Жаңалықтар

Қыздарға арналған тақияға Америка, Италия, Швеция және Африка елдерінен тапсырыс көбейген

Қыздарға арналған тақияға Америка, Италия, Швеция және Африка елдерінен тапсырыс көбейген
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 21.03.2023 10:00 1892

Соңғы кездері ұлттық нақыштағы киімдерімізге шетелдіктердің қызығушылығы артқан. Отандық дизайнер, тігінші Сания Асқарбекқызы шетелдіктердің көбінесе ұлттық киімнің қай түріне тапсырыс беретінін айтып берді.

Сания бүгінде қыздарға және ерлерге ұлттық нақыштағы тақия, шапан, қамзол, корсет және кимешек тігеді. Өзінің талғамына сәйкес түрлі ою-өрнектермен көркемдейді.

Былтыр ұлттық киімдерімізге Түркиядан тапсырыс көп түссе, биыл Еуропа елдерінің қызығушылығы артқан көрінеді. Әсіресе, қыздарға арналған тақияға Америка, Италия, Швеция және Африка елдерінен тапсырыс көп түскен. Былтыр осындай тақияның 600-ге жуық данасына тапсырыс берілген.

Қыздарға арналған тақияға Америка, Италия, Швеция және Африка елдерінен тапсырыс көбейген

«Командамда 3 тігінші жұмыс істейді. Былтыр 600-ге жуық тақия саттық. Ал биыл корсет сәнде болғандықтан күніне кем дегенде 10 данасына тапсырыс келеді. Ұлттық киім болғандықтан киімнің сапасына, матасына үлкен мән береміз. Өте бағалы, сапалы материалды және жіпті қолданамыз. Әр өрнек пен оюға мән береміз. Бағасыда тұтынушыларға қолайлы», - дейді тігінші.

Оның айтуынша, шетелден тапсырыс берушілер киімнің сапасын, стилін және бұйымдарын жоғары бағалағанын атап өтті.  

Тақиялар түріне, түсіне және тігісі мен матасына қарай бағаланады. Үш қабатты етіп, көмкерілген тігістермен тігілгендері қымбат, бірақ оны тігуге ұзақ уақыт керек. Ал арзан тақияларда астарсыз, бір қабатты матамен ғана тігеді. Сондықтан оған көп уақыт кетпейді.

Қыздарға арналған тақияға Америка, Италия, Швеция және Африка елдерінен тапсырыс көбейген

Сания наурыз мерекесі қарсаңында тапсырыс көп келетінін айтады. Әсіресе, мектеп оқушылары мен студенттер арасында ұлттық киімге деген қызығушылық жоғары көрінеді.  

Қыздарға арналған тақияға Америка, Италия, Швеция және Африка елдерінен тапсырыс көбейген

Сәнгерлер биыл ою-өрнекпен көмкерілген, ашық түсті аяқ киімдердің сәнде екенін айтты. 10 жылдан бері етік тігу кәсібімен айналысатын етікші Ерназ Жақпаров соңғы кездері ерлер мен әйелдердің оюлы аяқ киімдерге сұранысы артқанын айтты.

«Тұтынушылардың талғамына сәйкес уақыт өте келе ұлттық киімдеріміз бен аяқ киімдеріміз қайта нарыққа түрленіп, заманауи үлгіде шығып жатыр. Тіпті, дүкеннен сатып алған қарапайым аяқ киімдерге ою тігіп берген кездерімізде болды. Бұрындары тапсырыс тек театр мамандарынан және өнер жұлдыздарынан келетін. Қазіргі таңда ұлттық киімге деген сұраныс қарапайым халықтың арасында да жоғары», - дейді Ерназ Жақпаров.

Қыздарға арналған тақияға Америка, Италия, Швеция және Африка елдерінен тапсырыс көбейген

Етікші бір етікті тігуге шамамен 2 күн уақыт кетеді дейді. Есесіне оның тіккен етіктері бірнеше жылға дейін тозбайтын көрінеді.

Қазіргі таңда аяқ киім түрлерінің ішінде саптама етік, қайқытұмсық, байпақ, кебіс, мәсі және әйелдерге арналған биік өкшелі ою-өрнегі бар аяқ киімдердің түрі нарыққа келді десекте болады. Етік кәсібімен 8 жылдан бері айналысатын етікші әрі дизайнер Әсел Болатқызы қазіргі таңда етіктің 100-ге жуық дизайнын жасаған. Бүгінде оны той-томалақ пен көкпар ойындарында ғана емес, күнделікті өмірде халық тұтынатынын айтады.

«Етіктерге қойдың, сиырдың және жылқының терісін пайдаланамын. Ешқандай иіс шықпайды, сапасы да жоғары. Талғаммен жасалған өнім болғандықтан тұтынушылар да көп. Аяқ киімдердің дизайнын өз қиялымнан жасаймын», - дейді шебер.

Қыздарға арналған тақияға Америка, Италия, Швеция және Африка елдерінен тапсырыс көбейген

 

Бүгінде киім ғана емес, ыдыс-аяқ, бұйымдар, тұрмыстық заттар мен жиһаздардың барлығынан қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің түрлерін көруге болады.

«Ұлттық қолөнерге деген қызығушылық жейдеге, бас киімге қазақша жазулар жаздырып, батырларымыздың, тарихи тұлғалар мен ұлы ғұламалардың суретін салдырудан басталды», - дейді дизайнер.

Елімізде соңғы 10 жылда отандық қолөнерді қолдау аясында республикалық және халықаралық сән көрсетілімдері жиі ұйымдастырылып отырады. Оған тіпті, шетелдік мамандар да қатысады. Сонымен қатар, шетелдің үлкен ареналарындағы сән көрсетілімдерінде ұлттық киімдеріміз бен әшекей бұйымдарымыз көрсетіліп жүр.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға