Құрылтайға – әлем көзқарасы: мемлекет басшыларының құттықтауларында не айтылды?

Құрылтайға – әлем көзқарасы: мемлекет басшыларының құттықтауларында не айтылды?
Фото: Ақорда

Бір палаталы Құрылтай сайлауының табысты өтуі Қазақстанның ішкі саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Сайлау қорытындысынан кейін бірқатар мемлекет басшылары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтау жолдап, елдегі саяси жаңғыруға, реформалардың бағытына және жаңа заң шығарушы органның болашағына қатысты өз бағасын білдірді.

Мемлекет басшыларының құттықтауларында әр елдің өзіндік саяси ұстанымы мен екіжақты қарым-қатынастар ерекшелігі көрінгенімен, олардың сөздерінен ортақ бірнеше мәселе анық байқалады.

Атап айтқанда, Қазақстандағы саяси тұрақтылық, конституциялық реформалар, мемлекеттік басқару жүйесінің жаңғыруы, ұлттық бірлік, әлеуметтік-экономикалық даму және елдің халықаралық беделін арттыру тақырыптары басымдыққа ие.
Осы орайда шетелдік көшбасшылардың пікірлеріне назар аударсақ.

«Халық кеңінен қолдайтынын анық көрсетті»

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин өз құттықтауында сайлау нәтижесін Қазақстандағы қазіргі саяси бағытқа берілген қоғамдық қолдаудың көрінісі ретінде бағалады.

Сайлаушылар белсенділігі мен дауыс беру нәтижесі Сіздің басшылығыңызбен жүргізіліп жатқан ішкі саяси тұрақтылықты нығайту, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету және халықаралық аренада мемлекет мүддесін қорғау бағытындағы бастамаларыңызды халық кеңінен қолдайтынын анық көрсетті», – деді.
Путиннің бұл бағалауында

Қазақстанның ішкі тұрақтылығы мен әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, сыртқы саясаттағы ұлттық мүдделерді қорғау мәселесі де ерекше аталады. Яғни Ресей басшысы Құрылтай сайлауын Қазақстанның ішкі саяси жаңғыруымен ғана емес, мемлекет жүргізіп отырған жалпы стратегиялық бағытпен байланыстырады.

«Жаңа кезең басталғанын көрсетеді»

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстандағы өзгерістерге баға бере отырып, Құрылтайдың құрылуын елдің саяси жүйесін жетілдірумен және парламенттің рөлін арттырумен байланыстырады.

«Бұл тарихи оқиға елдің саяси жүйесін жетілдіретін, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыратын және парламент рөлін айтарлықтай күшейтетін жаңа кезең басталғанын көрсетеді. Азаматтардың сайлаудағы белсенділігі – Сіздің көреген көшбасшылығыңызбен іске асырылып жатқан ауқымды конституциялық және қоғамдық-саяси реформаларды халық кеңінен қолдайтынына айқын дәлел. Бұл бастамалар, ең алдымен, Қазақстанды орнықты дамытуды, елдің беделін және халықаралық аренадағы ықпалын одан әрі нығайтуды көздейді. Біз ғасырлардан тамыр тартатын достық әрі тату көршілік қатынастар байланыстыратын бауырлас қазақ жеріндегі ауқымды өзгерістер нәтижесіне шын жүректен қуанамыз», – деп бағалады.

Мирзиёевтің сөзінен Қазақстандағы саяси реформалардың тек ішкі өзгеріс ретінде емес, мемлекеттік басқару тиімділігі мен елдің халықаралық беделін арттыруға бағытталған жүйелі процесс ретінде қабылданып отырғанын көруге болады.

«Мемлекеттілікті нығайтуға елеулі үлес»

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өз құттықтауында жаңа институттың мемлекеттілік пен құқықтық жүйені жетілдірудегі маңызын атап өтті.

«Азаматтардың өз ықтиярын еркін білдіруі нәтижесінде құрылған Құрылтай Қазақстан Республикасының мемлекеттілігін нығайтуға, құқықтық және әлеуметтік-саяси институттарын жетілдіруге, сондай-ақ елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынына сенімдімін.
Сіздің басшылығыңызбен іске асып жатқан жүйелі реформалар мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесіне қызмет етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға және елдің алдағы дамуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Қырғыз-қазақ стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастары дәйекті түрде нығайып келеді. Бұл алдағы уақытта екі ел халқының мүддесіне сай жаңа мазмұнмен толыға түсетініне және Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететініне сенімім кәміл», – деп пікір айтты.

Бұл ретте Бішкектің ұстанымында Қазақстандағы саяси тұрақтылық пен Орталық Азиядағы өңірлік қауіпсіздік өзара сабақтас қарастырылады. Жапаровтың сөздері екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің саяси реформалар аясындағы өзара сеніммен қатар дамып келе жатқанын көрсетеді.

«Жалпыұлттық бірлікті тағы да паш етті»

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон сайлаушылардың белсенділігі мен дауыс беру нәтижесін Қазақстан қоғамындағы бірліктің көрінісі ретінде бағалады.

«Азаматтардың сайлаудағы белсенділігі мен дауыс беру нәтижесі Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігін тағы да паш етті. Сондай-ақ бұл Сіздің қоғамдық-саяси жүйені нығайтуға және елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарды халық берік қолдайтынын көрсетеді», – деп өз ойын ашық білдірді.

Тәжікстан басшысының құттықтауында өзге мемлекет басшыларының пікірлерімен үндесетін негізгі акцент – тұрақтылық пен орнықты даму. Бұл ретте саяси реформалардың қоғамдық бірлікпен қатар жүруіне ерекше мән берілген.

«Жаңа тарихи кезең»

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Құрылтай сайлауын Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі жаңа кезеңмен тікелей байланыстырды.

«Бұл – Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде жаңа тарихи кезең басталғанын көрсететін маңызды оқиға. Осы сайлау Сіздің еліңіздің жан-жақты дамуына, Сіз жүргізген кең ауқымды реформалардың жалғасуына және алға қойған міндеттеріңіздің орындалуына қызмет етеді. Мен бұған кәміл сенемін. Құрылтай қызметіне табыс тілеймін. Өзара белсенді әрі жемісті саяси диалогымыз Әзербайжан-Қазақстан стратегиялық серіктестігінің одан әрі нығаюына тың серпін берді. Екі ел арасындағы берік негізге құрылған достық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестік бірлескен күш-жігеріміздің арқасында халықтарымыздың мүддесі жолында жоғары қарқынмен дамып, тереңдей береді», – деді Ильхам Әлиев.

Бакудің бағалауынан Қазақстандағы ішкі саяси өзгерістер мен екіжақты стратегиялық қатынастардың өзара байланысы байқалады.

Әлиев Құрылтайдың құрылуын елдің ішкі реформаларының бір бөлігі ретінде ғана емес, Қазақстанның алдағы даму бағытына ықпал ететін маңызды саяси қадам ретінде бағалап отыр.

«Халықаралық аренадағы абырой-бедел»

Израиль Мемлекетінің Президенті Ицхак Герцог өз құттықтауында Қазақстандағы өзгерістерге жеке сапары барысында куә болғанын атап өтіп, елдегі реформалардың халықаралық беделге ықпалына назар аударды.

«Жыл басында Қазақстанға жасаған тарихи сапарым аясында Сіздің парасатты басшылығыңызбен қол жеткізіліп жатқан елеулі жетістіктерге тәнті болдым. Аталған өзгерістер екіжақты ынтымағымызды бекітіп, Қазақстанның халықаралық аренадағы абырой-беделінің арта түсуіне және еліңіздің гүлдене беруіне септігін тигізетініне сенімдімін», – деп баға берді.

Герцогтің бағалауында Қазақстандағы өзгерістердің ішкі саяси маңызымен қатар, оның халықаралық беделге әсері алдыңғы орынға шығады. Бұл – реформалардың Қазақстанның сыртқы байланыстарын нығайтудағы рөліне берілген баға.

«Ашық сайлау науқанын өткізуге мүмкіндік берді»

ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедевтің бағасы сайлаудың ұйымдастырылу сапасына қатысты болды.

«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылары ұйымдастыру жұмыстарының жоғары деңгейіне, барлық сатыдағы комиссия мүшелерінің кәсібилігіне көз жеткізді. Бұл ұлттық заңнамаға толық сай келетін ашық сайлау науқанын өткізуге мүмкіндік берді».

Бұл пікір Құрылтай сайлауына саяси баға берумен қатар, оның ұйымдастырылу барысына халықаралық байқаушылар тарапынан берілген бағалауды көрсетеді.

Бір оқиғаға берілген бірнеше баға – бір ортақ түсінік
Шетелдік көшбасшылардың құттықтауларын тұтастай қарағанда, олардың әрқайсысы Қазақстандағы саяси өзгерістердің белгілі бір қырына басымдық бергенін аңғаруға болады.

Ресей Президенті сайлау нәтижесін қоғамның қазіргі саяси бағытты қолдауымен байланыстырса, Өзбекстан басшысы оны саяси жүйені жетілдіретін жаңа кезең ретінде бағалайды.

Қырғызстан Президенті мемлекеттілік пен институттарды нығайтуға, Тәжікстан басшысы ұлттық бірлік пен тұрақты дамуға, Әзербайжан Президенті жаңа тарихи кезеңге, ал Израиль басшысы Қазақстанның халықаралық беделінің артуына назар аударған.

Ал ТМД байқаушылары сайлау процесінің ұйымдастырылу деңгейін атап өтті.

Осы пікірлердің барлығын біріктіретін негізгі ой – Құрылтайдың құрылуы Қазақстандағы саяси реформалардың жаңа кезеңі ретінде қабылданып отыр.

Оқи отырыңыз