Жаңалықтар

Қыпшақ мәмлүктері кезіндегі мәдени даму

Мәмлүк заманында атақты тарихшылар өмір сүріп, сұлтандардың өмірбаянын жазған
Қыпшақ мәмлүктері кезіндегі мәдени даму
Фото: e-history.kz 18.11.2022 15:43 2610

Жалпы алғанда қыпшақ сұлтандары тұсында, әсіресе Халифат күйреген соң, христиандардың Андалусиядағы мұсылман иеліктерін бірте-бірте жаулап алуы жан-жақтан ғалымдар мен білім талап етушілердің Каирге жиналуы Мысырды мұсылман әлеміндегі мәдениет һәм ғылым мен өнер орталығына айналдырады. Ислам ілімін тарату мақсатында көптеген медреселер соғылып, әл-Әзһар мешітінің қайта қалпына келтірілуі дүниежүзіндегі алғашқы жоғары оқу орындарының бірі саналатын осы университетке мұсылман әлемінің түкпір-түкпірінен білім іздеушілердің ағылып келе бастауына жол ашты.

Мәмлүк заманында атақты тарихшылар өмір сүріп, сұлтандардың өмірбаянын жазған. Осы орайда мәмлүк мемлекеттік жүйесінде қызмет еткен Ибн Абдузаһир, Ибн Шаддад және Ибн Уасил деген тарихшыларды кітаптың бірінші тарауында атап өттік. Сол заманда өмір сүрген тарихшылар Ибн Халикан сұлтанның замандасы екендігіне қарамастан, ол туралы ешбір мағлұматтар қалдырмаған. Бірақ бұл олқылықты тарихшы Ибн Шакир түзеді дей аламыз.

Қыпшақ сұлтандары мен бектері де ғылым мен білімнен құр алақан, қара жаяу емес еді. Олар сол кездегі қабылданған иерархиялық сатының «қылыш иелері» сатысында тұрғандарына қарамастан, бірқатар мәмлүктер немесе мәмлүк отбасыдан шыққандар тарих ғылымына ден қойып, осы тақырыпта біршама шығармалар қалдырды. Мәмлүктердің немесе олардың балаларының арнайы әскери тәрбие алғандықтарына қарамастан, ғылым мен білімге деген ынталары атап өтерлік. Мәмлүктерді тәрбиелеу ісінде көбіне әскери пәндерге баса көңіл бөлінгендігімен дін негіздері терең болмаса да оқытылатын. Оның үстіне мәмлүктер үшін араб тілі шет тілі еді, олардың көбі ол тілде сөйлей алмайтын.

Дей тұрғанмен, мәмлүктердің арасынан хатшылық пен тарихты зерттеумен айналысқан бір топ ғалымдар шыққан. Олардың ішіндегі көрнектілерінің қатарына Ибн Тәңірберді, Ибн Ийас, Ибн Айбек, Байбарыс ад-Дауадар жатады. Олар сол кездің ірі ғұламалары саналған белгілі тарихшылар аз-Заһаби,  әл-Макризи, әл-Айни, Ибн Хаджар, Ибн Арабшахтан дәріс алған.

Бір айта кететіні: мәмлүктер арасынан шыққан тарихшыларға басқа тарихшылармен салыстырғанда мол мүмкіндіктер ашылды. Олардың билеуші топпен және тақ төңірегіндегілермен тікелей байланыстары бар екендігі, олармен бір тілде сөйлегендігі көп мәселелерді жан-жақты білулеріне жол ашты. Сондықтан олар өздері көрген тарихи оқиғаларды өз шығармаларында ешбір бояусыз шынайы түрде жеткізіп отырды. Мысалы, тарихшы Байбарыс ад-Дауадар мәмлүк мемлекетінде екінші мансап иесі, ал тарихшы Ибн Айбек Сархад қаласындағы мәмлүк әскерінің басшысы қызметін атқарған. Ал Ибн Тәңірберді мен Ибн Ийас мәмлүктердің балалары, олар әскери қызметке кірмеген, алайда олар билеуші топпен туыстық қатынастарының арқасында көптеген тарихи құжаттарға еркін қол жеткізе алатын мүмкіншіліктері бар еді.

