«Құралайдың салқыны»: мамырдағы ызғар неше күнге созылады

 Фото: Новини.LIVE
Фото: Фото: Новини.LIVE

Елімізде күн райы күрт суытып, ызғарлы жел күшейді. Мамыр айының ортасындағы мұндай құбылысты қазақ халқы ежелден «құралайдың салқыны» деп атаған. Бұл – киік төлдейтін мезгілмен тұспа-тұс келетін көктемнің соңғы салқыны, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Мамыр айының ортасы ауғанда күн күрт суытып, ызғарлы жел соғып, кей өңірлерде жауын-шашын жиілейді. Көктемнің жаймашуақ шағында аяқ астынан болатын мұндай құбылысты қазақ халқы ежелден «құралайдың салқыны» деп атаған. Бұл – жай ғана ауа райының өзгерісі емес, халықтың табиғатпен етене өмір сүріп, жыл мезгілдерінің әр құбылысын бақылаудан туған танымы.

«Құралайдың салқыны» он шақты күнге созылады

Құралайдың салқыны – Қазақстанның орталық, солтүстік және батыс өңірлерінде мамыр айының екінші жартысында байқалатын қысқа мерзімді суық. Әдетте ол 15-25 мамыр аралығында болып, шамамен он шақты күнге созылады. Осы күндері ауа температурасы төмендеп, жел күшейеді, кейде жаңбыр жауып, түнгі үсік те байқалады.

Синоптиктер мұны Қазақстан аумағына солтүстік және солтүстік-батыстан келетін суық ауа массаларымен байланыстырады. Әсіресе ашық далалы аймақтарда салқын қаттырақ сезіледі. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды. Бірнеше күннен кейін күн қайта жылып, жазғы тұрақты ауа райы қалыптаса бастайды.

Неліктен «құралайдың салқыны» деп аталған?

«Құралай» – киіктің, яғни ақбөкеннің төлі. Қазақ ұғымында дәл осы мезгіл киік төлдейтін кезеңмен тұспа-тұс келеді. Сондықтан табиғаттағы бұл суыту киіктің төлдеу уақытымен байланыстырылып, «құралайдың салқыны» аталып кеткен.

Фото: Дмитрий Архипов

Халық арасында киік төлдейтін кезде ауа райының әдейі құбылып, салқын жел соғатыны туралы түсінік бар. Көнекөздердің айтуынша, суық самал жаңа туған құралайдың денесін тез кептіріп, шынығуына көмектеседі. Ал желдің өтінде жаураған құралай тез аяққа тұрып, жүгіріп кетуге бейімделеді екен. Осылайша табиғаттың тосын мінезі киік төліне тіршілікке бейімделуге жәрдемдеседі деп есептелген.

Тағы бір қызығы – даланы еркін кезген киіктердің көбі екі-үш күннің ішінде төлдеп үлгереді деген түсінік бар. Бұл да қазақтың табиғатты жіті бақылағанын аңғартады.

Халық танымындағы «Құралайдың желі»

Қазақ тілінде «құралайдың желі», «құралайдың салқыны» деген тіркестер жиі айтылады. Бұл ұғымдар тек ауа райын емес, табиғат пен тіршіліктің байланысын білдіреді. Халық ұғымында осы кезең – көктемнің соңғы салқыны әрі жаздың жақындағанының белгісі.

Малшылар мен диқандар бұл мезгілді жақсы білген. Сондықтан мамыр айында күн жылынды екен деп жылы киімді бірден жинамаған. Кей өңірлерде дәл осы уақытта мал төлін ерекше күтімге алып, көктемгі шаруаларды ауа райына қарай жоспарлаған.

Оқи отырыңыз