Әлеуметтік желілерде Li Auto маркалы электромобильдің салонында күшті магнит өрісі анықталғаны туралы видео қызу талқылануда. Алайда мұндай көліктердің ерлердің потенциясына немесе ұрпақ өрбіту қабілетіне (фертильдігіне) кері әсер ететіні туралы сенімді ғылыми дәлелдер әзірге жоқ. Бұл туралы Германияның Радиациялық қорғаныс жөніндегі федералдық ведомствосының тапсырысымен жүргізілген зерттеуден мәлім болды.
Видео авторы тұрмыстық электромагниттік өрісті өлшейтін құрылғыны қозғалыссыз тұрған көліктің орындығына қойған. Құрылғы экранында 14-ке дейінгі көрсеткіш пайда болып, кейін ескерту сигналы қосылған.
Алайда видеода құрылғының нақты моделі, өлшем бірлігі, жиілік диапазоны немесе калибрлеу туралы мәліметтер көрсетілмеген. Мұндай ақпаратсыз алынған нәтижелерді ғылыми тұрғыдан бағалау мүмкін емес.
Сонымен қатар құрылғы экранындағы «Harmful» («Зиянды») деген жазу тек өндіруші белгілеген шекті деңгейден асқанын білдіреді. Бұл адамның денсаулығына нақты қауіп бар екенін дәлелдемейді.
Электромагниттік өріс барлық көлікте болады
Электр және магнит өрістері кез келген автомобильде пайда болады. Электромобильлер мен гибридті көліктерде оларды тартқыш жүйе, жоғары кернеулі кабельдер, ток түрлендіргіштер, борттық электроника және орындықтарды жылыту жүйесі қалыптастырады.
Германияның Радиациялық қорғаныс жөніндегі федералдық ведомствосының тапсырысымен жүргізілген зерттеу барысында мамандар 975 мыңнан астам өлшеу жасаған. Көліктер арнайы стендте, сынақ трассасында, үдеу, тежеу және қуаттау кезінде тексерілген.
Зерттеуге 11 электромобиль қатыстырылды. Сонымен қатар салыстыру үшін қосылатын гибридтер мен іштен жанатын қозғалтқышы бар автомобиль де зерттелген.
Зерттеу нені көрсетті?
Сынақ нәтижесінде көлік күрт жылдамдағанда немесе тежегенде магнит өрісінің күшейетіні анықталған.
Ең жоғары көрсеткіштер, әдетте, жоғары кернеулі кабельдер мен күштік қондырғыларға жақын орналасқан аяқ тұсында тіркелген. Ал дененің кеуде және бас деңгейіндегі әсер әлдеқайда төмен болған.
Кейбір нүктелерде өлшеу құралдары анықтамалық деңгейден қысқа мерзімді асып кетуді көрсеткен. Дегенмен адамның анатомиялық модельдерін пайдалана отырып жүргізілген есептеулер барлық зерттелген көліктерде ағзаға әсер етудің негізгі қауіпсіздік шектері сақталғанын көрсеткен.
Ғалымдар не дейді?
Иондаушы емес сәулеленуден қорғау жөніндегі халықаралық комиссияның мәліметінше, қазіргі уақытқа дейін төмен жиілікті әлсіз магнит өрістерінің ұзақ уақыт әсері адам денсаулығына зиян келтіретінін дәлелдейтін ғылыми айғақтар анықталған жоқ.
Ұялы телефондар мен Wi-Fi желілерінің сперма сапасына ықтимал әсеріне қатысты зерттеулердің басым бөлігі радиожиілікті сәулеленуге арналған. Сондықтан олардың қорытындыларын электромобильдердің күштік жүйесіне тікелей қолдану ғылыми тұрғыдан дұрыс емес.
Әлеуметтік желіде тараған бейнеролик Li Auto немесе басқа электромобильлердің ерлердің денсаулығына зиян келтіретінін дәлелдей алмайды.
Белгілі бір көлік моделінің қауіпсіздігін бағалау үшін калибрленген кәсіби құралдармен қозғалыс кезінде кешенді өлшеулер жүргізіп, магнит өрісінің жиіліктерін талдап, нәтижелерді халықаралық қауіпсіздік стандарттарымен салыстыру қажет. Қазіргі таңда мұндай көліктердің ерлердің потенциясына немесе фертильдігіне теріс әсер ететіні жөнінде ғылыми тұрғыдан дәлелденген қорытынды жоқ.