Қазақстанда қолма-қол ақшадан банк карталарына көшу он жылдан астам уақытты алды. Енді елімізде пластикалық картасыз төлем жасау қарқын алып келеді.
QR-код арқылы үш миллиардтан астам төлем жасалған
Ұлттық банк жариялаған Fintech in Kazakhstan 2026 зерттеуіне сәйкес, 2023-2025 жылдары Қазақстанда QR-төлемдер саны 2,5 есе өсіп, 1,5 миллиардтан 3,8 миллиардқа жеткен. Олардың қолма-қол ақшасыз операциялардағы үлесі 14%-дан 28%-ға дейін артқан.
QR арқылы төлем жасау екінші жыл қатарынан POS-терминалдар арқылы картамен есеп айырысудан операция саны бойынша да, ақша айналымы бойынша да озып отыр.
2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында қазақстандықтар:
-
QR-код арқылы – 15,47 трлн теңгеге 3,07 млрд төлем;
-
POS-терминалдар арқылы банк картасымен – 14,36 трлн теңгеге 2,38 млрд төлем жасаған.
QR-төлемдер саны карточкалық төлемдерден 28,9%-ға, ал ақша айналымы 7,8%-ға асып түскен.
QR арқылы жасалған төлемнің орташа сомасы 5036 теңгені, ал картамен төлем жасаудың орташа сомасы 6022 теңгені құраған.
Барлық банкке ортақ QR-код
2026 жылғы 19 шілдеде Қазақстанда банкаралық мобильді төлем жүйесі іске қосылды.
Бұған дейін кәсіпкерлер әртүрлі банк клиенттерінен QR арқылы төлем қабылдау үшін бірнеше банктің қызметін пайдалануға мәжбүр болатын.
Енді сатып алушы сатушының шоты қай банкте ашылғанына қарамастан, өз банкінің мобильді қосымшасы арқылы төлем жасай алады. Кәсіпкерлерге қосымша жабдық сатып алудың қажеті жоқ.
Бұл өзгеріс банктер арасындағы бәсекелестікке де әсер етеді. Енді қаржы ұйымдары клиенттерді кешбэк мөлшерімен, мобильді қосымшалардың сапасымен және тиімді қызмет көрсету шарттарымен тартуға ұмтылады.
QR-төлем комиссиясы қалай бөлінеді?
Сатып алушылар үшін бірыңғай QR арқылы төлем жасау тегін. Ал кәсіпкерлер қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдағаны үшін банктерге комиссия төлейді.
Ұлттық банктің мәліметінше, сатып алушы мен сатушы әртүрлі банктің клиенті болған жағдайда, сатып алу сомасының 1%-ы төлеушінің банкіне, ал комиссияның қалған бөлігі сауда орнына қызмет көрсететін банкке түседі.
Ұлттық төлем корпорациясының қызмет көрсету тарифі операция сомасының 0,05%-ын құрайды.
Ұлттық банк бірыңғай QR арқылы банкаралық төлем қабылдау комиссиясы кәсіпкерлер үшін картамен төлем қабылдау комиссиясынан жоғары болмауға тиіс екенін атап өтті.
QR-төлемдер қосылған құн салығынан босатылуы мүмкін
Қазіргі уақытта карточкалық операцияларға қызмет көрсету қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылған. Алайда қолма-қол ақшасыз төлемдердің бірқатар басқа түріне мұндай жеңілдік қарастырылмаған.
Осы айырмашылықты жою туралы ұсыныс алдын ала қолдау тапқан.
Дегенмен Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленовтің айтуынша, салық жеңілдігінің енгізілуі комиссиялардың міндетті түрде төмендейтінін білдірмейді. Себебі әр банк комиссия мөлшерін дербес белгілейді.
Түпкілікті шешімді заң шығарушылар қабылдайды.
Банк карталары қолданыстан шыға ма?
QR-төлемдердің танымал болуы банк карталарының толықтай қолданыстан шығатынын білдірмейді. Олардың пластикалық нұсқасын виртуалды карталар алмастырып келеді.
Виртуалды карталар интернет-дүкендерде және смартфондағы электронды әмияндар арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді.
Халықаралық төлем жүйелері шетелге шыққан кезде де өз артықшылығын сақтап отыр. 2026 жылдың тоғыз айында қазақстандықтар шетелде POS-терминалдар арқылы 1,32 трлн теңгеге 64 миллионға жуық операция жасаған.
Алдағы уақытта Ұлттық банк ұлттық мобильді төлем жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, трансшекаралық QR-төлемдерді, шот бойынша төлем жасауды, сондай-ақ кәсіпорындар мен мемлекет арасындағы есеп айырысуды енгізу көзделген.