Жаңалықтар

ҚПЛ: «Қызылжар» үшінші орынға сырғып, «Астана» көш бастады

ҚПЛ: «Қызылжар» үшінші орынға сырғып, «Астана» көш бастады
Фото: «Қызылжар» футбол клубының баспасөз қызметі 23.05.2023 15:17 629

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 10 туры артта қалды. Көшбасына елорданың «Астана» командасы шықты. Екінші орынға «Ордабасы» көтерілді. Үздік үштікті «Қызылжар» түйіндеп тұр. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігі матчтарға шолу жасап көрді.

«Астана» үнемі осындай ойында қарсыласты «сындырып» тастайды

«Астана» (Астана) – «Қызылжар» (Петропавл) – 3:2
Гол
дарАроян, 17 (1:0). Томасов, 27 (2:0). Пернамбуко, 39 (2:1). Граф, 89-пенальтиден (2:2). Астанов, 90+7 (3:2).

Осы турдың орталық ойыны «Астана-Аренада» өтті. Былтырғы чемпион «Астана» осы маусымды сәтті бастаған «Қызылжарды» қабылдаған. Екі команданың бапкерлері де бір-бірін жақсы таниды. Григорий Бабаян мен Әли Әлиев кезінде Алматыда бірге өсті. Сондықтан матч тартыс болады деп күтілген. Шынымен солай болды.

Бірінші тайм «Астананың» пайдасына шешілді. Алдымен есепті стандарттан Ароян ашты. Сосын Марин Томасов есепті еселеген еді.  Дегенмен, үзіліске дейін «Қызылжар» бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартты.

Ал екінші кезеңде «Қызылжар» футболшысы пенальти сала алмады. Дегенмен, 89-минутта Иван Граф бәрібір де таразы басын теңестірді.

Ойын соңы тіптен драмаға толы болып, Эльхан Астанаов 97-минутта «Астанаға» жеңіс сыйлады.

Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан кубогының ширек финалында Шымкентте «Ордабасымен» қиын кездесу болды. Содан ес жиып үлгермедік. Оның үстіне, бізде футболшы саны аз. Қосалқы құрамда санаулы ғана адам бар. Жарақат алғандары қаншама. Сол себепті алғашқы 20 минутқа ойынға кіре алмай жүрдік. Тек екі гол кірген соң, еңсемізді тіктедік. Біріншісі, стандарттан, екіншісі енді Абат Айымбетовтің жеке шеберлігі деп бағалауға болады, - дейді «Қызылжар» бапкері Әли Әлиев.

ҚПЛ: «Қызылжар» үшінші орынға сырғып, «Астана» көш бастады

Ол екі голдан соң, команда бір-бірін, өзінің қойған тапсырмасын түсіне бастады деп отыр. «Қызылжар» команда ретінде өсіп келеді деп айтты.

 Жігіттерге матчтан кейін рахметімді айттым. Егер барлық детальдарға мән беріп, 90 минут бойы концентрацияны жоғалтпаса, жақсы нәтиже күтуге боладыМысалы, Томасовты матч бойы тырп еткізбедік, бірақ 95-минутта жіберіп алдық. Сосын тағы бір мәселе, Қызылжар» қазақ футболшыларын дамытпай жатыр деген әңгіме бар. Дәл қазір Виктор Зябко сияқты футболшыны Томасовқа қарсы ойнатқан «Қызылжардан» басқа қандай клуб бар?Біз топ-командалармен ойнауға дайынбыз. Бүгін соны көрсете алдық. Енді үйімізге басымызды тік көтеріп бара аламыз. Өкініштісі, әзірге жекелеген сәттерде шеберлік жетіспей жатыр. Төрешілерге де сұрағым бар, Чиканчи соққан үшінші голды VAR-дан қараған дұрыс еді. Әйтпесе офсайд болған жоқ.Жалпы алғанда, командаға рахмет. «Астана» секілді қарсыластан 0:2 есебімен ұтылып жатып, таразы басын теңестіру оңай емес. Әлбетте, «Астана» мұндай сәтте қарсыласты одан сайын «сындырып», есепті ұлғайтып тастайтын. Бүгін қолдарынан келген жоқ, - дейді «Қызылжар» командасының бас бапкері.

«Жетісу» мен «Ақсудың» бапкерлері сенімді ақтамай тұр

«Жетісу» (Талдықорған) – «Атырау» (Атырау) –  0:3
Голдар: 
Козлов, 5 (0:1). Эффионг, 24 (0:2). Стасевич, 58 (0:3).

«Жетісу» бапкер ауыстырғанымен, нәтиже болмай жатыр. Тәжірибелі бапкер Асқар Қожабергенов командан ойын жүйесін реттей алмаған. Бұл матчта «Атырау» бір бас жоғары өнер көрсетті. Команда қарсыласқа еш мүмкіндік берген жоқ. Қатарынан үш гол соғып, ойын тағдырын ерте шешіп тастады.

Өз алаңымызда осылай ірі есеппен жеңілген соң, бірдеңе айту қиын. Қақпамызға жылдам гол жіберіп алдық. Екінші таймда белсенділік танытып, жақсы бастап едік. Бірақ тағы да қарымта шабуылдан есе жібердік. Енді қателікпен жұмыс істейміз. Келесі ойынға дайындаламыз, - дейді «Жетісу» бапкері Асқар Қожабергенов.

 «Шахтер»  (Қарағанды) –  «Ақсу» (Павлодар) 2:1
Гол
дарСвиридов, 44 (1:0). Марат, 45+3 (1:1). Галкин, 90+1 (2:1).

Пенальти сала алмады: Тұрлыбек, 27 (қақпа бағаны).

«Ақсу» клубы жаңа бапкерімен үпай ала алмай жүр. Әрине, Вахид Масудов шәкірттері мұндай жеңіліске лайықты бол дей алмаймыз. Бірақ команда өз мүмкіндігін пайдалануы керек. Осы жағынан керекуліктер кемшін түсіп тұр. Тіпті, пенальти сала алмады. Ал «Шахтер» өз мүмкіндігін мүлт жібермеді.

ҚПЛ: «Қызылжар» үшінші орынға сырғып, «Астана» көш бастады

Шынын айту керек, біз бүгін нашар матч өткізбедік. Жігіттерге ренішім жоқ. Олар бар күштерін салды. Әзірге кейбір тұста шеберлік жетіспей жатыр. Команда қимыл жағынан өсіп келеді. Өкініштісі, қорғаныста болмайтын қателік жіберіп, өз мүмкіндігімізді пайдалана алмай жүрміз, - деді «Ақсу» клубының бас бапкері Вахид Масудов.

Ал «Шахтер» бапкері жанкүйерлерін жеңіспен құттықтады. Өте қиын кездесу болғанын айтты.

Ойын екі команда үшін принцип тұрғысынан маңызды еді. Өйткені турнир кестесінде жобалас келе жатырмыз. «Ақсудың» құрамында деңгейі жоғары футболшылар жетерлік. Команданы Вахид Масудов жаттықтырып бастады. Ол кризис-менеджер. Сондықтан осындай матчта жеңіске жеткенімізге қуаныштымын, - деді Игорь Солошенко.


Алматыдағы матч сенсациялық нәтижемен аяқталды

«Қайрат» (Алматы)  –  «Қайсар» (Қызылорда) –  0:3
Голдар: 
Оливейра, 10 (0:1). Бородин, 24-пенальтиден (0:2). Бородин, 45+3-пенальтиден (0:3).

Алматының «Қайраты» осыған дейін «Астана», «Тобыл», «Ақтөбе» командаларын жеңіп, жүлдеге таласудан үмітті екенін байқатқан. Бірақ 10-турда күтпеген жерден өз алаңында Қызылорданың «Қайсарынан» оңбай ұтылды.

Мұндай матчтарда қалай ойнау керегін білетін Виктор Кумыков тактикалық тұрғыда сауатты жоспар құрған. «Қайсар» бірінші таймда-ақ мәселені шешті. «Қайрат» қанша тырысқанымен, қолдарынан ештеңе келген жоқ. Қорытынды есеп – 0:3.

Бүгін біздің мақсатымыз ұпай алу болатын. Екі команда да жақсы ойын көрсетті. Алаңда аянып қалған жоқ. «Қайсар» футболшылары жасанды алаңда өнер көрсетеді. Сондықтан табиғи алаңға бейімделу оңайға соқпады.  Әрине, ойынның есебі көпшілік күтпегендей аяқталды. Бірақ футбол. Сонысымен де қызық, - деді «Қайсар» бапкері Виктор Кумыков.

 «Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Каспий» (Ақтау) – 0:0
Алаңнан қуылды:
 Коцев, 87.

Чемпиондықтан үмітті команданың бірі «Ақтөбе» соңғы кездері жанкүйерлерін қуанта алмай жүр. Осының алдында Алматыда «Қайраттан» жеңілген. Бұл жолы өз алаңында Ақтаудың «Каспийдің» қақпасынан саңылау таппады. Матч 0:0 есебіиен аяқталды. Ойын соңына қарай, қарыластың бір футболшысы қуылды. Андрей Карпович шәкірттері мұндай мүмкіндікті де пайдалана алмады. Беларусь қақпашысы Максим Плотников сенімді тұрды.

ҚПЛ: «Қызылжар» үшінші орынға сырғып, «Астана» көш бастады

Қызықты матч. Бірінші таймда «Ақтөбе» басым болды. Екінші кезеңде біз өз деңгейімізді көрсеттік. Команда тізгінін ұстаған бес матчтың барлығында жігіттер тапсырмамды бұлжытпай орындап жүр. Бүгін де солай болды. Сырт алаңдағы бір ұпай  алуымыз өте маңызды. «Ақтөбе» фаворит еді. Тең нәтиже де жаман емес. Ақтөбе қаласының қонақжайлығына рахмет айтамын. Керемет футбол атмосферацсына куә болдық, - деді «Каспий» бапкері Игор Ангеловски. 

«Ордабасы» (Шымкент) –«Оқжетпес» (Көкшетау) – 1:0
Гол:
 Ауро, 32 (1:0).

Басты бәсекелестері ұпай жоғалтып жатқанда Шымкентте «Ордабасы» үш ұпай алуға тиіс еді. Команда Көкшетаудан келген «Оқжетпеспен» кездесті. Бұл ойында бразилиялық қорғаушы Ауро соққан гол алаң иелеріне жеңіс сыйлады.

Болжағанымыздай, ойын қиынға соқты. Шабуылда жоспарлағанымыздың бәрі бірдей бола бермеді. Дегенмен, жігіттер жарады. Соңына дейін тағы гол соғуға тырыстық. Бұйырғаны бір гол. Бастысы, үш ұпай. Қарсылас қорғаныста сауатты ойнады, - дейді ойыннан кейін «Ордабасы» бапкері Александр Седнев.

Турнир кестесінде бірінші орында «Астана»  орналасқан. Олар 11 матчта 25 ұпай жинаған. Екінші орындағы «Ордабасының» бір ойыны кем. Шымкент командасы 10 матчта 23 ұпайға ие болған. Үздікті үштікте «Қызылжар» бар.

ҚПЛ: «Қызылжар» үшінші орынға сырғып, «Астана» көш бастады

Бомбардирлер:

8 – Жоао Пауло («Қайрат») 

6 – Тағыберген («Ордабасы»)

5 – Шушеначев («Қайрат»), Козлов («Атырау»)  

4 – Самородов, Кенесов (екеуі де – «Ақтөбе»), И.Сергеев («Тобыл»), Т.Сильва («Ақсу»), Абдихоликов («Ордабасы»), Айымбетов («Астана»), Витор Родригес («Қызылжар»), Бородин («Қайсар»)      

3 – Совпель («Қайсар»), Тұрлыбек («Ақсу»), Димитров («Оқжетпес»), Панцулая («Каспий»), Аветисян («Мақтаарал»), Эффионг («Атырау»), Свиридов («Шахтёр»), Чесноков («Тобыл»)             

Ассистенттер:

4 – Тагыберген («Ордабасы»), Крачковский («Кайрат»), Томасов («Астана»)

3 – Айымбетов («Астана»), Филипович, Сантана, Умаев (бәрі де – «Ақтөбе»), Балтабеков («Жетісу»), Жұмаханов («Оқжетпес»), Швырев, Жоао Пауло (екеуі де – «Қайрат»)       

Гол+пас бойынша үздіктер

11 – Жоао Пауло («Қайрат», 8+3)

10 – Тағыберген («Ордабасы», 6+4)  

7 – Айымбетов («Астана», 4+3)

6 – Козлов («Атырау», 5+1), Самородов («Ақтөбе», 4+2), Т.Сильва («Ақсу», 4+2), Абдихоликов («Ордабасы», 4+2), Томасов («Астана», 2+4)

5 – Шушеначев («Қайрат», 5+0), Витор Родригес («Қызылжар», 4+1), Бородин («Қайсар», 4+1), Совпель («Қайсар», 3+2), Филипович («Ақтөбе», 2+3), Сантана («Ақтөбе», 2+3)  

4 – И.Сергеев («Тобыл», 4+0), Кеңесов («Ақтөбе», 4+0), Панцулая («Каспий», 3+1), Эффионг («Атырау», 3+1), Чесноков («Тобыл», 3+1), Бриджидо («Каспий», 2+2), Стасевич («Атырау», 2+2), Чогадзе («Шахтёр», 2+2), Умаев («Ақтөбе», 1+3), Швырев («Қайрат», 1+3), Крачковский («Қайрат», 0+4).

ҚПЛ: «Қызылжар» үшінші орынға сырғып, «Астана» көш бастады

10-турда ең көп көрермен жинаған матчтар:

  1. «Ордабасы» – «Окжетпес» (1:0) – 22 168 көрермен;
  2. «Қайрат» – «Қайсар» (0:3) – 6 758;
  3. «Астана» – «Қызылжар» (3:2) – 6 500;
  4. «Шахтёр» – «Ақсу» (2:1) – 5 000;
  5. «Актобе» – «Каспий» (0:0) – 3 000;
  6. «Жетісу» – «Атырау» (0:3) – 2 000;
  7. «Тобыл» – «Мақтаарал» (1:0) – 1 600.

Енді премьер-лиганың 11-турында «Ақсу» мен «Жетісу», «Каспий» мен «Шахтер», «Мақтаарал» мен «Қайрат», «Оқжетпес» пен «Тобыл», «Қызылжар» мен «Ордабасы», «Атырау» мен «Астана», «Қайсар» мен «Ақтөбе» кездеседі.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға