Жаңалықтар

"Қыздарымызға сенімділік жетпей жатыр". Дзюдо бапкері әлем чемпионатын қорытындылады

"Қыздарымызға сенімділік жетпей жатыр". Дзюдо бапкері әлем чемпионатын қорытындылады
Фото: olympic.kz 27.05.2024 15:20 398

Дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Ерлан Алпыспаев әлем чемпионатын қорытындылап, қыздарымыздың қандай қателіктерге жол бергенін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

– Абиба жақсы күресті. Ғалия Тынбаеваның да күресі жаман емес, тек Ғалия мен Екатерина Токарева Астанадағы Гранд Слэмнен соң қалпына келе алған жоқ. Камила Берліқаштың күресі де жақсы, тек аздаған қателік жіберді. Айқастан соң оны өздері де түсініп жатыр. Қыздарымызға әзірге өз-өзіне деген сенім жетпей жатыр. Мұндай жарыстарда олар моральдық тұрғыда өседі. Тактикалық тұрғыда да даярлықты шыңдаймыз. 

25 мамырдан бастап оқу-жаттығу жарыстарына кірісіп, Хорватияда өтетін спорттық лагерьге барамыз. Тағы 3-4 күн демалып, Испаниядағы лагерьге аттанамыз. Париж алдындағы соңғы даяырлық Алматыда өтеді.

"Қыздарымызға сенімділік жетпей жатыр". Дзюдо бапкері әлем чемпионатын қорытындылады

Сурет: olympic.kz

– Әйелдер құрамасынан қанша спортшы лицензия алып үлгерді?

– 48 келіде Абибада бар, сонан соң Ғалия да лицензияға иелік еткен, ол резервте тұр. 63 келіде командалық сында Халықаралық дзюдо федерациясы бізге квота береді. Ауыр салмақта Камила Берліқаш тұр. Аймақтық квота береді деген де әңгіме бар, бірақ оның қыздарға не ұлдарға беретіні әзірге нақты шешілген жоқ. 

– Бас бапкер ретінде әлем чемпионатына қандай баға бересіз?

– Алдыңғы жылға қарағанда, биыл деңгей өскені байқалады. Қыздарымыз бірінші-екінші айналымдардан өтіп жатыр. Голден скорға дейін жетіп жатыр. Қыздарымыз біраз шыңдалды. Келесі жылы бір емес, екі медальға үміттеніп отырмыз.

– Бастапқы мақсат қаншалықты орындалды?

– Абибаны топ жарады деп ойлағанбыз. Өзі аздап асығыстық жасады. Негізі ол жарқын, әдемі күрес көрсеткісі келеді. Бастапқыда қысып, қозғалтпа деп тапсырғанбыз. Ол лақтырғысы келді. Әйтпесе Абибада бәрі жетеді. Техникасы да, күресі де керемет. Енді сол ойын жинақтап, жинақы күрессе болғаны. Олимпиадада үміт күтеміз.

– Кейбір салмақта бәсеке тым аз деп қалдыңыз. Бұл мәселені шешу үшін қандай шаралар қолға алынады?

– Қыздар күресі жігіттер сияқты емес, бұл жақта бәсеке аз. Көп жұмыс, іріктеу керек. Мысалы, Абибаны шығару үшін 5 жыл қажет болды, Ғалияға да сондай уақыт қажет болды. Көп қаражат, көп еңбек қажет. Болашағынан үміт күттіретін қыздарымыз бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға