Күннің суытуы, ауа ылғалдылығының құбылуы, жылытылатын бөлмелердегі құрғақ ауа мен бас киім кию шаштың табиғи қалпына әсер ететінін білеміз. Соның салдарынан шаш құрғап, сынғыш әрі күңгірт тартып, электрлене бастайды. Ендеше суық мезгілде шашқа қалай күтім жасап, оның саулығын қалай сақтау керектігіне көз жүгіртейік.
Суық мезгілде шашқа не зиян?
Сырттағы суық ауа қан тамырларын тарылтып, шаш түбірінің қанмен қамтамасыз етілуі мен қоректенуін нашарлатуы мүмкін. Ал үй ішіндегі ыстық әрі құрғақ ауа шаштың өзегіндегі ылғалды тартып, оның құрғауына әкеледі.
Бұған қоса, бас киім, биік жағалы жемпір мен синтетикалық материалдан тігілген шарф та шашқа кері әсерін тигізеді. Мұндай киімдер шаштың айналасында «жылыжай әсерін» тудырып, оның шатасуына, үйкелістен зақымдануына себеп болуы мүмкін. Бас терісі терлеп, май бездерінің белсенділігі артады. Ал шаштың ұзындығы мен ұштары құрғақ күйінде қала береді.
Бас киімнің материалы да маңызды. Сапасыз немесе теріге жайсыз материалдан тігілген бас киім бас терісін қышытып, тітіркендіруі мүмкін.
Күз бен қыста шашты қалай күткен дұрыс?
Суық маусымда табиғи майлар шаш күтімінде таптырмас көмекшіге айналады. Соның бірі – ши майы. Оның құрамындағы триглицеридтер шаштың сыртқы қабатын қалпына келтіруге көмектесіп, кутикуладағы ұсақ зақымдарды толтырады. Сонымен қатар шаштың бойында қорғаныш қабатын қалыптастырып, ылғалдың жоғалуын азайтады.
Ши майының қабынуға қарсы қасиеті бас терісінің тітіркенуін басуға көмектеседі. Ал шаштың ұшына жаққанда оның екіге жарылуы мен сынуын азайтуға ықпал етеді.
Кокос майы да шаш күтімінде бағалы өнімдердің бірі саналады. Оның құрамындағы лаурин қышқылы шаштың ішкі құрылымына тереңірек еніп, ылғалдандыруға және ақуыздың жоғалуын азайтуға көмектеседі. Соның арқасында нығая түседі.
Кокос майының құрылымы жеңіл, сондықтан оны күнделікті күтімге қолдануға болады. Ол шашты ауырлатпай, суық ауа мен үй ішіндегі құрғақ ауаның әсерінен қорғауға көмектеседі.
Суық мезгілде шаш күтімі үшін қандай құралдар қолданған жөн?
Күз бен қыс мезгілінде шашқа жұмсақ әсер ететін, ылғалдандыратын немесе нәрлендіретін сусабындарға көшкен дұрыс. Құрамында керамидтер, табиғи майлар мен пантенол бар өнімдерге назар аударуға болады.
Егер шаш бұрынғыдан қатты құрғап кетсе, құрамында SLS/SLES сияқты сульфаттары бар сусабындарды қолдануды азайтқан жөн.
Шашты жуған сайын кондиционер қолдану маңызды. Аптасына бір-екі рет қалпына келтіретін немесе терең ылғалдандыратын маска жағып, әсіресе шаштың ұзындығы мен ұштарына көңіл бөліңіз.
Шаштың ұшына жуылғаннан кейін немесе құрғақ күйінде жуылмайтын сарысу не май жағуға болады. Бұл шаштың ұштануына, электрленуіне және шатасуына жол бермеуге көмектеседі.
Бас киімді дұрыс таңдап, шашты үйкелістен қорғаңыз
Шаш пен бас терісін суықтан қорғау үшін табиғи әрі гипоаллергенді материалдардан тігілген бас киім таңдаған жөн. Мысалы, кашемир, альпака жүнінен жасалған немесе жүннің астына мақта астар салынған бас киімдер қолайлы.
Бас киім шашты үйкелістен қорғап қана қоймай, бас терісін тоңудан сақтайды.
Бас киімнің астына шашты қатты тартпай, бос түйіп немесе өріп қойған дұрыс. Бұл шаштың шатасуы мен үйкелісін азайтады. Үйге кірген соң бас киімді шешіп, шашты босатып жіберіңіз.
Аязды күндері шаштың ұзын бөлігін пальтоның немесе күртешенің ішіне жинап қойған жөн. Осылайша шашты желден, аяздан және сырт киімге үйкелуден қорғауға болады.
Қыста шаш күтімінде жиі жіберілетін қателіктер
Суық мезгілде шаштың құрғап, сынуына көбіне күнделікті күтімдегі қарапайым қателіктер себеп болады. Мамандар мына әдеттерден сақ болуға кеңес береді:
- Шашты тым ыстық сумен жуу. Бұл бас терісін құрғатып, шаштың табиғи ылғалын азайтады.
- Тар әрі синтетикалық бас киім кию. Шашты үйкеп, шатастырып, бас терісін тітіркендіруі мүмкін.
- Құрамында спирті бар сәндеу құралдарын жиі қолдану. Мұндай өнімдер шашты құрғатып жіберуі ықтимал.
- Шашты өте ыстық фенмен кептіру. Фенді жұмсақ немесе салқын режимге қойып, шаштан 15-20 сантиметр қашықтықта ұстаған дұрыс.
- Шашыңыз су кезде далаға шығу. Аязда шаштың бойындағы су қатып, мұз кристалдары шаш талшығын зақымдауы мүмкін. Тиісінше шаш әлсіреп, сынғыш келеді.
- Ыстық құралдармен жиі сәндеу. Бұйралағыш пен шаш түзеткішті мүмкіндігінше сирек қолданып, шашқа демалыс берген жөн.
Суық мезгілде шаш күтіміне көбірек көңіл бөлу оның табиғи жылтырлығы мен жұмсақтығын сақтауға көмектеседі. Дұрыс таңдалған күтім құралдары, бас киім және күнделікті әдеттер шаштың құрғап, сынуына жол бермей, қыс бойы сау көрінуіне ықпал етеді.