Қазақстан құрлық әскерлерінің қару-жарағындағы брондалған техника саны бойынша әлемнің үздік 40 елінің қатарына кіреді. Global Firepower деректеріне сәйкес, еліміздің әскери құрылымдарында 17 мыңнан астам брондалған машина бар.
Қазіргі соғыстарда ұшқышсыз ұшу аппараттары, жоғары дәлдіктегі қару-жарақ пен басқарылатын оқ-дәрілердің рөлі айтарлықтай артқанына қарамастан, брондалған техника құрлық әскерлерінің жауынгерлік қабілетін айқындайтын маңызды құралдардың бірі болып қала береді.
Бронетранспортерлер мен жаяу әскердің жауынгерлік машиналары сарбаздарды қорғап қана қоймай, олардың ұрыс алаңындағы мобильдігін арттырады, атыс қолдауын қамтамасыз етеді және қорғаныс шебін бұзып өту кезінде қолданылады.
Рейтинг қалай жасалады?
Әлем елдерінің әскери әлеуетін салыстыратын Global Firepower аналитикалық жобасы жыл сайын мемлекеттердің жиынтық әскери қуатына қатысты бейресми рейтинг жариялайды.
Құрлық әскерлерінің брондалған техникасын есептеу кезінде бронетранспортерлер, жаяу әскердің жауынгерлік машиналары, десанттық жауынгерлік машиналар, жол талғамайтын брондалған автомобильдер, минадан қорғалған машиналар, сондай-ақ инженерлік, жабдықтау және атыс қолдау техникалары қамтылады.
Бұл көрсеткішке танктер мен өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылар кірмейді. Жалпы рейтингте әлемнің 145 мемлекеті қарастырылған.
Қазақстан ТМД елдері арасында екінші орында
Берілген бағалау бойынша, ТМД мемлекеттері арасында брондалған техника саны жағынан Ресей көш бастап тұр. 2025 жылдың соңы мен 2026 жылдың басындағы деректер бойынша, Ресей қарулы күштерінде 126 512 брондалған машина бар. Бұл көрсеткішпен ел әлемде төртінші орын алады.
Ал Қазақстан ТМД елдері арасында екінші, әлемдік рейтингте 38-орынға орналасқан. Қазақстандағы брондалған техниканың жалпы саны 17 460 бірлік деп бағаланады.
Бұл көрсеткіш Қазақстанға бірқатар мемлекеттен жоғары тұруға мүмкіндік береді. Мәселен, Австралияда – 17 118, Финляндияда – 14 866, Румынияда – 13 266, Норвегияда – 11 441, Португалияда – 10 419, Біріккен Араб Әмірліктерінде – 8 982, ал Чехияда 6 275 брондалған машина бар.
ТМД кеңістігінде Қазақстаннан кейін Әзербайжан орналасқан. Ол 14 448 техникамен әлемде 45-орында. Өзбекстан – 8 692 техникамен 63-орында, Беларусь – 6 820 техникамен 74-орында, Қырғызстан – 5 372 техникамен 86-орында. Ал Армения 1 412 брондалған машинамен әлемдік рейтингтің 119-сатысында тұр.
Әлемде АҚШ көш бастап тұр
Брондалған техника саны бойынша әлемдік рейтингтің бірінші орнын Америка Құрама Штаттары иеленген. АҚШ армиясы мен басқа да әскери құрылымдарындағы мұндай техниканың жалпы саны шамамен 409 660 бірлікке жетеді.
Әлемдік алғашқы ондық мынадай:
- АҚШ – 409 660;
- Үндістан – 163 554;
- Қытай – 152 040;
- Ресей – 126 512;
- Оңтүстік Корея – 117 460;
- Франция – 110 784;
- Түркия – 98 193;
- Ұлыбритания – 94 064;
- Италия – 87 364;
- Германия – 87 338.
Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемдік көшбасшылардан едәуір артта болғанымен, 17 460 бірлік техникамен алғашқы 40 мемлекеттің қатарына еніп отыр.
Рейтингтің соңында кімдер?
Брондалған техникасы ең аз мемлекеттердің қатарында Бутан, Бенин, Белиз, Орталық Африка Республикасы, Мадагаскар, Сьерра-Леоне және Исландия бар.
Бутанда небәрі 78, Бенинде – 92, Белизде – 164, Орталық Африка Республикасында – 270, Мадагаскарда – 316, ал Сьерра-Леоне мен Исландияда 350-ден брондалған техника бар деп көрсетілген.
Айта кетейік, брондалған машиналардың жалпы саны мемлекеттің әскери қуатын толық сипаттайтын жалғыз өлшем емес. Құрлық әскерлерінің нақты мүмкіндігі техниканың заманауилығына, оның техникалық жағдайына, жеке құрамның дайындығына, әуе қорғанысы мен артиллерияға, барлау және байланыс жүйелеріне, логистикаға, сондай-ақ заманауи ұшқышсыз жүйелермен ықпалдасу деңгейіне де байланысты.
Дегенмен Global Firepower келтірген сандық көрсеткіш бойынша Қазақстан брондалған техника қоры жағынан ТМД кеңістігіндегі жетекші мемлекеттердің бірі және әлемнің алғашқы 40 елінің қатарында тұр.