Құны 1,5 млн теңге тұратын iPhone Duo сатылымға шыққан бойда сынып жатыр

Құны 1,5 млн теңге тұратын iPhone Duo сатылымға шыққан бойда сынып жатыр
Фото: iPhone Duo / Gagadget

Apple компаниясының жиналмалы iPhone Duo смартфонын сатып алғандар арада үш күн өткен соң экрандағы ақауларға жаппай шағымдана бастаған.

Құны 1 млн 400 мың теңгеден басталатын құрылғы дисплейінде жарықтар пайда болып, жолақтар түсетіні және кейбір пиксельдердің істен шығатыны айтылған. Бұл туралы Daily Mail басылымы хабарлады.

Әлеуметтік желілерде ондаған қолданушы смартфондарының зақымданғанын көрсететін суреттер жариялаған. Жарияланған фотоларда құрылғының ортасындағы бүктелетін тұс бойымен үлкен жарық пайда болғаны, экранның шамамен үштен бір бөлігінде сызат не сынық байқалатыны және дисплейдің оң жақ бөлігін кесіп өтетін істемейтін пиксельдер жолағы көрінеді. Қолданушылар арасында бұл жағдай «Crackgate» деген атаумен тарала бастаған.

Смартфон иелерінің айтуынша, ақау пайда болар алдында құрылғы әдеттегіден қаттырақ бүктеле бастаған. Одан кейін тырс еткен дыбыс естіліп, экранда жарық пайда болған. Кейбір сатып алушылардың телефоны бірнеше сағаттың ішінде істен шыққан.

Justin Lokos/X
Justin Lokos/X

Reddit желісіндегі қолданушылардың бірі смартфонды сатып алғаннан кейін үш сағат өтпей ақау анықталғанын жазған. Оның сөзінше, телефонды бар болғаны 20 ретке жуық ашып-жапқаннан кейін тосын дыбыс естіліп, экран зақымданған. Тағы бір қолданушы құрылғы төртінші рет ашылғаннан кейін-ақ істен шыққанын, тіпті оны бастапқы баптаудан өткізіп үлгермегенін айтқан.

Apple әзірге үнсіз

Apple әзірге ақаудың нақты себебін түсіндірген жоқ әрі мәселенің жаппай сипат алғанын ресми түрде мойындамаған. Ал құрылғы иелері экранның зақымдануына смартфонның бүктелетін механизміндегі топса себеп болуы мүмкін деп болжайды.

Техниканы бөлшектеп, жөндеу мүмкіндіктерін зерттейтін iFixit тобы жаңа модельдің құрылымын зерделеп, оның бүктелу механизмінің өте күрделі екенін атап өткен. Мамандар пікірінше, механизмдегі бөлшектердің бірі жобаланған тәртіппен қозғалмауы мүмкін. Бұған қоса экранда жарық пайда болатын тұстан кабельдің бір бөлігі өтеді.

Оңтүстік кореялық YouTube-блогер CuriousHagi де құрылғыға тәжірибе жүргізген. Смартфонды бөлшектеу барысында ол топсаның ішіндегі шағын бөлшектің сынғанын және оның дисплейге зақым келтіргенін анықтаған. Салдарынан экранда жарық пайда болған. Аталған бөлшек механизмнің жанындағы басқа бөліктерге қарағанда жұқалау екені байқалған. Бұл оның осал тұс болуы мүмкін деген болжамға негіз болған.

Жөндеу құны қымбатқа түсуі мүмкін

Apple компаниясының кепілдік шарттарына сәйкес, егер топса қалыпты пайдалану кезінде істен шықса және оған жазатайым жағдай немесе құрылғыны дұрыс пайдаланбау себеп болмаса, ақау бір жыл ішінде тегін жөнделуі тиіс.

Ал кепілдік мерзімі аяқталғаннан кейін iPhone Duo смартфонын жөндеу құны 1 500 долларға дейін жетуі мүмкін.

Жаңа құрылғыны ауыстыру да қиынға соғуы ықтимал

Экранға қатысты шағымдар көбейген тұста iPhone Duo смартфонының барлық түсі мен жады көлемі бойынша нұсқалары Apple интернет-дүкенінде сатылып кеткен. Келесі жеткізілім 2027 жылғы 22 қаңтардан кейін ғана болады деп күтілуде. Осыған байланысты ақауы бар құрылғыны жаңасына ауыстыру біраз уақыт алуы мүмкін.

Reddit қолданушыларының хабарлауынша, экрандары жарылған кейбір сатып алушылар Apple компаниясынан ақшасын толық қайтарып алған. Олар интернет-дүкен арқылы жаңа құрылғыға тапсырыс беріп, ұзақ күтудің орнына тікелей Apple Store дүкеніне барып, смартфонды ауыстыруды сұраған.

Әзірге компания ақаудың себебі мен оның таралу ауқымы туралы ресми түсініктеме берген жоқ. Сондықтан жиналмалы iPhone Duo моделіндегі экран ақауының нақты себебі қосымша тексеруді қажет етеді.

Оқи отырыңыз