Қыстың сұрқай киіміне жан бітіретін алты түс: сәнді қолғапты қалай таңдаймыз

Қыстың сұрқай киіміне жан бітіретін алты түс: сәнді қолғапты қалай таңдаймыз
Фото: AI көмегімен өңделді

Қара пальто, сарғыш түсті шарф, қара етік. Қыста көпшіліктің гардеробынан табылатын үйреншікті үйлесім. Әдемі, әмбебап, ешқашан сәннен қалмайды. Бірақ қараша ортасынан ауа бұл көрініс жалықтыра бастайтындай. Осындайда қысқы образға жаңа реңк берудің ең оңай жолы – түрлі түсті қолғап таңдау.

Әңгіме зүбәржат секілді қанық жасыл, жақұттай жарқыраған қызыл, аметистей қою күлгін немесе бал түстес сары қолғаптар жайында. Мұндай аксессуарды тек аяздан қорғану үшін емес, әдемілігіне қызығып та кигің келеді.

Түрлі түсті қолғаптарға деген қызығушылық 2026/2027 жылғы күз-қыс топтамаларынан айқын байқалды. Мәселен, Mugler сән үйі қанық жасыл, көк және күлгін түсті ұзын былғары қолғаптарды топтаманың басты бөлшектерінің біріне айналдырды. Max Mara, Khaite және өзге де брендтер бұл үрдісті қолдап, қолғапты образға сән беретін жарқын акцент ретінде ұсынды.

Бұл үрдістің ұтымды тұсы – оны күнделікті киім үлгісіне оңай бейімдеуге болады. Міндетті түрде шынтақтан асатын ұзын былғары қолғап сатып алудың немесе сән көрсетілімдеріндегі батыл үйлесімдерді сол күйі қайталаудың қажеті жоқ. Ерекше түсті бір жұп қолғаптың өзі қарапайым пальтоны жаңаша құлпыртып жібере алады.

Түс таңдағанда асыл тастардың реңктеріне назар аударуға болады. Зүбәржат, лағыл, топаз, аметист, гранат және цитрин түстері қолғапқа да, тұтас образға да сән-салтанат пен жарасымдылық дарытады. Ендеше осы алты реңкті киіммен қалай үйлестіруге болатынын қарастырайық.

Зүбәржат түсті қолғап

Алғашқы ұсынысымыз – қанық жасыл түс. Мұнда әдеттегі хаки емес, терең зүбәржат немесе ашық, шөп түстес жасыл реңкті таңдаған жөн. Екеуінің әсері де, көңіл күйі де екі бөлек.

it.pinterest.com
it.pinterest.com

Зүбәржат түсті қолғап жылы реңктегі сырт киіммен ерекше жарасады. Мәселен, шоколад түсті пальто, карамель реңкті тон немесе ашық сары тренчпен үйлестірсеңіз, көзге бірден түсетін әдемі контраст пайда болады. Жасыл түс өзге реңктермен таласпайды, керісінше, олардың бояуын аша түседі.

Оқи отырыңыз:

Ал ұстамдылау образ ұнатсаңыз, зүбәржат түсті былғары қолғапты қара пальто және қою сұр шалбармен киіп көріңіз. Бұл жағдайда сөмкені бейтарап түсте қалдырған дұрыс. Сонда назар қолғапқа ауады.

Лағыл түсті қолғап

Қыздар үшін қызыл түстің орны қай кезде де бөлек. Бұл жолы да одан айналып өте алмаймыз. Өйткені лағыл реңкті қолғап қысқы киімге ерекше сән береді.

@chasemarieee
@chasemarieee

Лағыл түс алқызылдан сәл қоюлау, тереңдігімен ерекшеленеді. Қысқы киімнің арасында көзге бірден түсетіндей қанық болғанымен, орынсыз «айқайлап» тұрмайды.

Мұндай қолғап сұр түсті жүн пальтомен өте жақсы үйлеседі. Әсіресе иығы кең, жағасы ірі немесе матасының бедері айқын пальтоға жарасады. Қызыл түс қатаң силуэтке нәзіктік қосып, образды жинақы әрі салмақты көрсетеді.

Тағы бір сәтті үйлесім – лағыл түсті қолғап, ашық сары пальто және көгілдір джинс. Артық әуресі жоқ, қарапайым әрі сәнді. Қызыл реңкті образдың басқа бөлшегінде де қайталағыңыз келсе, жұқа бордо шарф немесе соған жақын реңктегі далап таңдауға болады. Бірақ қолғап пен өзге аксессуардың түсі айна-қатесіз бірдей болмауы керек. Бірнеше реңк айырмашылығы образға табиғилық пен серпін береді.

Топаз түсті қолғап

Көк түсті көбіне джинстан, жейдеден немесе пальтодан көреміз. Ал қолғапқа осы реңкті таңдап көрдіңіз бе? Топаздай ашық көгілдір түс қысқы гардеробыңыздағы сүйікті аксессуарлардың біріне айналуы мүмкін.

Көгілдір түске графит сұр мен құм түстес реңктер ерекше жарасады. Мысалы, ұзын құм түсті жүн пальто, қоңыр кең балақ шалбар, шоколад түсті ботильон және көгілдір қолғап – бір қарағанда қарапайым болғанымен, өте үйлесімді образ.

Getty Images
Getty Images

Батылырақ киінгіңіз келсе, қою көк пен шоколад түстерін қатар қолданып көріңіз. Мұндай үйлесімде тегіс былғары қолғаптың орны бөлек. Былғарының сәл жылтыр беті көк түстің тереңдігін айқындай түседі.

Аметист түсті қолғап

Күлгін түс киім таңдағанда көп адамға күрделі көрінеді. Біреуге тым ашық, енді біреуге өткен ғасырдың сәнін еске түсіретіндей болуы мүмкін. Алайда күлгінді тұтас образға емес, қолғап секілді бір ғана аксессуарға қолдансаңыз, еш күмәнданудың қажеті жоқ.

Аметист реңкті қолғап қою сұр, қара және шоколад түсті киімдермен жақсы үйлеседі. Әсіресе бедері айқын жүн матадан тігілген сырт киіммен әдемі көрінеді. Күңгірт пальтоның фонында тегіс әрі қанық түсті былғары қолғап бірден көзге түседі.

it.pinterest.com
it.pinterest.com

Қысқы образды жұмсартып, нәзік реңк қосқыңыз келсе, лаванда түсті қолғапты ашық сары немесе сүт түстес киіммен үйлестіріңіз. Ал мұндай қолғап күдеріден тігілсе, жарасымдылығы тіпті арта түседі. Жұмсақ фактура мен нәзік түс бір-бірін толықтырады.

Анар түсті қолғап

Лағыл түстен айырмашылығы – гранат реңкі қоюлау, шарап түстес әрі қоңырқай реңкке ие. Сондықтан оны қара түстің орнына таңдауға болатын әмбебап түстердің қатарына қосуға әбден болады.

Гранат түсті қолғап ашық сары және қоңыр сырт киіммен де, сұр, қою көк, тіпті жасыл түспен де жарасады. Ең бастысы, бұл реңк күнделікті киюге қолайлы: тым көзге ұрып тұрмайды, сонымен бірге образға өзіндік сипат береді.

wildberries.tj
wildberries.tj

Әсіресе артық тігісі мен әшекейі жоқ, жұмсақ былғарыдан тігілген үлгілерге назар аударған жөн. Мұндай қолғап классикалық пальто, қой терісінен тігілген тон және қарапайым пішінді аң терісінен жасалған сырт киіммен жақсы үйлеседі.

Тағы бір ескеретін жайт: гардеробыңызда бордо түсті сөмке немесе етік болса, қолғапты дәл сол реңктен іздеудің қажеті жоқ. Түстердің сәл алшақтығы образды әлдеқайда жандандырады. Материалдардың фактурасы да әртүрлі болса, тіпті жақсы. Мәселен, тегіс былғары сөмке мен күдері қолғап бір-бірін әдемі толықтырады.

Цитрин түсті қолғап

Бұл топтамадағы ең тосын реңк – цитрин. Сары және алтын түстес асыл тастың атауынан-ақ аңғаруға болады: біз мұнда бал түстес, кәріптас сары немесе қанық қыша реңкті қолғаптарды ұсынамыз.

instagram.com/katyaklema
instagram.com/katyaklema

Мұндай түс киімді міндетті түрде ашық әрі жарқын етіп кию керек дегенді білдірмейді. Керісінше, сары қолғап бейтарап, ұстамды түстердің жанында ерекше әдемі көрінеді.

Мәселен, оны қою сұр пальто, графит түсті шалбар және қара етікпен үйлестіріп көріңіз. Немесе шоколад түсті тон мен көгілдір джинсыға қоссаңыз, еркін әрі сәнді образ шығады.

Әсіресе жылы қыша реңкті күдері қолғаптарға назар аударуға кеңес береміз. Жұмсақ фактурасының арқасында олар жылтыр былғары қолғаптай көзге ұрып тұрмайды. Беж және қоңыр түсті киімдері көп жандардың гардеробына да оңай үйлеседі.

2026/2027 жылғы қысқа қолғапты қалай таңдаған жөн?

Түсін таңдадық, енді қолғаптың пішіні мен материалына да тоқталайық. Өйткені сәнді көріну үшін реңктің өзі жеткіліксіз.

Осы маусымда білектен жоғары көтеріліп, білектің ортасына дейін немесе тіпті шынтақтан асып түсетін ұзын былғары қолғаптар өзекті. Мұндай үлгілер шынында да әсерлі көрінеді. Дегенмен сәнді екен деп қана ұзын қолғап сатып алуға асықпаған жөн.

Егер пальтоңыздың жеңі ұзын әрі тар болса, білекке дейін жететін немесе сәл ұзындау классикалық қолғап әлдеқайда ыңғайлы. Ал шынтақтан асатын үлгілер жеңі кең немесе қысқалау сырт киіммен жақсы үйлеседі.

Қолғаптың ішкі астарына да мән беріңіз. Жылытқышы жоқ жұқа былғары қолғап өте сәнді көрінгенімен, қақаған аязда қолды тоңдыруы мүмкін. Сондықтан қысқы күнделікті киімге жүннен немесе жылуды жақсы сақтайтын өзге материалдан астар салынған үлгіні таңдаған дұрыс.

Ал гардеробыңызға қай түс жарасатынын білмей жүрсеңіз, ең жиі киетін сырт киіміңізге қарап шешім қабылдаңыз. Қара және сұр пальтомен лағыл, сапфир және аметист реңктері жақсы үйлеседі. Ал ашық сары және қоңыр түсті сырт киімге зүбәржат, анар және цитрин түсті қолғап жарасады.

Бұған дейін сәнді көріну үшін түстерді қалай үйлестіру керектігі жайлы жазғанбыз. 

Оқи отырыңыз