ҚТЖ мереке қарсаңында маңызды мәлімдеме жасады

 ©El.kz/Мақсат Рысбаев
Фото: ©El.kz/Мақсат Рысбаев

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мамыр айындағы демалыс күндері қарсаңында жолаушыларға пойызбен жүру ережелерін тағы бір мәрте еске салды.

Тасымалдаушының мәліметінше, мемлекеттік мерекелер, демалыс күндері мен мектеп каникулы кезінде теміржол көлігіне түсетін жүктеме әдеттегіден айтарлықтай артады. Осы кезеңде жолаушылар саны көбейетіндіктен, әрбір жолаушыдан тасымалдау ережелеріне мұқият қарау талап етіледі.

Осыған байланысты ҚТЖ пойызда тыйым салынған әрекеттерді тағы да нақтылап өтті.

Билетсіз жол жүруге болмайды

Жарамды билеті жоқ жолаушыларға вагонда болуға тыйым салынады. Жолсерік кез келген уақытта билетті тексеруге құқылы. Егер билет болмаса, жолаушы жақын маңдағы станцияда пойыздан түсіріледі.

Балаларды құжатсыз алып жүруге тыйым салынады

Баланың жеке басын куәландыратын немесе ата-анасымен байланысын растайтын құжаттарсыз жол жүруге рұқсат етілмейді. Қажетті құжаттар болмаған жағдайда, жолаушыны пойызға отырғызбауы мүмкін.

Артық жүкті рәсімсіз тасымалдауға болмайды

Белгіленген нормадан (бір жолаушыға 35 келіден артық) асатын жүк алдын ала төлем жасалып, арнайы құжат рәсімделмей тасымалданбайды.

Жануарларды құжатсыз тасымалдауға тыйым салынады

Ветеринарлық құжаттары жоқ жануарларды пойызбен алып жүруге қатаң тыйым салынған. Құжаттары болмаса, жолаушы пойызға жіберілмейді.

Пойызда темекі шегуге болмайды

Пойыз ішінде темекі шегуге қатаң тыйым салынады. Бұл талап кәдімгі темекіге де, электронды құрылғыларға да қатысты.

Стоп-кранды негізсіз қолдануға болмайды

Қажетсіз жағдайда стоп-кранды тартуға қатаң тыйым салынады. Бұл пойыз қозғалысының кестесін бұзып, басқа жолаушыларға қолайсыздық тудырады және әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Тыйым салынған заттарды алып жүруге болмайды

Есірткі, жарылғыш заттар мен өткір бұйымдарды тасымалдауға қатаң тыйым салынады. Мұндай жағдай анықталса, жолаушы құқық қорғау органдарына тапсырылады.

Агрессия мен жанжалға жол берілмейді

Физикалық немесе психологиялық қысым көрсетуге, соның ішінде балағат сөз айтуға қатаң тыйым салынады. Мұндай жағдайда жолаушы пойыздан түсірілуі мүмкін.

Қозғалып келе жатқан пойыздан түсуге болмайды

Пойыздан қозғалыс кезінде түсу – өмірге қауіпті әрекет. Жолаушылар тек станцияларда және арнайы есіктер арқылы ғана түсуі тиіс.

Вагонды ластауға және мүлікті бүлдіруге болмайды

Вагондарды ластау, мүлікті бүлдіру және вандализм әрекеттеріне жол берілмейді. Бұл үшін жолаушы пойыздан түсіріліп, жауапкершілікке тартылады.

Байланыс арналары

Егер жолаушылар тарапынан қызмет сапасына қатысты сұрақтар туындаса, олар мына байланыс арналары арқылы хабарласа алады:

  • WhatsApp: +7 776 714 5686
  • Вагон ішіндегі QR-кодты сканерлеу арқылы операторға тікелей жазу
  • 1433 тегін анықтама нөмірі арқылы ақпарат алу

Оқи отырыңыз