Ибн Тәңірбердінің жездесі сұлтан, өзі де шығармасын сұлтанға арнайды. Оған тарихшылар «Түркі ахуалын жетік білетін тарихшы» деп баға береді. Ол кезде түркі жұлдызы көкте жарқырап тұрған еді. Сондай-ақ Ибн Йиас та «адамның балаларының» бірі, ешбір мансаптар иеленбеген. Бірақ аталған тарихшылар, оның ішінде Халил аз-Захири бар, өздерінің әлеуметтік орындарының арқасында мәмлүк мемлекеттік құрылымының әскер һәм әкімшілік жүйесін бүге-шігесіне дейін білген. Сондықтан соңғы тарихшы әкімшілік құрылымы туралы «Зубда кашф әл-мамалик уа байан ат-турқ уа әл-масалик»  (Иеліктерді және жолдар мен бағыттарды баяндау) атты еңбегін қалдырған.

Ортағасырлық мұсылман мәдениетінде құсни хат – каллиграфия өнері ерекше орын алады. Баспаханалар жоқ заманда қасиетті кітап, хадистер мен басқа да кітаптарды көшіріп жазушылар, оның ішіндегі құсни хат шеберлері ерекше құрметке бөленді. Араб тілінің қолдану аясының өсуіне қарай жазу түрлері де көбейе түсті. Жазу түрлері өзі қолданылатын салаға қарай тармақтала бастады. Куфа, насх, диуани жазу түрлерімен діни текстер жазылса, келесі сулс, насх және т.б. түрлермен сұлтандардың жарлықтары жазылды. Орталық Азиядағы елдерде жазудың жаңа түрлері дүниеге келді. Кейбір жерлерде жазу түрлерінің шифровка секілді құпия түрлері де қолданылатын. Ал енді мәмлүк билігіне қатысты алғанда қыпшақтар да мамлуки  деген жазу түрін дүниеге келтірді. Түркі интеллекті бөгде мәдениетті өзінің елегінен өткізіп, көп жағдайда оны сапалық жаңа биіктікке көтеріп отырды.

Әрине, мәмлүктер арасынан шыққан оқымыстылар өздерінің ата кәсібі – соғыс ісін айналып кете алмаған. Олар соғыс тарихымен қатар соғыс өнері туралы шығармалар қалдырған. Мысалы, Лашын, Ибн Меңлі, Тайбұқа Беклемиши, Бектұт, Арынбұқа, Тайбұқа деген бектер және т.б. өздерінің шығармаларында шабуыл, шегіну, қорғану секілді тактикалық мәселелермен қатар садақ, найза, қылыш, және т.б. қару-жарақ түрлерін қолдану, ат күту және басқа әскери іске қатысты мәселелер бойынша сол кездің жауынгерлеріне арналған нұсқаулық шығармалар қалдырған.

Осы орайда ол заманда ақындардың мәмлүктердің жеңістерін мадақтап поэмалар жазғанын айта кеткен жөн. Олардың кейбіреулері билеушілердің ілтипатына ілініп, мемлекеттік мансаптарды иеленген. Қыпшақ сұлтандарының ғылым мен білімге деген ынтасы тек қана ақын-жазушы, тарихшыларды көтермелеп отырумен шектелмей, діни-ағарту, оқу орындарын салумен үйлесіп жатқан.

Тарихшылар қыпшақтар заманында Мысырдағы медреселердің көптігін атап көрсетеді. Олар дәл осы тарихи кезеңде медреселердің санының күрт өскендігін қыпшақ сұлтандарының тақуалығынан іздейді. Себебі олардың басым бөлігі өздерінің ерекше діндарлығымен дараланған сұлтандар екендігі белгілі. Сонымен қатар бұл жерде медреселер тек оқу орны ғана емес. Медресе – көп жағдайда сұлтан немесе бектер қаза тапқан соң жерленетін кесененің құрамдас бір бөлігі. Сұлтандардың ішінен тек Байбарыс қана Каир қаласында атақты медресесін салдырғанда, өзін бұл жерге жерлемеуге өсиет айтқан. Оның өзінде де, Байбарыстың өсиеті бойынша, Дамаск қаласына жерленгенде, оның үстіне медресе тұрғызылады.

Медресе ашу мәмлүк мемлекеттік жүйесінде маңызды хаттамалық шараның бірі саналған. Сонымен, медресе құрылысы аяқталып, оның ашылуына сұлтан бас бектермен қатысып, дін басылар және қазылармен діни сұхбат жүргізіп, арты қара халықтың қатысуымен тойға ұласады. Бұл, бір жағынан, қыпшақ билеушілері қара халық алдында өздерін дін үшін күресушілер ретінде көрсетіп, мәмлүк билігінің негіздерін бекітуге пайдаланылған.

Әр медресенің қасында мұғалімдер мен шәкірттерге арналған кітапханалар жұмыс істеген. Кітапханашылар кітаптарды тәртіпке келтіріп, жыртылғандарын жөндеп отыратын. Кітапхана қорында діни тақырыптармен қатар ғылымның әртүрлі салаларындағы кітаптар сақталған. Кітаптарды пайдалану арқылы, қызыққан адам кітапты үйіне апарып оқу үшін кітаптың құнына тұрарлық пұл қалдырып кетуге тиіс-тұғын. Медреселер мәмлүк заманында жоғары оқу орындары, мектептер орта білім беру орындары саналған. Бірақ мектептерде тек жетім немесе нашар отбасылардан шыққан балалар дәріс алатын. Қыпшақтар заманында осындай мектептерде оқитын жетім балаларға күнделікті тамақ, жылына екі рет киім беріп тұратын.

Мәмлүк сұлтандары мен бектері мешіт, медресе, күмбез салуға ерекше көңіл бөлгендіктен, мәмлүк дәуірі ислам сәулет өнеріндегі алтын ғасыр саналады. Жалпы мәмлүк дәуірінен қалған ескерткіштердің ішінде Каир қаласындағы Байбарыс мешіті, медресесі, сұлтан Қалауынның мешіт-медресесі, Қалауынұлы Мұхаммедтің мешіт-медресесі, сұлтан Хасанның медресе-мешіті қыпшақ кезеңінің сәулет өнерінің жарқын үлгілері санатына қосылады. Қыпшақ дәуірінен қалған ескерткіштер басқа тарихи ғимараттардан орасан зор көлемдерімен және салтанаттылығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ сұлтандар көпқабатты сарайлар, көпірлер, әскери мақсаттағы ғимараттар салуға мән берген.

Дәл осы мәмлүк заманының басында ғимараттардың сыртын ою-өрнектер қашалып салынған төрт бұрышты тастармен қалау әдісі кеңінен ене бастайды. Айша бибі мазарының сыртындағы әшекей тастар секілді. Мәмлүк дәуірінде мозайка немесе сырлы кірпіштермен қаптау әдісі мүлдем қолданылмаған. Оның орнын қашалған неше түрлі формалы тас блоктары басқан. Сонымен қатар гипстен жасалған осындай кірпіштерде өсімдік пішіндес ою-өрнек, жазулар таңбаланды. Каирдегі қамалдың етегінде тұрған Хасан сұлтан мешіт-медресесінің қақпасы осы тәсілдің жарқын мысалы. Байбарыс сұлтанның атшаптырымдай мешітінің терезелерінің үстіңгі жағы геометриялық және шөп тәріздес өрнектермен безендірілген. Осындай өрнектер қыпшақтардан қалған ғимараттардың терезелерінде, қақпаларында,  ішкі көріністерінде кәдеге жаратылған. 1303 жылы Каир қаласында Санжар мен Салар атты екі қыпшақ бектердің құрметіне салынған мешіт-медресенің терезесінде асқан шеберлікпен тақтайдай жалпақ гранитті тесіп отырып салынған өсімдік өрнегі ерекше көз тартады. Каир қаласында табылған гранит бетінде бедерлі етіп арыстан суреті қашалған. Сұлтан Байбарыстың таңбасы арыстан бар бұл тақтай Байбарыс салдырған ғимараттардың бірінен қалған бөлшек екендігі даусыз. Өйткені Байбарыс медресесінің біздің заманымызға жеткен бөлігінде бір-біріне қарама-қарсы тұрған екі арыстанның бейнелері салынған.

Мәмлүк дәуірі кезінде металдан бұйым жасау, темір өңдеу өнері ерекше дамыды. Мыс жапырақтарымен мешіттердің, сарайлардың ағаш есіктері қапталып, сыртына әдемі геометриялық өрнектер нақышталатын. Одан мешіттер үшін балауыз шам қондырғылары, орындықтар, кітаптар салатын сандықшалар, люстра, сия сауыт, қару-жарақ және тұрмыс қажеттерін өтейтін дүниелер жасалды. Қыпшақ Қалауын сұлтанның бұйрығымен күміспен күптеліп жасалған, сырты ою-өрнектелген мыс орындық Каирдегі Ислам өнері музейінде сақтаулы тұр.

Мәмлүк дәуірі болғанда дәл қыпшақ кезеңіне қатысы бар темір шара скиф өмірінің көріністері салынған ыдыстарды еске түсіреді. Мұнда да сұлтан сарайындағы өмір көріністері ыдыстың сыртына айналдыра қашалған. Суреттердің бірінде сұлтан малдас құрып қымыз құйылған тостағанды балбал тастардағыдай кеуде тұсында ұстап отырса, келесі суретте қымыз құйылған шараға ұқсас ыдысты көтеріп келе жатқан мәмлүк, келесі суретте қылыш ұстаған мәмлүк, сұлтанның қару тасушысы бейнеленген. Суретте бейнеленгендердің барлығы түркі жүзділер, олар асқан ыждаһаттылықпен, өте айқын салынған. Бұл мыс ыдыс Париждегі Лувр мұражайында сақтаулы тұр.

Сол дәуірде жасалған қару-жарақ, құрал-сайман, ыдыс-аяқтарға иелерінің таңбаларын немесе аты-жөндерін жазатын әдет қалыптасқан. Әр мәмлүк бегінің мансабына байланысты өзіндік таңбалары бар екендігі айтылған еді. Мысалы, Каирдегі Ислам өнері музейінде сақтаулы күміспен күптелген құмған каллиграфиялық жазумен безендіріліп, иесі Табтақ бек екендігі жазылған.

Мәмлүктер заманында Алеппо қаласының шыны бұйымдарымен аты шығады. Шыны ыдыстардағы ою-өрнектер темір ыдыстардағы секілді. Осы дәуірге қатысы бар бір ыдыс осы күндерге дейін жеткен. Құмыра секілді шыны ыдыстың бел ортасынан тізіліп шауып бара жатқан салт атты мәмлүктер салынған. Сурет мәмлүктердің киім киістері туралы мол мағлұмат береді. Ыдыс Берлиннің мемлекеттік мұражайында сақтаулы тұр.

Қолөнер тарихына үңілсек, мәмлүк дәуірінде негізі қанардан істелген кілемдердің орнына сұлу, ерекше өрнекті, құлпырған жібек кілемдер басады. Жібектің молынан пайдаланылуы, бір жағынан, мәмлүк дәуіріндегі экономикалық гүлденуді көрсетеді. Кілем орталықтары бұрынғы Думият, Таннис қалаларынан Александрия мен Даманхурге көшеді. Мәмлүк кілемдерінде жергілікті кілем тоқу дәстүрінде жоқ жануарлар мен құстардың сұлбасы және мәмлүк геометриялық өрнектері пайда болады. Өсімдік тақырыбы, негізінен, лотос, таушымылдық гүлдері және т.б. түрінде өсімдіктер салынады. Жергілікті түсінік бойынша ерекше хайуанаттар есептелген айдаһар бейнесі - мысалы, қыпшақтардың қасиет тұтқан жыланы. Кілемдердің өрнектеріне дейін тапсырыс берген бектер мен сұлтандар араласып отырған. Кейбір кілемдерде сұлтандардың аттары сақталған. Мысалы, Қалауынұлы Мұхаммед сұлтанның аты-жөні алтын жіппен жазылған кілем осы күндерге дейін жеткен. Кілемнің ортасында бір-біріне қарама-қарсы тоты құстарға ұқсас екі құс тұмсық тірестіріп тұр. Құстар орналасқан шеңбердің тысында төрт жыланның бейнесі бар.

Ерекше атап өтетін жайт: мәмлүк дәуірінде жібек тоқымаларды жиектеу тәсілі дүниеге келген. Жиектеу кәдімгі кестелеу тәсілі арқылы жүзеге асатын. Осы тәсіл Еуропаға гобелен деген атпен енген, ол алғаш қолданған неміс суретшісінің атымен аталған. Біздің ата-бабаларымыздың өнері араға бірнеше ғасыр салып, осы заманғы қазақ өнерінен қайта орын алып отыр.

Өкінішке орай, осы дәуірге жататын көптеген кілемдер Дамаск кілемі деген атпен Еуропа мұражайларында сақтаулы тұр. Бұл кілемдердің басты ерекшеліктері көк түсті геометриялық өрнектер қызыл негізге салынады.

Қолөнердің басқа да түрлері – алтын жалату, терімен қаптау да кең құлаш жайды. Сұлтандар мен ауқатты бектер Құран кітаптарын хұсни хатпен шығартып, сыртына өз аттарын жазғызатын. Каирдегі Мысыр Кітап үйінде Арғун шаһ жасатқан кітап сақтаулы тұр. Кітаптың жасалған уақыты 1368 жыл деп көрсетілген.

Бір атап өтерлігі, мәмлүк дәуірінде сурет салу ерекше дамыған. Өнер зерттеушілері мәмлүк сурет салу мектебі дәстүрлі парсы сурет салуы мен араб сурет салу тәсілдерін бойына жиған деп есептейді. Суреттердегі түркілер мен түркіеместердің антропологиялық бет-пішіндеріндегі айырмашылық анық көрсетілген. Венаның көпшілік кітапханасында сақтаулы тұрған 1334 жылы Мысырда шыққан «Мақамат әл-Харири» (Хариридің мақамдары) кітабын безендірген суреттер – осы мәмлүк тәсілінің жарқын үлгісі саналумен қатар мәмлүк тарихына қатысты өте құнды дүние.

Бұл сурет қыпшақ мәмлүктердің өміріне қатысты көптеген сұрақтарға мол мағлұмат береді. Сурет  ортасында тақ үстінде салтанатты кейіпте ұзын қара шашты сұлтан малдас құрып отыр. Жеңіл шапанның үстінен желбегей шолақ жеңді шапан жамылған. Оның бір жеңі бос қалдырылған. Сулық орамал ұстаған сол қолын тізесіне таянып алған. Оң қолында қымыз құйылған тостаған. Басында сұлтан билігінің белгісі – сәлде. Сәлденің үстінен сұлтанның аты-жөні және титулы жазылған лента оралған. Шапанының жеңіне Құран аяттары жазылған. Періште жүзді сұлтанның екі жағында, аяқтарына білезік салған, жалаңаяқ, қанаттары бар, ұзын қос бұрымды екі періште әуеде қалықтап тұр. Екі періште – сұлтанның желеп-жебеушілері. Қолдарында сұлтан билігінің белгісі – тоқымды ұстап тұр. Періштелердің бас киімі Жамбыл облысының жерінде табылған Ұмай ананың тасқа қашалған бейнесінде бар. Ә. Марғұлан Алтайда табылған тасқа қашалған балалы әйел мен үш тізе бүккен салт аттыларды суреттей келе, әйелдің тура осындай бас киімін: «Күлтегіннің тәжіне ұқсас үш мүйізді бас киім», – деп атайды. Сұлтанның оң жағында телпек киген қызметші қымыз толтырылған жаңа тостағанды ұстап тұрса, тақтың сол жағында ұзын бұрымын басына ораған қызыл көйлекті қыпшақ қызы сол қолын ұмсындыра ұстап, бос ыдысты лезде ала қою үшін сұлтанның қолын бағып тұр.

Сұлтанның көңілін көтерушілер музыка аспабын шертіп отыр. Қасында әнші бар. Телпектерінің төбесінде, қазақтардың қыздары ғана емес, сал-серілері де бөріктеріне үкі таққаны белгілі, үкі таққандар қосылып ән айтып тұр. Жас акробат шара секілді ыдыс үстінде өнерін көрсетуде. Сұлтанның оң жағын ала өнер көрсетіп тұрған сәлделі адам Қыпшақ даласындағы, қазақтардың арасында соңғы кездерге шейін сақталған бақсылар өнерін паш етіп тұр. Суретте бақсы отқа қыздырылған қылышты жалап тұр.

Суреттегілердің киім үлгілерінің Таяу Шығыс аймағындағы киім үлгісінен түбегейлі айырмашылығы бар. Тар жең шапанды ол аймаққа сөзсіз түркілер, қыпшақтар әкелген. Сұлтанның беліндегі алтын белбеу де көп нәрсені аңғартады.

Байбарыс сұлтан, жалпы алғанда, түркi мәмлүктерi артына бiр белгi қалдыруға ұмтылып отырған. Әрине, Мысыр мен Шам елдерiнде шашырай орналасқан мәмлүк дәуiрiнiң ескерткiштерi мәдениеттің түрлі салаларына жататын қисапсыз мұра. Сұлтандармен қатар бас бектер, мыңбасылар, жүзбасылар да кем дегенде мешiт салып немесе өз басына Байбарыстың сөзiмен айтқанада «алыс замандарға жететiн белгi қоюға» тырысқан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға