімпаз, мінезі жайдары, өмірге құштар болғанын айтып сағынышпен еске алады, – дейді анасы.
Жәбір көрді деген қыздар бүгінде қорғалуға құқығы бар куә ретінде танылып, бостандықта жүр. Тергеу ісі ұзаққа созылып, нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Анасының сөзінше, тергеу барысындағы көптеген дәлелдер ескерусіз қалған: мәйітті жуындырғандағы суреттер сарапшыларға берілмеген, USB ашылмады деген сылтаумен психологиялық мінездеме есепке алынбаған.
Біреуді кінәлаудан аулақпын, бірақ жемқорлық бар ма деген ой бар. Маған келген бейресми ақпарат бойынша, 20 шілдеде сағат 11:00-де екі қыздың бірі Меңдіқұлова мен Жолдасбеков көшелерінің қиылысындағы Kaspi банкінен 8 млн теңге шешіп алады. 2GIS қосымшасынан қарасам, расында да сол мекенжайда банктің филиалы бар екен. Осы мәселені айтып, полициядан анықтауды сұрадым. Құзырлы орган бүгінге дейін жауап берген жоқ, – дейді Гүлістан Хамит.
Гүлістан ханым қазір әділдік табылмай отырғанына қапалы. Ол Бас прокуратура, ІІМ, Президент әкімшілігіне бірнеше рет өтінішхат жолдаған. Бас прокуратура істі қайта Алматы полициясына жолдап, уақытша ұстау туралы қаулы шығарғанымен, күдіктілер бостандықта жүр.
Менің құқық қорғау органдарына деген үмітім үзілді. Істі Бас прокуратураның өз қадағалауына алғанын сұраймын, – дейді анасы.
Гүлістан Хамит отбасымен бірге Қытайдан Қазақстанға 15 жыл бұрын қоныс аударған. Ол – 2010 жылы 10 мың қазақтың бір сәтте күй тартып, Гиннестің рекордтар кітабына енген жобасының ұйымдастырушысы. Бүгінде ол жалғыз қызынан айырылып, бар күшін әділдікке жетуге арнап жүр.
Ақнәр өте өнерлі бала болды, домбырада ойнап, ән айтатын. Көрген адам қадала қарайтын сұлулығы мен биязы мінезі тал бойына жарасып тұратын еді. Мектепті үздік аяқтап, КИМЭП университетінің студенті атанды. Белсенді болды, кино саласына да араласып, бейнебаянға түсті. Бес тілді жетік білді. Жас та болса, өзі табыс тауып, саудамен айналысты. Ондаған халықаралық компанияда аудармашы болып жұмыс істеді, – деп еске алады анасы Гүлістан.
Ол қызының жетістігін көре алмаған қыздар іштарлықтан барып, қатыгездікке барған шығар деген де ойымен бөлісті. Қоғамдық резонансқа айналған бұл іс әділ тергеуді, кінәлілердің жауапқа тартылуын қажет етеді.
