Жаңалықтар

Қызмет барысында қаза болған полицейдің құрметіне кадет сыныбы ашылды

Қызмет барысында қаза болған полицейдің құрметіне кадет сыныбы ашылды
Фото: Видеодан кадр 27.05.2024 09:41 384

Орал қаласында қызмет бабында қаза болған полицейдің құрметіне кадет сыныбы ашылды,  деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы № 46 жалпы білім беретін орта мектепте кадет сыныбы ашылған. Оған қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған полиция қызметкері Иват Мумбаевтың есімі берілді.

Салтанатты ашылуына полиция қызметкерінің қарындасы Светлана Құбайдоллақызы, БҚО Білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, БҚО ПД бастығының орынбасары Нұрмахан Жалғасов, полиция қызметкерлері мен мектеп ұжымы және оқушылар қатысты.

Еліміздің әрбір азаматының қауіпсіздігін, олардың бейбіт өмір сүруі мен қоғам тыныштығын қорғаған полиция қызметкері Иват Мумбаевты еске алып, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында ашылған кадет сыныбының негізгі бағыты – оқушыларды жан-жақты дамыту, оларға сапалы білім мен үлгілі тәрбие беру, оларды азаматтық және әскери қызметке дайындау, білім беру мен мәдениетті арттырудың озық үлгілерін жаңғырту. Егер болашақта олар әскери немесе ішкі істер органдары саласындағы мамандықты таңдаған болса, онда аталған сыныпта алған теориялық білімдері оларға кәдеге асары сөзсіз.

Еске сала кетейік, Иват Мумбаев Орал қаласының маңындағы Ветелки ауылында 1969 жылы 23 қыркүйек күні дүние есігін ашқан. Ұлты – қазақ. Қаладағы № 20 мектепті бітірген. 1984 жылы Орал қаласындағы № 6 кәсіптік-техникалық училищесіне тепловоз жүргізушісі мамандығы бойынша оқуға түскен. Аталған училищеде оқып жүріп, 1987 жылы локомотив жүргізушісінің көмекшісі болып жұмысқа орналасады. 1988 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын атқаруға кетеді. Әскер қатарында атқыштар бөлімше командирі болып қызмет етеді. 1990 жылы туған елге оралып, сол жылы ПО-ға Орал қаласындағы медициналық айықтырғыш бөліміне милиционер болып қабылданған. Алғашқы дайындық курсын 13.11.1990 – 18.05.1991 жылдар аралығында Қостанай ІІБ облыстық атқару комитетінің облысаралық оқу орталығында өткен. 1992 жылдың 4 қаңтар күні қауіпті тәртіп бұзушыларды ұстау кезінде жарақаттанып қайтыс болған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға