Қытайдың жолаушыларға арналған электр ұшағы: әуе кемесі қандай болады

Қытайдың жолаушыларға арналған электр ұшағы: әуе кемесі қандай болады
Фото: CE-25A электр жолаушылар ұшағының тәжірибелік үлгісі / © Weibo

Қытайда толықтай электр қуатымен ұшатын CE-25A жолаушылар ұшағының алғашқы суреттері жарияланды. 19 адамға арналған әуе кемесін Қытайдың мемлекеттік COMAC авиациялық корпорациясы әзірлеп жатыр. Жаңа ұшақтың басты ерекшелігі – дәстүрлі қозғалтқыштардың орнына электр жүйесін пайдалануы.

Шетелдік The War Zone басылымының мәліметінше, әлеуметтік желіде тараған суреттерден CE-25A ұшағының толық көлемдегі үлгісін көруге болады. Әуе кемесі қызыл және қара түске боялған, ал корпусының бойымен күміс түсті жолақ жүргізілген. Сондай-ақ ұшақта COMAC және CE-25A жазулары мен B-0EFH тіркеу нөмірі бар.

Суреттерді алғашқылардың бірі болып қытайлық автоблогер Хань Лу жариялаған болуы мүмкін. Дегенмен олардың шынайылығы әзірге ресми түрде расталған жоқ. Фотосуреттерді бірнеше жасанды интеллект моделі арқылы тексеру барысында қолдан жасалғанын көрсететін айқын белгілер анықталмаған.

Электр ұшағының мүмкіндігі қандай?

COMAC компаниясы CE-25A жобасын алғаш рет 2023 жылдың қарашасында Шанхайда өткен Қытай халықаралық импорт көрмесінде таныстырған.

Ұшақ қысқа және орташа қашықтыққа жолаушы тасымалдауға, сондай-ақ іскерлік сапарларға арналған. Жарияланған техникалық сипаттамаларға сәйкес, ұшақтың жылдамдығы сағатына шамамен 400 шақырымға жетеді. Ал ұшу қашықтығы 400-500 шақырым болады деп жоспарланып отыр.

CE-25A ұшағында кәдімгі турбовинтті қозғалтқыштардың орнына қанаттарына орнатылған 10 электр желдеткіші қолданылады. Олардың әрқайсысы арнайы сақина тәрізді арнаның ішінде орналасқан.

Мұндай жүйе ұшақтың аэродинамикалық мүмкіндіктерін жақсартып, белгілі бір ұшу жағдайларында энергияны тиімді пайдалануға көмектесуі мүмкін. Сонымен қатар электр қозғалтқыштарының құрылысы дәстүрлі авиациялық қозғалтқыштарға қарағанда қарапайым болуы ықтимал.

Жоба қашан іске қосылады?

Әзірге CE-25A ұшағының алғашқы сынақ ұшуын жасағаны туралы ресми ақпарат жоқ. Жарияланған суреттердегі әуе кемесінің нақты қандай мақсатта пайдаланылатыны да белгісіз.

Мамандар электр авиациясын дамытуда бірқатар техникалық қиындық бар екенін атап өтеді. Соның ең бастысы – аккумуляторлардың қуат сыйымдылығы. Қазіргі батареялар авиациялық отынмен салыстырғанда әлдеқайда аз энергия сақтайды. Бұл ұшақтың қанша қашықтыққа ұша алатынына, жүк көтеру мүмкіндігіне және әуеде болу уақытына әсер етеді.

Бұдан бөлек, қуатты электр жүйелерін салқындату, бірнеше қозғалтқыштың бір мезгілде тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және оларға техникалық қызмет көрсету мәселелері де шешілуі тиіс.

Соған қарамастан, CE-25A жобасы Қытайдың электр авиациясына қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Ұшақ жаппай өндіріске шықпаған күннің өзінде, оны әзірлеу барысында жинақталған тәжірибе болашақтағы азаматтық және әскери авиация жобаларына пайдаланылуы мүмкін.

Оқи отырыңыз