Жаңалықтар

Қостанайда есірткі саудасымен айналысқан студенттер ұсталды

Қостанайда есірткі саудасымен айналысқан студенттер ұсталды
Фото: polisia.kz 25.01.2023 14:06 999

Қостанайлық полицейлер есірткі сатумен айналысқан колледж студенттерін ұстады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Полицияның хабарлауынша, есірткіні жасырын жерлерде тарату жазасы ауыр. Қылмыс анықталған жағдайда қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Қостанай қаласындағы колледждердің бірінің студенттерін ұстады. Олар есірткіні үйлердің кіреберісіне, оның ішінде пошта жәшіктеріне тығып қойған. Бұл қылмыстық әрекетте үш студент қыз да есірткі таратып жүрген сәтінен ұсталды», дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Дүйсембай Байбұсынов.

Тінту кезінде студенттерден ақ түсті ұнтақ заты бар 50 бума тәркіленді. Кейін жалдамалы пәтерді тінту кезінде 192 грамм синтетикалық «мефедрон» есірткі заты табылып, тәркіленді. Бұл департаментте анықталғандай, өте үлкен мөлшер. Қазіргі уақытта күдіктілер ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында 23 жастағы күдікті ұсталды, оның да осы қылмыстық әрекетке қатысы бар. Тінту кезінде одан жалпы салмағы 20,08 грамм болатын есірткі психотроптық заты тәркіленді. Ұсталған адам қамауға алынды», деп жалғастырды полиция полковнигі.

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға