Қытай көліктері Еуропаның автонарығын қалай өзгертіп жатыр

 People's Daily Online/Peng Yukai, Wu Chengliang
Фото: People's Daily Online/Peng Yukai, Wu Chengliang

Бүгінде әрбір екінші еуропалық қытай көлігін сатып алуға дайын. Euronews Бейжіңде өткен Auto China 2026 автосалонындағы нәтижеге қарап осындай қорытынды жасады.

Көрме ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Биыл автосалон China International Exhibition Center мен Capital International Convention and Exhibition Center-де қатар өтті. Ал жалпы аумағы 380 мың шаршы метрді құрап, рекорд жаңартты.

«Ақылды болашаққа жол ашамыз» ұранымен өткен көрме Қытайдың автомобиль саласында электрлендіру мен цифрландыруға ерекше мән беріп отырғанын көрсетті. Бұл өз кезегінде халықаралық қауымдастықтың да назарын аударды.

People's Daily Online/Peng Yukai, Wu Chengliang

Мыңнан аса көлік, жүздеген премьера

Auto China 2026 көрмесінде 1450-ден астам көлік таныстырылды. Оның ішінде 181 әлемдік премьера және 70-тен аса концепт-кар бар. Он күнге созылған көрмеде қытайлық та, шетелдік те өндірушілер өзара бәсекеге түскен.

Дегенмен негізгі басымдық қытай брендтеріне берілді. Мысалы, BYD компаниясы Dynasty, Denza, Yangwang және Fangchengbao секілді барлық моделін толық құрамда ұсынды. Сонымен қатар жаңа технологияларын, соның ішінде жылдам қуаттау мен қауіпсіздік жүйелерін көрсетті.

People's Daily Online/Peng Yukai, Wu Chengliang

Chery де артта қалған жоқ. Компания iCAR, EXEED, Jetour сияқты брендтерін бір алаңға жинап, жаңа үлгілерін таныстырды. Оның ішінде толық электрлі EXEED EX7 моделі ерекше назар аудартты.

Geely компаниясы да бірнеше брендін біріктіріп, жасанды интеллектке негізделген жаңа технологияларын ұсынды. Ал Xiaomi секілді технологиялық компаниялардың автонарыққа белсенді араласуы бұл саланың енді тек машина жасаумен шектелмейтінін аңғартса керек.

Сонымен қатар BMW, Mercedes-Benz, Audi, Toyota, Volvo және Ford сияқты әлемдік алпауыттар да жаңа үлгілерін көпшілік назарына ұсынып, көрменің халықаралық деңгейін арттырғандай.

People's Daily Online/Peng Yukai, Wu Chengliang

Қытай көліктері Еуропада қалай таралып жатыр?

Қытай автонарығы ішкі сұраныспен шектелмей, экспортқа бағыт алғанына бірнеше жыл болды. Әсіресе аккумулятор, бағдарламалық жасақтама және цифрлық сервистер саласындағы артықшылықтары олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып отыр.

Сарапшылардың айтуынша, қазірдің өзінде кейбір еуропалық елдерде қытай көліктерінің үлесі 10 пайыздан асып кеткен. Ал электрлі көліктер сегментінде олардың үлесі шамамен 14 пайызға жеткен.

People's Daily Online/Peng Yukai, Wu Chengliang

Сала маманы Георг Мрузектің сөзінше, әрбір екінші еуропалық тұтынушы келесі жолы қытайлық көлік сатып алуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Оның болжамынша, алдағы 4-5 жылда қытай брендтерінің Еуропадағы үлесі 15-25 пайызға дейін өсуі мүмкін. Егер қазіргі қарқын сақталса, алдағы он жылда бұл көрсеткіш 30 пайыздан да асуы ықтимал.

Көлік емес, технологиялық платформа

Auto China 2026 көрмесінің басты ерекшелігі – қытай компаниялары тек көлік емес, толыққанды цифрлық экожүйе ұсынып отыр.

People's Daily Online/Peng Yukai, Wu Chengliang

Сарапшылар пікірінше, қазір автомобиль жай ғана транспорт құралы болудан қалды, ол адамның күнделікті өмірімен тығыз байланысқан технологиялық платформаға айналып бара жатыр.

Ал бұл бағытта қытай өндірушілері жасанды интеллект, цифрлық сервистер және экожүйелерді жылдам енгізу арқылы дәстүрлі автокомпанияларға айтарлықтай бәсеке тудырып отыр.

Оқи отырыңыз