Қазақстанда қазақ руларының атымен аталған коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарды тіркеуге заң жүзінде шектеу қою ұсынылды. Мұндай бастаманы «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Аят Сүгірбай көтеріп, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, «Заңды тұлғалар» мемлекеттік мәліметтер базасында қазақ руларының атауымен тіркелген 800-ге жуық ұйым бар. Олардың басым бөлігі 1996-2005 жылдар аралығында тіркелген.
Аят Сүгірбай бұл мәселені тек кәсіпорындардың атауына қатысты жағдай ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, ру атауларын коммерциялық ұйымдардың атауында кеңінен қолдану қоғамда рушылдық түсініктің қайта жаңғыруына әсер етуі мүмкін.
Қазақ үшін ру – тарихи тамырын танудың, жеті атасын білудің, ата-баба шежіресін құрметтеудің жолы. Алайда ру – елдік мүддеден, мемлекетшілдік идеясынан жоғары тұратын ұғым емес, – деді депутат.
Ол ру атауын иеленген кәсіпорындардың қызметіне немесе өніміне қатысты сын айтылған жағдайда, бұл пікір сол рудың өкілдеріне де бағытталуы мүмкін екенін жеткізді. Депутат мұндай ахуал руаралық түсінбеушілік пен араздыққа алғышарт қалыптастыруы ықтимал деп санайды.
Әділетті Қазақстанды құрып жатқан кезеңде жершілдікке, жүзге бөлінушілікке орын болмауы тиіс. Рушылдық тамыр жайған жерде әділ бәсекелестік әлсірейді, меритократия қағидаттары бұзылады, ортақ мүдденің орнына тар топтық мүдде алға шығады, – деді ол.
Сонымен қатар депутат тарихи шежірені құрметтеу мен руға бөлінудің аражігін ажырату қажет екенін атап өтті. Оның сөзінше, қолданыстағы заңнамада заңды тұлғалардың атауында ру атауларын пайдалануға тікелей тыйым салатын норма жоқ.
Осыған байланысты Аят Сүгірбай «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» және «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңдарға, сондай-ақ басқа да нормативтік актілерге өзгерістер енгізуді ұсынды.
Депутат Әділет министрлігінен заңды тұлғалар мен қоғамдық бірлестіктерге қазақ руларының немесе жүздерінің атауларын беруге заң жүзінде шектеу қою мәселесін қарастыруды сұрады.