Жаңалықтар

Қызылордада жаңа жылдық шырша шаты жағылды

Мерекелік іс-шара көңілді концертпен жалғасты
Қызылордада жаңа жылдық шырша шаты жағылды
Фото: gov.kz 25.12.2022 14:00 2202

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа жылдың ажырамас нышаны саналатын шырша жағу рәсіміне қатысты.

Дәстүрге сай Сыр елінің бас шыршасы орталық алаңға орнатылды. Оның биіктігі – 25 метр, ені – 11 метр.

Іс-шара басталмас бұрын ертегілер кейіпкерлері көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, кішкентай айтыскерлер, «Балбала» теле-байқауының жүлдегерлері Басқар Сырым мен Өмірбекова Еркеназ суырыпсалма сөз өнерімен жиналған халықты сүйсіндірді.

Мерекелік шарада аймақ басшысы тұрғындарды ғажайып сәттерге толы Жаңа жыл мейрамымен құттықтап, өңір үшін биылғы жылдың табысты болғанын тілге тиек етіп, әр отбасыға бақ-береке тіледі.

Биылғы жылы барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша жағымды оң динамикаға қол жеткіздік. Соңғы бес жылда мұнай кен орындарының және уранның нарықтағы сұранысының азаюына байланысты өндіру көлемінің төмендеуіне қарамастан аймақ экономикасын жедел әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында қабылданған шешімдер өзінің жемісті нәтижесін беруде. Әсіресе, инвестиция тарту мен құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша айтарлықтай өсім қалыптасқан. Туған елге жанашыр жерлестеріміздің арқасында аймағымызда көптеген жаңа нысанның құрылысы жүргізілуде, алдағы уақытта да ауқымды жоспарларымыз бар, - деді облыс әкімі.

Облыстың бас шыршасын жағу мәртебесі өңіріміздің мақтаныштары облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпазы Шаймұрат Бақтыгүл мен грек-рим күресінен ҚР-ның еңбегі сіңірген спорт шебері Айдос Сұлтанғалиға табысталды.

Мерекелік іс-шара көңілді концертпен жалғасты.

Айта кетейік, бүгін Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 60 пәтердің кілті табысталды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға берілмек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға