Бұған дейін аңызға айналған актриса Меруерт Өтекешева Астанада Қыз Жібек пен Төлегенге арналған ғашықтар саябағы ашылса деген тілегін айтқан еді. Актрисаның сұхбатынан шабыт алған бренд-стратег Шахзада Шөгелбаева әлеуметтік желіде жаңа жобаның концепциясын ұсынды.
Ұлттық нақышта жасалған ғашықтар аллеясының ерекшелігі қандай? Әкімдік тарапы ұсынысты қабылдай ма? Актрисаға жоба ұнады ма? El.kz интернет порталы бренд-стратегпен сөйлесіп, осы сұрақтарға жауап іздеді.
Сұлулық пен парасатқа тағзым
– Шахзада ханым, бұл идея қалай пайда болды?
– Бұл идея Меруерт Өтекешеваның Майя Бекбаеваға берген сұхбатын көргеннен кейін пайда болды. Сұхбат маған қатты әсер етті. Меруерт апайдың болмысындағы сұлулық, сабыр, бекзаттық пен өнерге деген адалдық еріксіз ойға жетелейді.
Сол сұхбатта ол Астанада Қыз Жібек пен Төлегенге арналған ғашықтар саябағы болса деген арманын айтты. Гүлзарлары мен субұрқақтары бар, жастар серуендеп, отбасылар естелік суретке түсетін ерекше орын туралы әңгімеледі.
Осы сөздер мені терең ойландырды. Оның үстіне бүгінде Астанада қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл қалада 173 қоғамдық және аула аумағын абаттандыру, 1,1 миллионнан астам ағаш, бұта, гүл мен көшет отырғызу жоспарланған. Жаңа скверлер, аллеялар мен серуен аймақтары пайда болып жатқан кезеңде халық жадында сақталған Қыз Жібек пен Төлеген бейнелеріне арналған кеңістіктің болуы заңды әрі орынды көрінді.
Биыл Меруерт Өтекешева 75 жасқа толды. Егер бұл жоба іске асса, ол тек өнер иесіне көрсетілген құрмет қана емес, қазақ киносының алтын қорына енген мұраға, Қыз Жібек бейнесі арқылы халық жадында сақталған сұлулық пен парасатқа тағзым болар еді.
Балалар алаңына бесік пішінді әткеншек орнаттық
– Жобаның авторы өзіңіз бе, әлде командаңыз ба?
– Идеяның бастамашысы өзіммін. TEREÑ агенттігінің жетекшісі ретінде командаммен бірге жобаның алғашқы тұжырымдамасын әзірледік.
Біздің агенттік қазақстандық брендтермен, қалалық кеңістіктердің мән-мағынасымен және визуалды коммуникациялармен жұмыс істейді. Әдетте компанияның, өнімнің немесе өңірдің ішкі болмысын анықтап, оны адамдарға түсінікті әрі әсерлі тілмен жеткізуге ұмтыламыз. Бұл жолы сол тәжірибені қалалық ортаға бағыттадық. Мен үшін бұл аллея да қаланың бренді.
Сондықтан жобаны әуел бастан ашық платформа ретінде қарастырдым. Instagram Reels арқылы дизайнерлерді, сәулетшілерді, урбанистерді, ландшафт мамандарын және креаторларды ортақ идеяға үлес қосуға шақырдым. Нәтижесінде бірден қызықты ұсыныстар түсе бастады. Мәселен, белгілі дизайнер Жанғазы Сейдахмет балалар алаңында бесік пішініндегі әткеншектер орнату идеясын ұсынды.
Егер әкімдік тарапынан қолдау көрсетілсе, жоба төңірегіне жас креаторларды кеңінен тартқым келеді. К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлектері, жоғары курс студенттері, жас сәулетшілер, дизайнерлер мен ландшафт мамандары қатысса деген ниет бар. Ал біз өз тарапымыздан бренд стратегиясы, идеялық тұжырымдама, коммуникациялық қолдау және тәжірибелі мамандардың менторлығын ұсынуға дайынбыз.
Шағын қалалық аллея немесе сквер болуы мүмкін
– Аллеяның аумағы қанша болады? Ерекшелігі неде?
– Әзірге жобаға арналған нақты жер телімі белгіленген жоқ. Сондықтан оның аумағы да жобалау кезеңінде нақтыланады. Біздің бастапқы көзқарасымыз бойынша, бұл алып саябақ емес, шамамен 1-2 гектар аумақты қамтитын шағын қалалық аллея немесе сквер болуы мүмкін. Алайда біз үшін көлемнен бұрын мазмұн маңызды.
Келуші аллеяға кірген сәттен бастап белгілі бір әсер мен эмоцияны сезінуі керек. Кеңістіктің өз логикасы мен ішкі ырғағы болғанын қалаймыз. Мұнда адамдар орталық алаң мен субұрқаққа аялдап, балалар аймағына барып, ашық аспан астындағы кино алаңында уақыт өткізіп немесе тыныш бақта серуендей алады. Яғни бұл жай ғана серуен жолы емес, әр келуші өзіне жақын дүниені таба алатын көпфункциялы қоғамдық кеңістік болмақ.
Тұжырымдамада Қыз Жібек пен Төлегеннің мүсіні, орталық алаң, субұрқақ, гүлзарлар, балаларға арналған аймақ, ашық аспан астындағы кино алаңы, серуен жолдары және шағын кафе қарастырылған.
Біз ұлттық нақышты көзге ұрып тұратын сыртқы безендіру арқылы емес, кеңістіктің табиғи болмысы арқылы жеткізгіміз келеді. Ол сәулеттік шешімдерден, материалдардың таңдалуынан, жарық пен көлеңкенің үйлесімінен, мүсіннің пластикасынан, балалар аймағының графикасынан және гүлзарлардың орналасуынан сезіліп тұрғаны маңызды. Қыз Жібек бейнесі нәзіктікпен, сұлулықпен және бекзаттықпен астасады. Сондықтан аллеяның жалпы атмосферасы да сондай байсалды әрі талғампаз болғанын қалаймыз.
Жобаның нақты құны туралы айтуға әлі ерте
– Қала әкімдігіне ұсынып көрдіңіздер ме? Жобаның құны қанша болады? Қай ауданда орналасуы мүмкін?
– Қазір біз әкімдікке ұсынуға арналған презентациялық материалдарды әзірлеп жатырмыз. Әзірге бұл ресми түрде мақұлданған жоба емес, қоғамдық бастама ретінде ұсынылып отырған креативті тұжырымдама.
Жобаның нақты құны туралы айтуға әлі ерте. Өйткені бюджет жер телімінің ерекшелігіне, инженерлік инфрақұрылымға, аумақтың көлеміне, мүсін мен субұрқақтың форматына, пайдаланылатын материалдарға және құрылыс кезеңдеріне байланысты жасалады.
Орналасу орнына келсек, мұндай аллея мәдени нысандарға, театрларға немесе серуен бағыттарына жақын орналасса, оның мазмұны мен маңызы арта түсер еді деп ойлаймын. Сондай-ақ жаңарып жатқан қоғамдық кеңістіктердің бірінде бой көтерсе, қалалық ортаға табиғи түрде кірігіп кетер еді.
Мен бұл бастаманы жаңа Конституцияда айқындалған негізгі құндылықтармен сабақтас жоба ретінде бағалаймын. Атап айтқанда, білім, ғылым, мәдениет және өнер қоғам дамуының маңызды басымдықтары ретінде көрсетілген. Осы тұрғыдан алғанда, бұл жоба аталған құндылықтарды жас ұрпақтың ой-өрісімен, шығармашылық әлеуетімен және заманауи мүмкіндіктерімен байланыстыратын мәнді бастама деп санаймын.
Қыз Жібек пен Төлеген аллеясы қазақ киносының мұрасын, ұлттық мәдени жадты, сәулет пен ландшафт өнерін, сондай-ақ жас шығармашыл буынның әлеуетін бір арнаға тоғыстыра алады. Мұндай жобалар қоғам үшін де, қаланың мәдени келбеті үшін де маңызды.
Аңызға айналған актриса ақ батасын берген
– Сіз жобаны Меруерт Өтекешеваның өзіне көрсетіпсіз. Аңызға айналған актрисаның реакциясы қандай болды?
– Шынымды айтсам, бұл идеяны ұсынғаннан кейін көп ұзамай оны Меруерт апайдың өзіне таныстыру мүмкіндігі туады деп ойлағаным жоқ. Сондықтан бұл кездесу мен үшін ерекше әсерлі болды.
Меруерт апай жобаны жылы қабылдап, қолдау білдірді. Егер жүзеге асып жатса, өте жақсы бастама болатынын айтты. Сондай-ақ кеңістікте шығыстық реңк пен ұлттық мәдени сипаттың болғанын қалайтынын жеткізді.
Мен үшін ең әсерлі сәт – оның ақ батасын беруі болды. Ол бұл бастаманы соңына дейін жеткізе алатыныма сенетінін айтты. Мұндай сенім адамға үлкен жауапкершілік жүктейді әрі жігер береді. Егер бұл жоба жүзеге асса, ол Меруерт Өтекешеваның 75 жылдық мерейтойына арналған ерекше құрмет қана емес, қазақ киносының тұтас бір дәуіріне көрсетілген тағзым ретінде де бағаланар еді.
Брендинг логотип жасаумен шектелмейді
– Өзіңіздің мамандығыңыз туралы айтып берсеңіз. Бренд-композитор деген кім?
– Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында Креативтік жобалар қызметінің басшысымын. Сонымен қатар TEREÑ агенттігінің жетекшісі және бренд-стратег ретінде жұмыс істеймін.
Кейде өзімді бренд-композитор деп атаймын. Себебі менің жұмысым әртүрлі элементтерді бір жүйеге біріктіруге негізделген. Зерттеу, мәдени код, адамның эмоциясы, визуалды шешімдер, сөз, орта және уақыт сұранысы – мұның бәрі бір-бірімен байланысқанда ғана толыққанды жоба пайда болады.
Композитор әр дыбыстың орнын тауып, оларды тұтас шығармаға айналдырады. Брендингте де дәл солай. Әр идеяның, әр символдың, әр детальдың өз орны мен мағынасы болуы керек.
Мен үшін брендинг логотип жасаумен немесе әдемі визуал әзірлеумен шектелмейді. Ең алдымен жобаның өзегін табу маңызды. Бұл бастама не үшін қажет? Ол кімге арналған? Адамдар оған неге сенуі керек? Осы сұрақтарға жауап табылған кезде ғана жоба шынайы өмір сүре бастайды.
Қыз Жібек пен Төлеген аллеясы да мен үшін осындай мәні терең жобалардың бірі. Мұнда қазақ киносының мұрасы, халық жадында сақталған көркем образдар, қалалық мәдениет және жас шығармашыл буынның мүмкіндіктері тоғысады. Мен креативті индустриялардың дамуы дәл осындай мәдени және қоғамдық маңызы бар бастамалар арқылы жүзеге асады деп сенемін.
– Сұхбатыңызға рақмет!