Жаңалықтар

Қытай супермаркеттерінде қазақстандық өнімдер бұрышы ашылады

Қытай супермаркеттерінде қазақстандық өнімдер бұрышы ашылады
Фото: facebook.com/KazakhExport 16.05.2023 17:15 1018

Қытайдың Сиань қаласында өткен Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясы барысында KazakhExport ұлттық экспорттық сақтандыру компаниясы және Wuhan Asia Europe Logistics Co халықаралық логистикалық компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі KazakhExport компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар қазақстандық өнімді Қытай нарығында ілгерілету жөніндегі іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыруға келісті.

«Стратегиялық құжат Қазақстан мен Қытай компаниялары арасындағы бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыруға, тығыз коммерциялық қатынастарды дамытуға және Қытайға дайын қазақстандық өнімнің шикізаттық емес экспортының көлемін ұлғайтуға бағытталған», - деді ҚХР-дағы KazakhExport өңірлік директоры Сергей Салманов.

Меморандумға сәйкес «Ухань Ханьоу» қазақстандық өнімді импорттайды және оны Хубэй провинциясы мен Қытайдың сауда желілерінде тақырыптық бөлімдер арқылы, қазақтың ұлттық стилінде мамандандырылған стендтер орната отырып сатады. Компания қазақстандық тауарлар мен KazakhExport мүмкіндіктерін ел аумағында ілгерілетуге қолдау көрсетеді.

Қытай супермаркеттерінде қазақстандық өнімдер бұрышы ашылады

Қазақстанның ұлттық экспорттық сақтандыру компаниясы отандық өндірушілермен байланыс орнатуға және импорттаушыларды қызықтыратын өнімді іздеуге жәрдемдеседі. Сондай-ақ, қазақстандық экспорттаушылар үшін қажетті сақтандыру мен қаржыландыруды қамтамасыз етеді.

Тараптар қазақстандық тауарлардың жергілікті тұтынушылар арасында жоғары сұранысқа ие болатынына сенім білдірді. ҚХР-ға май-тоңмай, макарон, кондитерлік өнімдерді, сусындар мен басқа да тауарларды жеткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Жыл басынан бері 53 млрд теңгеге экспорттық келісімшарттар бекітілген. Қытайдың 11 импорттаушысымен ұн және күнбағыс дәнін жеткізу бойынша 17 келісімшарт жасалған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға