QR-код, ақылды камера: Астана көшелерін тазартуда қандай заманауи технологиялар қолданылады

 Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов

Қазір жасанды интеллект кеңселер мен IT компанияларда ғана емес, коммуналдық салада да кеңінен қолданыла бастады. Астана көшелерінің тазалығына жауапты «Астана Тазалық» мекемесі кейінгі жылдары жұмыс процестерін толықтай цифрландыруға кіріскен. Бүгінде жүргізушілердің медициналық тексеруден өтуінен бастап техниканың қозғалысын бақылауға дейінгі көптеген жұмыс электронды жүйелер арқылы жүзеге асырылады. Ал кейбір көліктерде жүргізушінің шаршағанын анықтайтын жасанды интеллект камералары орнатылған.

Жұмысқа шығу процесі жеңілдеді

«Астана Тазалық» мекемесінің сарапшысы Жарас Ахмедианың айтуынша, кәсіпорында соңғы бірнеше жылда цифрландыруға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Бұрын жүргізушілер жұмысқа келгенде қағаз түріндегі жол парағын алып, бірнеше жауапты қызметкерден қол жинауға мәжбүр болатын. Қазір бұл процесс айтарлықтай жеңілдеген.

Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов

Бұрын жол парақтары қағаз түрінде рәсімделетін. Қазір жүргізуші жұмысқа келген соң QR-кодты сканерлейді де, электронды жол парағын ашады. Барлық мәлімет бір жүйеде сақталады. Бұл жұмыстың ашықтығын арттырып, адами факторды азайтады, – дейді Жарас Ахмедиа.

Жүйеде жүргізушінің жұмысқа келген уақыты, қанша сағат еңбек еткені, техниканың қанша уақыт қозғалыста болғаны және жанармай шығынына дейін тіркеледі.

GPS әр техниканың қайда жүргенін көрсетеді

Бүгінде мекеменің барлық техникасы GPS жүйесімен жабдықталған. Соның арқасында диспетчерлер мен басшылық техниканың нақты қай жерде жүргенін онлайн режимде көре алады.

Жүйе тек көліктің орналасқан жерін ғана емес, қозғалтқыштың қанша уақыт қосылып тұрғанын, арнайы жабдықтардың қанша уақыт жұмыс істегенін және маршруттан ауытқу болған-болмағанын да көрсетеді.

Қазір бізде техника туралы өте үлкен деректер қоры қалыптасты. Қанша сағат жұмыс істеді, қай жерде болды, қанша жанармай жұмсады – барлығы көрінеді. Бұрын мұндай мәліметтерді қолмен тексеруге көп уақыт кететін, – дейді аналитик.

Сонымен қатар жанармай құю бекеттері де жүйемен біріктірілген. Егер техникаға жанармай құйылса, ақпарат автоматты түрде базаға түседі. Арнайы датчиктер жанармай көлемінің нақты көрсеткішін тіркейді.

Жүргізуші ұйықтап кетсе, камера бірден белгі береді

Мекемедегі ең қызықты жобалардың бірі – жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін қауіпсіздік камералары.

Қазір мұндай камералар жүзге жуық техникаға орнатылған. Оның біреуі жолды бақыласа, екіншісі жүргізушіге бағытталған.

Жүйе жүргізушінің көзі жұмылып кеткенін, телефон ұстап отырғанын немесе темекі шегіп отырғанын анықтай алады. Мұндай жағдайда бірден дыбыстық белгі беріледі.

Өткен жылы жүйе алты жүргізушінің рөлде отырып қалғып кеткенін анықтады. Мұндай жағдайда бізге бірден бірнеше бейнежазба келеді. Сонымен қатар жүргізушінің өзіне де ескерту беріледі. Ең бастысы – адамның қауіпсіздігі, – дейді Жарас Ахмедиа.

Бұл жүйенің тиімділігін жүргізушілердің өзі де байқап отыр.

Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов

Техника жүргізушісі Дүйсен Биботаевтың айтуынша, камералар әсіресе қыс мезгілінде пайдалы.

Қыста жұмыс көлемі артады. Кейде ауа райы қолайсыз болып, ұзақ уақыт жұмыс істеуге тура келеді. Ондай кезде шаршаңқылық пайда болады. Егер жүргізуші маужырап кетсе, камера бірден белгі береді. Бұл біздің қауіпсіздігіміз үшін қажет нәрсе, – дейді ол.

Фото: Артем Чурсинов

Жұмысқа шығуға жүйенің өзі рұқсат береді

Цифрлық жүйе жүргізушілердің денсаулығын бақылауды да автоматтандырған. Қазір жүргізушілер арнайы терминал арқылы медициналық тексеруден өтеді. Құрылғы адамның қан қысымын, температурасын, көру қабілетін және басқа да негізгі көрсеткіштерін тексереді.

Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов

Егер жүргізуші тексеруден өтпесе, жүйе оған жол парағын ашуға мүмкіндік бермейді.

Барлық мәлімет электронды жол парағына автоматты түрде енгізіледі. Медициналық тексеруден өтпеген қызметкер жұмысқа шыға алмайды. Бұл қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға мүмкіндік береді, – дейді Жарас Ахмедиа.

Дүйсен Биботаев бұрынғы және қазіргі жүйенің айырмашылығы жер мен көктей екенін айтады.

Бұрын дәрігерге барып, кейін механикке кіріп, бірнеше құжат толтыратынбыз. Қазір медициналық тексеруден өтеміз, QR-код арқылы жол парағы автоматты түрде шығады. Барлығы әлдеқайда жылдам әрі ыңғайлы, – дейді жүргізуші.

Жасанды интеллект жұмысты талдауға көмектеседі

Жиналған деректер тек бақылау үшін емес, талдау жасау үшін де пайдаланылады. Мәселен, жүйе жүргізушінің нақты жұмыс уақыты мен құжаттағы көрсеткіштер арасында айырмашылық бар-жоғын анықтай алады. Сонымен қатар техниканың жөндеуде қанша уақыт тұрғанын, қай ауданда қанша техника жұмыс істегенін және қай жерде ресурстарды тиімдірек бөлу қажет екенін көрсетеді.

Қазір біз түрлі аналитикалық интерфейстерді іске қосып жатырмыз. Болашақта жасанды интеллект үлкен көлемдегі деректерді өзі талдап, басқарушылық шешім қабылдауға көмектеседі деп жоспарлап отырмыз, – дейді Жарас Ахмедиа.

Оның айтуынша, мекеме алдағы уақытта қойма жұмысын да автоматтандыруды көздеп отыр. Жасанды интеллект қандай қосалқы бөлшектердің немесе материалдардың қоры азайып бара жатқанын алдын ала ескертіп отыруы мүмкін.

Қысқы маусымға дайындық жаңа жүйемен жүргізіледі

Қыс мезгілінде қар тазалау жұмыстары күшейген кезде мекеме қосымша мердігер ұйымдардың техникасын тартады. Қазір осы техникаларды бақылауға арналған жаңа цифрлық жүйе әзірленіп жатыр. Жаңа платформа әртүрлі GPS жүйелерінен деректерді бір жерге жинап, олардың жұмысын автоматты түрде талдайды. Бұл мамандардың уақытын үнемдеп, бақылау сапасын арттырмақ.

Бұрын әр компанияның жүйесіне жеке-жеке кіріп тексеруге тура келетін. Қазір барлық ақпаратты бір платформада көрсетуге тырысып жатырмыз. Бұл жұмысты әлдеқайда жеңілдетеді, – дейді аналитик.

Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов
Фото: Артем Чурсинов

Осылайша қазір кәсіпорында жаңа цифрлық жобаларды енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Оқи отырыңыз