Қызметтік иттер ел тыныштығын қалай күзетіп жүр

 Ұлттық ұлан
Фото: Ұлттық ұлан

ҚР ІІМ Ұлттық ұланында әскери қызметшілермен бірге мыңнан астам қызметтік ит ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. 

Солардың бірі – жарылғыш заттарды іздеуге маманданған Эльза есімді қызметтік ит. Эльза Ұлттық ұлан сапында 2019 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Осы уақыт ішінде ол сенімді әрі кәсіби көмекші ретінде танылған. Әсіресе Астана қаласында өтетін ірі спорттық және мәдени іс-шаралар алдында аумақтарды тексеруге қатысып, тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.

Төрт аяқты сақшының сенімді серігі – Астанадағы 5573 әскери бөлімінің кинологы, 17 жылдық тәжірибесі бар сержант Болат Әлжанов. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Эльзаны күшік кезінен баптап өсірген. Оның айтуынша, иттің алғырлығы мен белсенділігі ерте байқалған.

Ұлттық ұлан

Эльза – сержант Әлжановтың үшінші қызметтік иті. Бұған дейін ол «Дакл» атты іздестіру итімен сегіз жылдан астам қызмет атқарған. Кейін есірткі заттарын іздеуге маманданған Лакимен жұмыс істеген. Қазіргі таңда Эльза осы жауапты міндетті абыроймен жалғастырып келеді.

Кинолог пен оның төрт аяқты серігі түрлі ведомствоаралық жарыстарда да жоғары нәтиже көрсеткен. 2023 жылы Ұлттық ұланның қызметтік иттері арасындағы сайыста жеке есепте үшінші орын алса, 2025 жылы Петропавл қаласында өткен жарыста бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ Алматы қаласында өткен күштік құрылымдар арасындағы турнирде командалық есепте жүлдегер атанған.

Қазіргі таңда Ұлттық ұлан бөлімшелерінде қызметтік иттер бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, 75 ит жарылғыш заттарды анықтауға, 89-ы есірткі заттарын іздеуге, ал 703-і патрульдік-іздестіру қызметіне маманданған.

Ұлттық ұлан 

Мамандардың айтуынша, кинолог пен қызметтік иттің үйлесімді жұмысы – күнделікті дайындықтың, өзара сенім мен түсіністіктің нәтижесі. Бұл қызметтік иттердің де әскери қызметшілермен қатар ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.

Оқи отырыңыз