Жаңалықтар

Құрбандыққа қандай мал жарамайды?

Құрбандыққа қандай мал жарамайды?
Фото: © ОКҚ 26.06.2023 15:00 1641

Құрбан шалудың өз талаптары бар. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Мансұров құрбандыққа қандай малдың жарайтынын айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Ал елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды, - деді Бауыржан Мансұров ОКҚ-де өткен брифингте.

Оның айтуынша, қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады.

Сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына да болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал құрбан болып есептелмейді,-

Мынадай кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамсыз:

- Бір көзі соқыр;

- Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем;

- Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген;

- Тістерінің көбі түсіп қалған;

- Емшектерінің басы жұлынып қалған;

- Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.

Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбандық. Нәпіл ғибадатта кешірім бар, - дейді ол.

Еске сала кетейік,  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі 2023 жылғы діни күндер кестесі бойынша құрбан айттың бірінші күні 28 маусымда басталып, 30 маусымда (үшінші күні) аяқталады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға