Құрылтай Конституцияда белгіленген басымдықтарды жүзеге асыруға атсалысады – Аида Балаева

Құрылтай Конституцияда белгіленген басымдықтарды жүзеге асыруға атсалысады – Аида Балаева
Фото: Артем Чурсинов/El.kz

Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ұлттық құрылтай сайлауында дауыс берді. Дауыс бергеннен кейін министр сайлаушылардың белсенділігі мен жаңа өкілді органның ел дамуындағы рөлі туралы пікір білдірді.

Аида Балаеваның айтуынша, таңертеңнен бері әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістікке жүргізілген мониторинг азаматтардың сайлауға белсенді қатысып жатқанын көрсеткен.

«Менің ойымша, халқымыз тағы да өзінің азаматтық белсенділігін көрсетіп жатыр. Таңертеңнен бері әлеуметтік желілер мен жалпы ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізіп отырмыз. Белсенділік жоғары. Тіпті Астанадағы жаңбырлы ауа райына қарамастан, сайлаушылардың белсенділігін көріп отырмыз. Бұл әр азаматтың өз болашағына және еліміздің болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді», – деді министр.

Ол әр азаматтың өз таңдауын жасауы елдің болашағы үшін маңызды екенін атап өтті. Министрдің сөзінше, қазақстандықтардың мемлекеттің келешегін айқындауға және оның қалыптасуына үлес қосуға мүмкіндігі бар.

«Біз – бақытты халықпыз. Өйткені өз болашағымызды айқындауға, оның қалыптасуына үлес қосуға мүмкіндігіміз бар. Мұндай атмосфераны бұған дейінгі сайлауларда да, халық Конституциясына дауыс берген референдум кезінде де көрдік. Біз болашаққа көз тігіп, өз құндылықтарымыз бен басымдықтарымызды білеміз. Өз болашағын өзі айқындайтын халық өзін бақытты деп атай алады деп ойлаймын», – деді Аида Балаева.

Министр азаматтардың бүгінгі таңдауы мемлекеттің алдағы даму бағытына ықпал ететінін айтып, қалыптасатын Құрылтайдың міндеттеріне де тоқталды.

Оның айтуынша, жаңа өкілді орган Конституцияда белгіленген басымдықтарды жүзеге асыруға атсалысып, ел алдында тұрған маңызды міндеттерді іске асыруға өз үлесін қосады.

Аида Балаева мұның негізінде қоғамдағы бірлік пен ынтымақ жатқанын атап өтті.

«Бұл – халқымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасы. Біз осыны бағалап, тұрақтылығымызды сақтауымыз керек. Сондай-ақ прогрессивті әрі әділетті Қазақстан құруға бағытталған мемлекет басшысының бастамаларын қолдап, президентіміздің айналасына бірігуіміз қажет», – деді министр.

Аида Балаева жаңа Құрылтайдың Конституцияда айқындалған басымдықтарды іске асыруға және Қазақстанның алдағы даму бағытын қалыптастыруға үлес қосатынына сенім білдірді.

Оқи отырыңыз