Қысқы Олимпиада бағдарламасы өзгерді: үш жаңа спорт түрі қосылды

Қысқы Олимпиада бағдарламасы өзгерді: үш жаңа спорт түрі қосылды
Фото: ҰОК

Халықаралық Олимпиадалық комитетінің (ХОК) Атқарушы комитеті 2030 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасын бекітті. Франция Альпілерінде өтетін ақ Олимпиадада үш жаңа спорт түрі қосылып, тағы 16 жүлде сарапқа салынатын болды. 

Жаңартылған бағдарламаға шаңғы спорты, сноубордтағы фрирайд, синхронды мәнерлеп сырғанау секілді жаңа жарыс түрі енгізілді. Жалпы, өзгеріс биатлон, конькимен жүгіру, шаңғы спорты, сноуборд және ски-альпинизм бағыттарын қамтиды.

Жаңа жарыстар қатарында:

  • биатлоннан аралас жекелей эстафета;
  • конькимен жүгіруден командалық спринт;
  • фристайлдағы аралас командалық ски-кросс;
  • сноубордтағы параллельді аралас командалық жарыс;
  • шаңғымен тұғырдан секіруден әйелдер арасындағы командалық жарыс бар.

Ал шаңғы қоссайысы 2030 жылғы Олимпиада бағдарламасына кірмеді. ХОК бұл шешімді спорт түрінің танымалдығы, көрермен қызығушылығы, медиадағы қамтылуы және әлем бойынша таралу деңгейін талдау нәтижесінде қабылдады. ХОК мәліметінше, шаңғы қоссайысы кейінгі төрт қысқы Олимпиадада небәрі бес ұлттық олимпиадалық комитет өкілдеріне жүлде әкелген. Дегенмен бұл спорт түрі 2028 жылы өтетін IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіреді. Сондай-ақ 2034 жылы Солт-Лейк-Ситиде өтетін XXVIII қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына қайта енуге үміткер бола алады.

Мамандардың айтуынша, 2030 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында қатысушылар квотасында гендерлік теңдік сақталады. Мұндай оқиға қысқы Олимпиада тарихында алғаш рет тіркелмек.  Әлемдік додаға 3046 спортшы қатысады: 1525 әйел және 1521 ер адам. Барлығы 126 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.

Сонымен қатар ХОК Атқарушы комитеті спорт нысандарының жаңартылған жоспарын бекітті. Ски-альпинизм жарыстары Монженеврде өтеді. 

Оқи отырыңыз