Жаңалықтар

Құрыш білекті құрылысшылар

Құрыш білекті құрылысшылар
Фото: Жеке мұрағат 28.12.2023 16:26 1469

Құрылысшы мамандығының қадірі – асқақ, маңызы – терең. Кез келген мемлекеттің, қоғамның ілгері басуын оның құрылыс, сәулет саласына қарап баға беруге болады. Жылдар ғана емес-ау, ғасырлар бойы адамзатпен бірге жасасып келе жатқан нысандар, ғимараттар бар. Солардың әрқайсысында құрылысшылардың қолтаңбасы қалған. Алда келе жатқан ұлу жылының қарсаңында  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі құрылысшылармен аз-кем тілдескен еді.

Жаны нәзік болғанмен, жаратылысы ерек әйел адамдары үшін кез келген сала жат көрінген емес. Оларды нағыз ерлерге арналған қызметтерде үздік жұмысшы ретінде көруге болады.

Құрыш білекті құрылысшы ана

Құрылыс саласы әйел адамдары түгілі ерлердің өзі әрең төтеп беретін ауыр жұмыс. Бірақ, нәзікжандылар өздерінің қайсар-қайтпастығының арқасында барлық салаларда тер төгіп келеді. Гүлбайра Даскеева да өзінің соңғы жиырма жылғы өмірін құрылыс аумақтарында өткізген. Жасы 50-ге таяған Жамбыл облысының тумасы әлі де осы қызметтен алысқа кете қоймапты.

Негізгі мамандығы бойынша тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласында қызмет істеп жүрген Гүлбайра тоқырау жылдары астанамызға қоныс аударады. Екі қолға бір күрек іздеген жас ананы тағдыр жолы құрылысқа әкелген.

Құрылыс саласы – амалдың жоқтығынан келген жерім емес. Шын жүрегіммен кірісіп, жас астанамыздың гүлденуіне, көркеюіне үлес қосу мақсатыма айналды. Оның үстіне, демеу беріп, қолдау көрсетіп жүрген жолдасым екеуміз бірге жұмыс жасадық. Осы саланың арқасында жақсы жетістіктерге жетіп, білікті құрылысшыға айналып шыға келдім.

Гүлбайра Даскеева бұл істің қыз балалары үшін ауыртпалығы біршама екенін де жасырмайды.

Әйел затына лайықты жұмыс емес. Тек төзімділік пен шыдамдылықтың арқасында ауыртпалыққа төтеп беруге болады. Сол сияқты жасап жатқан ісіңе кішкене махаббат та болу керек. Ол болмаса, жеңіл жұмыстың өзінен ат тоныңды ала қашасың...

Құрыш білекті құрылысшы Гүлбайра Адибайқызы жиырма жылдың ішінде көптеген құрылыстарда жүмыс істеген.

Сыртқы істер министрлігінің, Жоғарғы соттың, Үкімет үйінің, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ғимараттарын салуға ат салыстым. Одан басқа да қаншама кешендердің бой көтеруіне кішкене болса да үлесімді қостым. 2000 жылдары іргесі қаланған мемлекеттік ғимараттардың барлығында еңбектендім.

Бүгінде ұл-қызынан екі немере сүйіп отырған ардақты ана, асыл әже құрылыс саласында кішігірім кәсібін дөңгелетіп отыр.

 Оншақты жұмысшылардан құралған фирмам бар. Қазірде үлкен кешендерге құрылыс жүргізбесек те, жергілікті тұрғындардан сұраныстар келіп жатыр. Бұл сала – біздің жас астанамызбен бірге дамуымызға көмектесті, қиын кезеңнен шығып, өз ісімізді табуға ықпал етті, – дейді тәжірибелі құрылысшы Гүлбайра Даскеева.

«Инженерия да жат емес»

Меруерт Камалханова – құрылыс нысандарының инженерлік жүйелері бойынша өндірістік-техника бөлімінің инженері. Қазіргі таңда стеротиптерге қарамастан әйелдер ер адамдармен бірге тең дәрежеде қызмет етіп келе жатқанының тағы бір мысалы бола алатын Меруерт бұл салаға саналы түрде келген.

Осы заманға сай зәулім ғимараттардың көптеп бой көтеруі менің құрылыс саласына деген махаббатымды оятты. Ерікті түрде осы мамандықтың иесі атандым. Сол сияқты өзіміздің жас астанамыздың жандануына титтей де болса үлес қосуды армандадым, – дейді бойжеткен.

Құрыш білекті құрылысшылар

Инженерия – біліктілікті, білімділікті ұштастыра отырып, шығармашылық пен техниканы біріктіретін күрделі сала.

 Инженер болу оңай емес. Әсіресе, қыз баласы үшін... Тосыннан туған түрлі сәттерде тез шешім шығара білу маңызды және ол шешімің оң болуы керек. Сол сияқты қазір мен екі құрылыс нысаны бойынша жұмыс атқарып жатқандықтан, қосарланған тапсырмалар туындайды. Сондай кезде абдырап қалмай, шапшаңдық танытып, сұраныстарға жауап беру білу қажет.

Меруерт өз кәсібіңді толық меңгеріп алған жанға қай салада болмасын, қиындық туындамайды дегенді алға тартады. Расында да, білек сыбана кіріскен жұмысыңның қыр-сырын толық игерсең, алынбайтын қамал жоқ. Мейлі сен әйел заты болсаң да...

«Нағыз еңбек адамы»

Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Бірлік ауылдық округінің халқы ауылдасы Қанат Мұхановты нағыз еңбек адамы деп санайды. Бүгінде жасы қырықты алқымдаған Қанат алғашында  теміржол саласына қызмет істеуді армандаған екен. Алайда уақыт өте келе нағыз табыстың көзі кәсіптік білімде екенін ұғынып, дәнекерлеуші мамандығын игерген. Кейін бұл саланың қыр-сырын жетік меңгерген ол елден тапсырыс қабылдай бастаған. 15 жылдан бері осы кәсіптің нанын жеп келеді.

Құрыш білекті құрылысшылар

Металды электр арқылы дәнекерлеудің еш қиындығы жоқ. Ең бастысы, адамның осы жұмысқа ынтасы болуы қажет. Одан кейін темірді кескенде, дәнекерлегенде еңбек қауіпсіздігіне мән беру – ең бірінші қажет етілетін талап. Дәлдік пен шыдамдылық, не істеп жатқаныңды жүрекпен ұғынатындай сезімталдық керек. Осы кәсібім арқылы айына 400-500 мың теге табамын. Ауылдан бөлек көрші аудандар мен Алматы қаласынан да тапсырыс қабылдаймын. Көбіне тапсырыс Алматы қаласынан түседі. Көлігіме керек-жарағымды артып, қай жерден жұмыс шықса, сол жерге бағасына келісіп кете беремін. Ауылдастарымның да жылу құбырын, қақпасын, сантехникалық жұмыстарын орайы келсе жасап беремін, – дейді Қанат Аязбайұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға