Қытайдың жаңа жасанды интеллекті бір тал шаш арқылы адамның бет-бейнесін болжай алады

Қытай ғылым академиясының зерттеушілері ДНҚ-ның бірнеше үлгісін талдау арқылы адамның бет-бейнесін цифрлық түрде қайта құрастыра алатын жаңа жасанды интеллект моделін жасап шығарды. Бұл технология “Difface” деп аталады және адамның генетикалық ақпаратын пайдалана отырып, физикалық бет құрылымын жоғары дәлдікпен болжай алады.
Difface моделі шамамен 10 мың хань этносындағы қытайлық еріктінің толық геномдық деректері мен жоғары ажыратымдылықтағы 3D бет сканерлерінің негізінде үйретілген. Мұндай ауқымды мәліметтер жиынтығы арқылы жасанды интеллект адамның бет пішінін анықтайтын БНП (бір нуклеотидті полиморфизм) деп аталатын ДНҚ бөліктеріндегі заңдылықтарды танып үйрене алды.
ЖИ диффузия әдісіне негізделген алдыңғы қатарлы алгоритмді қолданады. Бұл әдіс генетикалық ақпарат пен бетке қатысты мәліметтерді бірлескен деректер кеңістігінде біріктіріп, адамның бет бейнесін мүлде жаңадан құрастырып шығарады. Тек ДНҚ негізінде жасалған бұл цифрлық реконструкцияларда орташа қате мөлшері 3,5 миллиметр шамасында. Ал егер адамның жасы, жынысы және дене салмағы индексі сынды қосымша мәліметтер берілсе, бұл қателік 3 миллиметрден төменге дейін қысқарады.
Қайда басталып, қайда аяқталады?
Мұндай технология сот-медициналық сараптама саласында үлкен әлеуетке ие. Мысалы, қылмыс орнынан алынған бір ғана ДНҚ үлгісінің көмегімен күдіктінің бет-бейнесін қалпына келтіріп, куәгерлердің сипаттамасына немесе бейнебақылау камераларына жүгінбей-ақ жеке тұлғаны анықтауға мүмкіндік пайда болады.
Алайда мұндай қабілеттің тек құқық қорғау органдарында ғана болатынына ешқандай кепіл жоқ. Ерте ме, кеш пе, жеке компаниялар, үкіметтік емес ұйымдар немесе жекелеген тұлғалар да осыған ұқсас технологияларды жасап шығаруы әбден мүмкін. Бұл өз кезегінде жеке деректер мен құпиялылыққа үлкен қатер төндіреді.
Difface ұсынған мүмкіндік бақылау мен жеке өмір құқығына қатысты жаңа этикалық дауларды тудыруы мүмкін. Әсіресе ауқымды генетикалық деректер базасына ие елдер үшін бұл технологияны халықты бақылау жүйелерімен немесе бет-әлпетті тану камераларымен біріктірсе, салдары күрделі болуы мүмкін.
Теориялық тұрғыдан алғанда, бір тал шаш секілді өте аз ДНҚ үлгісі арқылы адамның бет-бейнесін цифрлық тұрғыдан қайта құру – анонимдік ұғымын мүлде жоққа шығаратын технологиялық бетбұрыс болмақ.
Медицина мен этиканың түйіскен тұсы
Бұл технология тек қылмыстық істерде ғана емес, медицинада да маңызды рөл атқара алады. Мысалы, генетикалық ауруларды визуализациялау, жас ерекшеліктерін болжау, немесе жеке денсаулық қауіптерін ерте анықтау мақсатында қолданылуы мүмкін.
Дегенмен, бұл жерде де этикалық шекара бұлыңғыр. Егер мұндай ақпаратқа сақтандыру компаниялары, жұмыс берушілер немесе өзге мекемелер қол жеткізер болса, адамның генетикалық негізінде алалаушылық (дискриминация) қаупі артады.
Айта кету керек, Difface қазіргі уақытта тек хань этносындағы адамдардың бет-бейнесін дәл болжай алады. Басқа этностарға қолдану үшін әлдеқайда кең және әртүрлі деректер базасы қажет. Сонымен қатар, мұндай сезімтал технологияны жаһандық деңгейде қолдану үшін қатаң қауіпсіздік және құпиялылық стандарттары енгізілуі тиіс.
Қазіргі шектеулер аз да болса көңілге медеу болғанымен, Difface технологиясы көрсеткен нәрсе айқын: жасанды интеллект пен генетиканың түйісуі арқылы адамның физикалық келбетін қайта жасау – енді қиял емес, шындық.
Бұл жаңалық – мүмкіндіктер мен қатерлер қатар жүретін жаңа дәуірдің басталғанының белгісі. Қоғам бұл технологияны қалай қабылдайтыны, заңдар мен этикалық нормалар қалай қалыптасатыны – жақын болашақтағы басты сұрақтардың бірі болмақ.
