Жаңалықтар

Қыз алып қашқандарға тағайындалатын жаза өзгеруі мүмкін

14.05.2025 17:48 525
Қыз алып қашқандарға тағайындалатын жаза өзгеруі мүмкін

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қыз алып қашу мәселесіне қатысты заңнамадағы өзгерістер жайлы пікір бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, Мәжіліс депутаттары Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық және Қылмыстық-атқарушылық кодекстерді оңтайландыруға бағытталған заң жобасын қолдаған. Бұл құжатта қыз алып қашу емес, мәжбүрлеп неке қиюға қарсы нақты норма қарастырылған.

Заң жобасында үш бап бар. Бірінші бапта айыппұл салу қарастырылған. Алайда егер жағдай ушығып, мысалы, кәмелетке толмағандарға немесе күш қолдану арқылы жасалса, онда қылмыстық жауапкершілік қарастырылады – 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл нормаларды депутаттар қолдады, алдағы аптада құжат екінші оқылымға ұсынылады, – деді Әбенов.

Сондай-ақ ол айыппұл мөлшері әлі нақты бекітілмегенін айтып өтті. Қазіргі таңда екі нұсқа қарастырылуда – 50 немесе 100 АЕК көлемінде.

Депутаттың мәліметінше, соңғы үш жылда полицияға мәжбүрлеп неке қиюға қатысты 214 арыз түссе де, тек 10 іс сотқа дейін жеткен.

Арыздардың жартысына ешқандай шара қолданылмаған, қалғандары бойынша істер мүлде қаралмаған. Қыздар зорлықпен алып қашылғанын, көліктен секіріп құтылуға тырысқанын, күш көрсетілгенін дәлелдегенімен, құқық қорғау органдары тарапынан нақты әрекет жасалмаған, – деп атап өтті Әбенов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға