Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары ел азаматтарын Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен құттықтап, бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға шақырды. Үндеуде соңғы жылдардағы ел жетістіктері, жүргізілген реформалар және алдағы даму міндеттері сөз болған. Үндеуді депутат Дихан Қамзабекұлы оқыды.
Құрылтайдың барлық фракция депутаттары жариялаған үндеуде Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында күрделі әрі жауапты кезеңдерден өтіп, елеулі жетістіктерге жеткені атап өтілген.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!». Алғаш рет біздің Конституциямызда қастерлі «Тәуелсіздік» пен «Егемендік» ұғымының бас әріппен жазылуы – елдіктің белгісі деп санаймыз, – делінген үндеуде.
Депутаттар соңғы жеті жылда елімізде болған өзгерістерге де тоқталған. Олардың айтуынша, әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттары барлық салада орнығып келеді. Заңсыз шығарылған капиталды елге қайтару жұмыстары жүргізіліп, қайтарылған қаражат есебінен 1 триллион теңгеден астам қаржы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталмақ.
Сондай-ақ үндеуде әлеуметтік қолдау, ғылым, білім, денсаулық сақтау және инфрақұрылым салаларындағы көрсеткіштер келтірілген. Соңғы жеті жылда ғылымды қаржыландыру 3,6 есе өсіп, 261,5 миллиард теңгеге жеткен. Осы кезеңде 1300-ден астам жаңа мектеп, 1483 балабақша, 1259 медициналық мекеме, 536 спорт және мәдениет нысаны салынған.
Экономикалық көрсеткіштерге қатысты депутаттар алтын-валюта активтері мен Ұлттық қор қаражатының көлемі 130 миллиард долларға жуықтағанын атап өтті. Сонымен қатар жеті жылда 625 жаңа өнеркәсіп кәсіпорны іске қосылып, ауыл шаруашылығы өндірісі 24 пайызға артқан. Жалпы ішкі өнім көлемі шамамен 2,5 есе өсіп, 398 миллиард долларға жеткені айтылған.
Үндеуде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының нәтижелері де сөз болды. Үш жылдан бері Ұлттық қордың инвестициялық табысы есебінен 7 миллионнан астам баланың есепшотына жалпы сомасы 2,5 миллиард долларға жуық қаражат аударылған.
Депутаттар биылғы конституциялық реформа мен саяси жүйенің жаңаруын Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен тұспа-тұс келген маңызды оқиға ретінде бағалаған. Олардың пікірінше, ел жетістіктерін еселеу үшін қоғамдық сананың жаңаруы да маңызды.
«Құрылыс және тағы да құрылыс!» бастамасын қолдауға шақырды
Құрылтай депутаттары алдағы кезеңде елдің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, ұлттық бірлікті сақтау және мемлекет әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Осы ретте Мемлекет басшысы жариялаған «Халықтық құрылыс» жобасына ерекше назар аударылған. Депутаттар Президенттің «Құрылыс және тағы да құрылыс!» бастамасын нақты іспен қолдауға шақырды.
Дәл бүгін жұдырықтай жұмылып, ұлт болып ұйысып, Президентіміз жариялаған «Құрылыс және тағы да құрылыс!» халықтық бастаманы нақты іспен қолдауымыз керек. Тіпті, бұл – әрбіріміз үшін абыройлы міндет! – делінген үндеуде.
Құжатта аталған бастама аясында халық игілігіне арналған жүздеген әлеуметтік жоба мен ауыл-аймақтарда мыңдаған инфрақұрылымдық нысан салу көзделгені айтылған.
Үндеу соңында депутаттар барша қазақстандықтарды елдің болашағы үшін бірлесе еңбек етуге, ортақ мақсат жолында күш біріктіруге шақырып, халыққа амандық пен береке тіледі.