Жаңалықтар

Қытай делегациясы Қарағандыдағы университетке барды

Қытай делегациясы Қарағандыдағы университетке барды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі 04.10.2023 19:04 527

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне Шихэцзы университетінің ректоры, профессор Дай Бинь бастаған оқытушылары мен қызметкерлерінің үлкен делегациясы барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шихэцзы университеті Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданының жетекші университеттерінің бірі болып саналады. Мұнда ҚХР-ның барлық провинциялары мен аймақтарынан, сондай-ақ Ресей, Корея, Пәкістан, Қазақстан, Қырғызстан және басқа елдердің студенттері оқиды. Қазіргі уақытта университетте білім берудің барлық деңгейлері бойынша 30000-нан астам студент оқиды, ал Шихэцзы жұмысқа орналасу деңгейі бойынша ҚХР-да жетекші орындарда.

Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың басқарма төрағасы – ректоры, профессор Марат Ибатовпен кездесуде университеттердің стратегиялық әріптестігі мен ынтымақтастығы мәселелері талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша магистратура, академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша қос дипломды білім беру саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері шешілді, бірлескен ғылыми зерттеулердің бағыттары және ғылыми-зерттеу қызметі шеңберінде ынтымақтастықты кеңейту айқындалды.

Осылайша, ұлттық білім беру бағдарламаларын халықаралық тану, білім алушылар мен оқытушылардың ұтқырлығын қамтамасыз ету, сондай-ақ білім берудің барлық деңгейлерінің сапасын арттыру және сабақтастығын қамтамасыз ету үшін тараптар «Машина жасау», «IT-Медицина», «Цифрлық экономика» магистратурасы бағыты бойынша қос дипломды білім беруді іске асыру туралы келіссөздер жүргізеді, мақсаты Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының екі тең дәрежелі дипломын алу болып табылатын инженерия және биотехнология саласында бакалавриаттың бірлескен білім беру бағдарламаларын ашу мәселесі қаралуда.

Қытайдан келген делегация материалдық-техникалық базаға, ғылыми және зертханалық жабдықтарға, оқу процесін ұйымдастыруға жоғары баға берді, университеттің өнеркәсіптің нақты міндеттерін шешу жөніндегі ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін атап өтті.

Кездесу соңында университеттің Жастар сарайында Конфуций институттарының Дүниежүзілік күнін мерекелеуге орайластырылған мерекелік концерт өтті, оған Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың қонақтары, білім алушылар мен қызметкерлер қатысты.

Қазіргі уақытта Конфуций институттары әлемнің 150 елінде құрылған және олардың жалпы саны 500-ден асады. Оның ішінде Конфуцийдің 5 институты Қазақстан Республикасында жұмыс істейді. Олардың бірі 2012 жылы Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың базасында құрылды. Осы жылдар ішінде онда 2000-нан астам студент білім алды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға