Жаңалықтар

Қ.Тоқаев Қытай мен Орталық Азияның бір-бірімен жақындасуы туралы: Бұл жөнінде ешқандай күмән болмауы тиіс

Қ.Тоқаев Қытай мен Орталық Азияның бір-бірімен жақындасуы туралы: Бұл жөнінде ешқандай күмән болмауы тиіс
Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі 12.05.2023 21:30 1009

Қытай біздің сыртқы саясатымызда аса маңызды рөл атқарады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың CCTV телеарнасына сұхбатында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Сұхбат барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік нығайтылатыны сөз болды.  

Біз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен халықтарымыздың ынтымақтастығын нығайту үшін екі жаққа да тиімді саясат жүргізу жөнінде уағдаластық. Демек, біз екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті, мәңгі достықты нығайта түсуіміз керек. Бұл қазақ халқының мүддесіне, нақтырақ айтқанда, ұзақмерзімді мүддесіне толық сай келеді. Мен осындай саясатты берік ұстануға ниеттімін, - деді Тоқаев.

Leaders Talk бағдарламасының тілшісі Қытай мен Орталық Азия елдері бір-бірімен жақындасуына алаңдаушылық білдіретіндер бар екенін, геосаяси тепе-теңдік жағдайында мұның қаншалықты орынды екенін сұрады.

– Бұл жөнінде ешқандай күмәнді пікір болмауы тиіс. Себебі біздің ниетіміз – түзу әрі шынайы. Қытай  экономикасы әлемде екінші орында тұр. Сондықтан Қытайдың атқаратын рөлі жоғары және сіздің еліңізбен жақсы қарым-қатынаста боламыз, - деді Президент.

Мемлекет басшысы екіжақты экономикалық қатынастарды дамытуға ниетті екенін де айтты.

– Экономикалық ынтымақтастық  саласында керемет нәтижелерге қол жеткіздік. Бірақ біз алға қарай жылжуымыз керек. Сондықтан мен Қытай өркениетінің бесігі саналатын Сиань қаласына жасайтын алдағы сапарымнан үмітім мол. Бізге жаңа келісімдер, жаңа мәмілелер қажет. Себебі біз бір орында қалып, нәтиже күтіп отырмауымыз керек. Осынау күрделі әлемде экономикалық байланыстарымызды нығайтуға күш салуға тиіспіз. Мен екі ел жастарының ынтымақтастығы мен достық қарым-қатынасын дамытуға ниеттімін. Жас буын бірін-бірі жақсы білуі қажет, - деді Тоқаев.

Бұл сұхбат Президенттің Қытайға мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылып отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қытай – Орталық Азия» саммитіне қатысады. Осы орайда Мемлекет басшысы аталған саммиттен не күтетінін айтты.

Сиань саммиті нәтижелі болады деп үміттенемін. Қытай біздің аймақта, яғни Орталық Азияда өте маңызды рөл атқарады. Бұлай болуы заңды да.  Орталық Азия елдеріндегі әріптестерім Қытаймен арадағы қатынас бізге тиімді екеніне келіседі деп ойлаймын. Осы ынтымақтастықты ілгерілетуге біз де бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, - деді Тоқаев. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға