Жаңалықтар

Құтқарушылар қар құрсауында қалып қойған 27 адамды құтқарды

Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті
Құтқарушылар қар құрсауында қалып қойған 27 адамды құтқарды
Фото: gov.kz 10.01.2023 12:09 946

Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Әулиекөл ауылының 15-ӨСБ байланыс пультіне Сұлукөл кентінің сыртында жолаушылары бар жеңіл автокөлік қар құрсауында қалғаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Құтқарушылар дереу әрекет етіп, шақыру орнына өтімділігі жоғары Камаз-вахтовка техникасы мен жеке құрамның 3 адамын жіберді.

Автомашина облыстық маңызы бар «Әулиекөл-Жолдама» автожолы учаскесінде Сұлукөл кентінен 40 шақырым жерде табылды.

Жолаушылар көлігінде 5 адам ауа-райының қолайсыздығына байланысты қар құрсауына тап болды. Ауа-райының нашарлауы, температураның күрт төмендеуі нәтижесінде олар мінген көлік істен шықты.

Құтқарушылар жолаушыларды Әулиекөл кентіне эвакуациялап, жергілікті мектеп-интернатта орналасқан жылыту пунктіне орналастырды, онда олар ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

Сол күні тағы бір құтқару операциясын Қамысты ауданының ТЖ бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырды. Республикалық маңызы бар «Қостанай-Қарабұтақ» автожолында «Мерседес» маркалы автокөлік сынған. Құтқарушылар шетелдік көлікті жөндеуге көмектесті және Ливановка кентінің жылыту пунктіне 7 адамды, оның ішінде 5 баланы жеткізді.

Бір сағат өтер-өтпестен құтқарушылар тағы бір шақыруды қабылдады. Ливановка ауылынан 3 км қашықтықта орналасқан республикалық маңызы бар «Қостанай-Қарабұтақ» автожолында қарлы тұтқында жүк автомашинасы қалып қойды. 2 адам ақаулы машинадан құтқарылып, Ливановка кентінің жылыту пунктіне жеткізілді.

Авариялық-құтқару жұмыстары сәтті өтті. Құтқарылғандардың барлығы медициналық көмекке мұқтаж емес еді.

Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы ТЖД құтқарушылары қолайсыз ауа райының тұтқыны болған тұрғындарға көмекке келді. Глубокое ауданының Волчиха ауылында 11 адам қала сыртындағы үйде болған, өңірде бір аптаға жуық қар жауғаннан және қарлы бораннан кейін олар өз бетінше үйлеріне орала алмаған. ШҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері «Шерп» автокөліктерімен көмекке келді. Барлық азаматтар үйлеріне аман-есен жеткізілді, оларға медициналық көмек қажет болмады.

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Абай ауылдық округінде Балқаш қаласынан 30 шақырым жерде қар құрсауында 2 адамы бар «УАЗ» автокөлігі тұрып қалғаны туралы хабар келіп түсті. Олар ТЖД күштерімен эвакуацияланып, Балқаш қаласына жеткізілді. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет емес еді.

ҚР ТЖМ температураның күрт төмендеуімен байланысты қолайсыз метеожағдайлар туралы ескертеді және халықты елді мекендерден тыс жерлерге алыс сапарлардан бас тартуға шақырады! Республиканың көптеген аймақтарында дауылды ескертулер жарияланған. Ауа райы жағдайлары туралы ТЖМ сайтындағы «Жедел ақпарат» бөлімінде және «Дәрмен» мобильді қосымшасында алдын ала білуді сұраймыз.

Төтенше жағдай кезінде 112 нөмірі бойынша хабарлаңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға