Жаңалықтар

Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге қандай өзгерістер енгізіледі

Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге қандай өзгерістер енгізіледі
Фото: El.kz 29.05.2023 16:19 1557

Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында әділет вице-министрі Алма Мұқанова «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге ревизия жүргізіп, іс жүзінде жұмыс істемейтін немесе сот төрелігіне кедергі келтіретін барлық нормалардан арылу керектігін, сондай-ақ қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Осындай ревизияны жүргізу Президенттің 2022 жылғы 26 қарашадағы №2 жарлығымен бекітілген сайлауалды бағдарламасының 17-тармағында көзделген», - деді вице-министр.

Кодексті түзету жөніндегі өкілеттілік Әділет министрлігіне берілді.

Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстердің мыңнан астам бабына талдау жүргізілді. Азаматтарды қылмыстық қудалау орбитасына негізсіз тартуды алып тастауға мүмкіндік беретін нормалар қайта қаралған.

Вице-министр заң жобасындағы бірқатар өзгеріске тоқталып өтті:

Қаралатын қылмыстық іс шеңберінде кәсіпкерлік субъектілеріне ревизия және тексеру жүргізуді міндетті түрде прокурормен келісу ұсынылды;

Тінту, жеке тінту және алу бойынша санкцияны қолданудың 10 тәуліктік мерзімін белгілеу ұсынылған;

Бұрын «қорғалуға құқығы бар куә» ретінде болған күдіктінің айғақтарын дәлел ретінде пайдалануға тыйым салуды енгізу ұсынылады;

Кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша «еселенген айыппұлдар» енгізу ұсынылған;

Коллекторлық агенттік қызметкерінің өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны және асырғаны үшін қылмыстық жауаптылық қарастыру ұсынылған;

Қорғау тарапына айыптау актісіне қарсы құжат болатын қорғау актісін сотқа енгізу құқығын беру ұсынылды;

Қылмыстық істерді жүргізудің электрондық форматына көшу ұсынылды;

Интернет желісіндегі қылмыстық құқық бұзушылықтарды жәбірленушінің орналасқан жері бойынша тергеп-тексеру ұсынылды;

Қылмыстық процесте жәбірленуші, күдікті мен куәге қатысты қашықтықтан беттестіру мүмкіндігін енгізу ұсынылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға