Бірнеше жыл бұрын қытайлық көліктерге тұтынушылар күмәнмен қарайтын. Қазір олар BMW, Mercedes және Toyota сияқты танымал брендтермен бәсекеге түсіп, бағасы Lada Vesta деңгейіндегі көліктерді ұсынуда. Қытайлық автоөндірушілер көліктерін қалайша арзан бағаға шығара алады және бұл сапаға әсер ете ме?
Мұның басты себептерінің бірі – көлік жасауға деген тәсіл. Қытайлық компаниялар ұзақ уақыт бойы жаңа технологияларды нөлден бастап әзірлеуге жылдар мен миллиардтаған доллар жұмсаудың орнына, дайын шешімдерді алып, оларды жетілдіріп, нарыққа бәсекелестерінен әлдеқайда жылдам шығарды.
Инженерлерді нөлден бастап даярлауға көп қаржы жұмсаудың орнына, компаниялар басқа елдердегі тәжірибелі мамандарды жоғары жалақымен жұмысқа тартты. Бұл автомобиль өндірісіндегі ең қымбат бағыттардың бірі – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға кететін шығынды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді.
Aito M7 мен BMW X5
Huawei компаниясының Aito M7 кроссовері нұсқасына қарай 34 200-ден 45 200 долларға дейін тұрады. Бұл шамамен 15,9-21,1 млн теңге.
Салыстыру үшін, АҚШ-та BMW X5-тің бастапқы бағасы 68 300 доллардан басталады. Ал толық жетекті нұсқасы 70 600 доллар тұрады. Бұл шамамен 31,8-32,9 млн теңге. Яғни көлемі мен класы ұқсас көліктердің бағасында шамамен екі есе айырмашылық бар.
BYD Han, Tesla және Mercedes
BYD Han седанының ең қымбат нұсқасы шамамен 45 мың доллар немесе 21 млн теңге тұрады. Бұл ұқсас Tesla моделінен екі есе арзан.
Көлік ұзындығы бойынша Audi A6 және Mercedes E-Class модельдерінен асып түседі. Тест-драйв жасаған мамандардың бағалауынша, құрастыру сапасы бойынша да Tesla-дан кем түспейді. Мәселен, кузов бөлшектерінің түйісуі ұқыпты, ал есік тұтқалары сенімдірек.
Tesla Model S Plaid-пен салыстырғанда америкалық модель жылдамырақ: ол 100 км/сағ жылдамдыққа 3,2 секундта жетеді. Алайда оның бағасы BYD Han-нан шамамен екі есе жоғары.
Ал 44 млн теңге тұратын Mercedes EQE кейбір техникалық сипаттамалары бойынша BYD моделінен төмен болғанымен, бағасы қымбатырақ.
Zeekr 001 мен Tesla Model S Plaid
Ең айқын мысалдардың бірі – Zeekr 001. Қытайдағы ең жоғары жабдықталған Tesla Model S Plaid шамамен 114 мың доллар тұрса, екі моторлы Zeekr 001-дің бағасы 55 мың доллардан аспайды. Бұл шамамен 25,6 млн теңге және 53,1 млн теңге.
Ал Zeekr 001 FR нұсқасында жалпы қуаты 1265 ат күшіне жететін төрт электр қозғалтқышы бар. Ол 100 км/сағ жылдамдыққа небәрі 2,07 секундта жетеді. Бұл көрсеткіш Tesla-ның ең қуатты нұсқасынан да жоғары.
Қытай көліктерінің арзан болуының сыры неде?
Бұл жерде ешқандай сиқыр жоқ. Барлығы өндіріс шығынының құрылымына байланысты.
Өндіріс көлемі: Ауқымды өндіріс көлік бағасын төмендететін негізгі факторлардың бірі. 2025 жылы Қытайда 34 млн-нан астам автомобиль өндірілген.
Зауыт неғұрлым көп көлік шығарса, әр автомобильдің өзіндік құны соғұрлым төмендейді. Яғни өндіріс ауқымының тиімділігі толық жұмыс істеп тұр.
Арзан жұмыс күші және автоматтандыру: Қытайдағы өндіріс орындарындағы еңбек құны салыстырмалы түрде төмен. Сонымен қатар зауыттар заманауи автоматтандырылған желілермен жабдықталған.
Көптеген өндірістік процестер адамның тікелей қатысуынсыз орындалады. Бұл да компаниялардың шығынын азайтады.
Жергілікті жеткізушілер: Қытайда металл, пластик, электроника және басқа да бөлшектер өндіретін жергілікті жеткізушілердің үлкен желісі қалыптасқан.
Сондықтан автокомпанияларға көптеген бөлшекті шетелден әкеліп, қымбат логистикаға ақша жұмсаудың қажеті жоқ.
Бұған қоса, қытайлық брендтер сатылым нарықтарында өндіріс орындарын ашып жатыр. Бұл көлік тасымалы мен кедендік шығындарды да азайтады.
Бюрократияның аздығы және жылдам даму: Еуропа мен АҚШ-та жаңа модельді келісіп, нарыққа шығару бірнеше жылға созылуы мүмкін. Қытайлық өндірушілер бұл процесті әлдеқайда жылдам жүргізеді.
Олар жаңа модельді нарыққа шығарып, тұтынушылардың пікірін жинайды және көліктегі кемшіліктерді кейінгі жаңартулар барысында түзетеді.
Мемлекеттік қолдау: Қытай автоөнеркәсібінің дамуына мемлекеттік қолдау да ықпал етті. Әсіресе электромобиль өндірушілеріне берілген субсидиялар ұзақ уақыт бойы көліктердің түпкі бағасын төмен деңгейде ұстауға мүмкіндік берді.
Ал қытай көліктерінің «кем тұсы» қандай?
Арзан бағаның екінші жағы көбіне көлік қайта сатылған кезде байқалады.
Қолданылған автомобиль нарығында қытайлық көліктер жапондық аналогтарына қарағанда құнын жылдамырақ жоғалтуы мүмкін. Мысалы, Haval Jolion бағасы 23 пайызға дейін, ал Chery Tiggo 8 Pro шамамен 35 пайызға арзандауы ықтимал.
Мамандар екінші нарықтағы өте арзан көлікке мұқият қарауға кеңес береді. Бағаның төмен болуы боялған кузов, тозған аспа немесе трансмиссиядағы ақаулар сияқты жасырын мәселелерге байланысты болуы мүмкін. Әсіресе көлік бұған дейін такси немесе каршерингте пайдаланылса, оның техникалық жағдайын мұқият тексеру қажет.
Тағы бір мәселе – кейбір қытайлық брендтердің Қытайдан тыс нарықтарда толыққанды ресми сервистік желісі әлі қалыптасып үлгермеген.
Қытай автоөнеркәсібіндегі жаңа тренд
Қазір қытайлық автомобиль брендтері шетел нарықтарына бейімделудің жаңа кезеңіне өтіп жатыр. Олар кей елдерде көліктерін жергілікті бренд атауларымен шығарып, бұрын батыстық концерндерге тиесілі болған зауыттарда құрастыра бастады.
Яғни қытайлық көліктердің төмен бағасы бір ғана себепке байланысты емес. Өндірістің ауқымы, автоматтандыру, жергілікті жеткізушілер, мемлекеттік қолдау және нарыққа жылдам бейімделу – олардың басты артықшылықтарының қатарында.
Ал тұтынушы үшін көліктің бастапқы бағасымен қатар, оның кейінгі қайта сату құнын, сервистік қызметін және қосалқы бөлшектердің қолжетімділігін де ескерген жөн.